Енді мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз сырттан маман іздемейді, арбасының ақауы бар бөлшектерін басқа жаққа жөндетіп, уақытын жоғалтпайды. Жаңадан ашылған қызмет көрсету орталығы қажет нәрсенің бәрін тегін жасайды. Егер жөндеу уақыты созылатын болса, орнына уақытша басқа арба береді.
Сервистік орталықтың жыл сайын 300-ге дейін мүгедектер арбасын жөндей алатын мүмкіндігі бар. Орталыққа жүгінген жандардың арбасының кінәратын не себептен екенін анықтап, бірден жөндеумен айналысады. Шеберханада арбаның орындығын жаңалау, дөңгелегін ауыстыру секілді қосымша қызметтерін пайдалануға болады. Онымен қоса, осындағы мамандар арбаны қалай дұрыс пайдалану керектігін, оның күтімін үйретеді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбалар – мобильді болуға мүмкіндік беретін жалғыз көлік құралы. Егер ол бұзылса, айтарлықтай қиындыққа тап боламыз. Бұрын арбамның бұзылған бөлшектерін жөндету үшін Ресейге жіберетінмін. Оның жөндеуі бар, барып келуі бар, біраз уақыт алатын. Кәдімгідей қиналып қалатын едім. Ал ұсақ-түйек жөндейтін шаруалары болса, дәнекерлеушілерге, шиномонтаждағы қызметкерлерге жүгінетін едік. Көбісі жөндеуге келіспейтін. Өйткені бүлдіріп аламыз деп алаңдайтын. Өткен жылы мүгедектігі бар адамдардың атынан аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа қалада сервистік орталық ашуды өтінген болатынмын. Міне, біздің өтінішімізге құлақ түрді. Енді біз мұнда арбамызды жөндетуге келеміз, я болмаса шеберді үйге шақыра аламыз, – дейді облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев.
Жаңа орталықта 12 адам қызмет көрсетеді. Оның сегізі – мүмкіндігі шектеулі жандар.
– Қызмет көрсету орталығында мүгедектігі бар адамдар арбасыз қалудың қандай болатынын өз басынан өткерген, мүмкіндігі шектеулі шеберлер жұмыс істейтін болады. Біз барлығы 12 адамды жинадық, оның сегізі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуден бөлек, бізде арбаны дұрыс таңдау қызметі де бар. Сонымен қоса мамандарымыз қажет болған жағдайда келушілерге цифрлық қызметтерді алуға көмектеседі. Бұл – біздің екінші филиалымыз. Алғашқысын сегіз жыл бұрын Астанада ашқанбыз. Ондағы жұмыс өте жақсы жүріп жатыр, – дейді «ДОС» Тәуелсіз өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дина Есілдинова.
Орталықтың ашылу салтанатында бірлестіктің құрылтайшылары параармрестлингтен әлем чемпионы Никита Ермаковқа және ерекше баланың анасы Гүлизар Ахметоваға заманауи мүгедектер арбасын тарту етті.
– Мен жалғызбасты анамын. Батыр есімді 12 жастағы ұлымды тәрбиелеп отырмын. Бала кезінен сал ауруымен ауырады. Жақында біздің кіреберісте тұрған қымбат арбамызды қиратып кетті. Мен бұл жөнінде әлеуметтік желіге жазған едім. Сонда көптеген жақсы адам қолұшын созуға дайын екенін білдірді. Жақсылығын жария еткісі келмеген бір жомарт жүрек ағамыз серуендеуге арналған жаңа арба сыйлаған. Міне, енді қоғамдық бірлестік бізге үй ішінде жүретін бір арба сыйлап, қуантып жатыр, – дейді Гүлизар Ахметова.
Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар енді астындағы арбаларын алыстан жөндетпейтін болды. Әрі керек-жарағына осы бір орталықтың көмегімен қол жеткізе алады. Бұл да болса инваорталықтың орасан игілігі дер едік.
Қарағанды облысы