20 Қаңтар, 2015

Ғасыр жасаған жауынгер

459 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
женис-70Сабырғали Күсенов ата бүгін 100-ге толып отыр Үй төрінен маңдайы жарқырап, жүзінен нұр төгілген, қоларба көмегімен қозғалса да өзі отырып-тұрған, сөзі ширақ, көңіл шуағы бірден баурарлық кісі көрінді. Сырттай білуіміз бар, бірақ жүз­бе-жүз көруіміз бірінші рет бол­ғандықтан қарияның осынша жастағы осындай қалпы қай­ран еткені рас. «Баталы батыр арымас» дегендей, омырауы ордендер мен медальдарға толы атаның бүгілмеген, үгілмеген бейнесі сүйсінтті. Қаншама жыл жылжыса да соғыстың басынан аяғына дейін кешілген майдан жолдарының әр ізін ұмытпай, шешіле сыр шертуінен жадының мықтылығы да байқалмай қалмаған еді. Ғасырлық ғұмырындағы ұзақ сапарда қияметтен қиын бел-белестерден сүрінбей өтіп, атақ-абыройын жоғалтпаған, қайта абыздығы одан сайын асып, жарас­қан жан қазағымыздың қарттары осындайлық екеніне мақтан тудырып, әңгімелеуге әсерленгенімізді айтпай кете алмаймыз. IMG_1255Осы күні соғыс ардагерлері туралы жиі жазылып жатыр. Бақсақ, әлі де көпшілікке онша­лықты таны­ла қоймағандары аз емес сияқты. Со­лардың бірі – Сабырғали Күсенов ата­мыз десек, қателеспейтініміз анық. Оның майдан жолының бір ерекшелік тарихы, өмірі әлемді лаулаған өрт өршіместен бұрын-ақ Қызыл әскер қатарына шақырылудан бастап, 7 жыл бойында от пен оқ ортасында өтеді. Батыс Қазақстан облысының Орда ауданындағы Бейсен ауылынан міндетті әскери борышын өтеуге жіберілген жігіттің содан қолынан қаруы түспей, ақы­рына дейін жаумен жан алысып, жан берісіп шайқасатындығы қаперіне қайдан келсін. Қантөгіс басталғанда 10 күндік демалыста елде жүрген жау­ынгер Гродно қаласы түбіндегі ауыр артиллериялы өз полкын іздеп табуға дереу аттанады. Алайда, басқыншылар өршелене ұмтылуынан Минскіге бей-берекет шегінген әскерлердің басын біріктерген топқа тап болып, зенитшілер полкына бекітіледі. Ол кезде жалындаған 24-тегі жау­ынгердің алғашқы ашық ай­қас­қа түскен жері Могилев қа­ласы маңы болады. Екі апта бойғы кескілескен ұрыстарда генерал Романов бас­қаруындағы 172-ші атқыштар дивизиясы құра­мындағы 518-ші зенитшілер полкы ентелеген танктер мен үсті-үстіне шүйілген ұшақ­тарға тойтарыс беріп, шабуыл мақсаты мен мерзімін кешеуілдетеді. Соның бел ортасындағы күндіз-түнгі толассыз шайқастардың бірінде ауыр жараланып, тез қатарға қосылудан соң шеңбері 57 миллиметрлі зеңбірегін қай­та сүйретіп, снарядтар жаудырып, Мәскеу қорғанысынан ұласқан әйгілі шабуылға қатысады. – Аспан мен жердің арасы құлақ тұншықтырған гүрілдеген үндерге толып, таптап өтуге дайын дүлей танктердің аузынан бұрқылдаған ажал отына төтеп, қара түтін мен топырақ тұмшалаған айнала астан-кестенде нысананы дәлдікпен атып, төніп келген тажалдың талай қыл көпірінен өттік қой, қарағым. Сен жоймасаң, жау жоятын, не өлім, не өмір қиян-кескіде елімнің алдындағы азаматтық парызыма берік бола білдім. Қаншама қаруластарым қаза тапты. Жап-жас бейнелері, жүрек жұтқан ерлік қимылдары көз алдымнан кетпейді, – деген ақсақалға сол бір соғысты еске алудың өзі оңайға соқпастай екенін жанарларына жас іркіліп отыруы сездірді. Офицерлердің бұйрығын бұл­жытпай орындауымен ғана емес, кейбірі оққа ұшқан қысылшаң шақтарда орнын жоқтатпау қабі­летімен көзге түсуші қатардағы зеңбірекші Күсенов жауынгерлік жолына Батыс майданының кіші командирлер даярлайтын курсына жіберіліп, оқуы үлкен өзгеріс жасайды. Осында біліктілік пен шеберлік жетілдіріп жүргенде бірінші «Қызыл Жұлдыз» ордені кеудесіне тағылады. Бұл 1941-1942-жылдардағы аса маңызды айқастардағы ерлігі үшін берілгенін қарт, әсіресе, қатты құрмет тұтады. Майданға кіші лейтенант әрі ор­денді болып оралған, талай сынақта шыңдалған, қай­раты қайралған жігіттің 10-шы гвар­диялық армия құра­мындағы 225-ші гвардиялық атқыштар полкының миномет батарея­сының взвод командирі болып тағайындалуы майдандық өміріндегі елеулі белеске айналады. Смоленск, Брянск, Рига қалаларын, Балтық бойындағы елдерді азат етудегі же­ке басының ерлік әрекеттері мен коман­дирлік ұйымдастырушылығы жоғары бағаланып, екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Кейіннен аталған орденнің үшіншісі де төсінде жарқырайды. Жеңіс күнін алдыңғы шепте, аға лейтенант шенінде қарсы алған ауылдағы кешегі есепші, енді білдей бір жас офицер әскери қызметінен қол үзе қоймай, туған елінің шекарасында – Ашғабадта, кейін Германияда 1946 жылға дейін зеңбірекшілер бөлімшесін басқарады. Сол жылдың аяғында 7 жылға созылған жауынгерлік жолды аяқтап, бейбіт күндегі қызметін де әскерилік тәртіптегі буынмен жалғастырып, өрт сөндіру ісіне арнайды. Осы салада 40 жыл табан аудармастан еткен мінсіз еңбек ізбасарларына үлгі. Салтанатты жиындарда иығында полковниктің үш жұлдызшасы айшықталған 100-дегі қарияға түрегеліп қол шапалақтанып жатуы соған айғақ. Сабырғали атаның кеудесінде жоғарыда атағанымыздай, үш « Қызыл Жұлдыз» орденімен бірге, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырайды. Құр­метті демалысқа шыққанға дейінгі ұзақ жылдағы адал қызметі үшін алған марапаттары және қаншама. Шаңырағы биіктігіне, ұрпағы шаттығына да қуанышы мол. Төрт қызының бәрі өз ортасына өнегелі жандар. Күләші мен Әсиясы ғы­лым кандидаттары. Әлиясы Астананы әсемдеуші құрылыс инженері. Сарасы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкері. Өмірден ерте қайтқан жан жары Гүлбаршын екеуінен өрбіген 9 немересі мен 13 шөбересі осындайлық бабалары барын, орталарында екенін мақтаныш тұтады. Бұл күнде Сараның ая­лы қамқорлығындағы қария Жара­тушының сыйлаған жасына, тағдыр бақытына тәубе етеді. «Бүгінгі арманым – арғы дүниеге аттанғанша парасаттан айырылмай, ұрпақтарыма ақылды ата, қасиетті баба бола білуден айнымау», дейді абыз қарт. 100-дегі кісінің бұл білікті сөзіне не қосарсыз. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.