Құқық • 18 Маусым, 2024

Қуатты адвокатура – заң деңгейін көрсететін шарт

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен Президенттік орталық бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел басында адвокаттық қызмет пен заңгерлік көмек туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қуатты адвокатура – заң деңгейін көрсететін шарт

Фото:1prof.by

Дөңгелек үстел жұмысына Сенат депутаты Амангелді Толамисов, Консти­туция­лық соттың судьясы Айжан Жат­қан­баева, Республикалық адвокаттар алқа­сы­ның ғылыми-консультативтік кеңе­сінің төрағасы Сергей Сизинцев, Қазақстанның заң консультанттары Республикалық алқасының төрағасы Серік Ақылбай қатысты.

Іс-шараны ашқан ПІБ жанындағы Парламентаризм институты директо­ры­ның орынбасары Берік Бекжанов бұл іс-шара адвокаттық қызмет пен заң­гер­лік көмек туралы заңнаманы жетіл­діру бо­йынша үлкен жұмыстың бастауы ­болатынына сенім білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында «Күшті және тәуелсіз адвокатурасыз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес», деп атап өткені белгілі. Депутаттардың бастамасымен іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қыз­мет пен заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері жөніндегі заң жобасы қазіргі уақытта Мәжілісте қарауда жатыр.

Заң жобасының бастамашысы болған депутаттардың пікірінше, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар адвокаттар мен заң консультанттары қызметі­нің тәуелсіздігінің тиісті кепілдіктерін жасауға, азаматтарға жоғары сапалы заң көмегін көрсетуге, адвокаттардың іс жүргізу өкілеттіктерін кеңейтуге және адвокаттық тәжірибенің кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дөңгелек үстел басында адвокаттың процессуалдық өкілеттіктерін кеңейту, заң­герлік тәжірибеге кепілдік беріп, ад­вокаттың қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік туралы нормаларды қайта қарау, мемлекет кепілдік бер­ген заң қызметін көрсету, кәсіпке «кіру» және өкілеттіктерін тоқтату, адвокаттық және заңгерлік көмекті ұйым­дастырып, клиент­термен қарым-қатынас бағыттары, адвокатура қыз­ме­тін ұйымдастыруды күшейту, тәртіп­тік жауапкершілік негіздері секілді мәсе­лелер талқыланды.

Айта кетейік, отырысқа онлайн режімде ТМД елдерінен де заңгер­лер, атап айтқанда, Әзербайжан Респуб­ли­касы адвокаттар алқасының төраға­сы Анар Багиров, Қырғыз Республика­сы адвокаттар алқасы адвокаттар кеңесі­нің мүшесі Айжан Қадырова, Тәжікстан Республикасы Заңгерлер ода­ғының төр­ағасы Алишер Хайдаров, т.б. қатысты.