Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін көбейту, оның көлемін 70 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау бағытындағы жұмыс өрістеп жатыр. Әсіресе терең өңдеуді дамыту қолға алынған. Осы арада кәсіпорынның өсіп-өркендеу жолдары туралы айта кетуге болады.
Макинск қаласының іргесінде елімізде теңдесі жоқ құс фабрикасы салынатыны туралы хабарды ел қуанышпен қабылдаған еді. Ірі инвестициялық жоба бәсекелестікті дамытып, отандық азық-түлік өнімдерін молайтуды мақсат тұтты. Ең бастысы, өнеркәсіпті даңғыл жолға түсіруге әжептәуір әсер етті. Жергілікті бюджетке мол қаражат құйылған соң әлеуметтік-тұрмыстық саланың да шырайы кіріп сала берді. Нақты айтқанда, ауқымды жоба сәтімен сабақталғаннан кейін Макинск қаласындағы жұмыссыздық көп қысқарды. Тіпті жұмыс қолы жетпеуге айналды. Коммуналдық саланың тамырына қан жүгіріп, жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Қуатты кәсіпорын өз жұмысшыларымен бірге қала тұрғындарының да мұң-мұқтажына жеткілікті көңіл бөліп, көмек қолын созу арқылы халықтың алғысына бөленді.
Құс фабрикасының құрылысы 2015 жылы басталған болатын. Инвестициялық жобаның құны 45,6 миллиард теңгені құраған. Мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Шағын қала үшін бұл өте үлкен көрсеткіш еді. Жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды, тұрақты еңбекақы мөлшері де арта түсті. Ел үмітінің отын тұтатқан құс фабрикасы 2018 жылы пайдалануға беріліп, бірінші кезекте жылына 25 мың тонна құс етін шығаратын мүмкіндікпен жұмыс істеді. Фабрикада бір-бірімен құрамдасып, тамырлана байланысып жатқан бірнеше өндірістік нысан бар. Таратып айтатын болсақ, инкубатор, төрт бройлер алаңы, жиырмаға жуық құс қоралары. Осылардың барлығы тұтас бір кешенді құрайды. Құс етін өңдейтін зауыт та осында. Тағы бір аса маңызды цех – құс азығын дайындаумен айналысады. Жергілікті өлшеммен есептегенде 227 366,88 шаршы метр алаңды алып жатқан фабриканың мүмкіндігі мол.
Жобаға қатысушылар – отандық және шетелдік инвесторлар. Әдепкі бастамашысы – «Aitas KZ» акционерлік қоғамы. Қажетті қаржының жартысына жуығын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары – «Қазақстанның Даму Банкі», «Қазына Капитал менеджмент» АҚ бөлген. Кәсіпорын еліміздегі құс шаруашылығын дамыту бағытындағы ең көп қаржы салынған ірі жоба санатында. 2020 жылдың екінші жартысында жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылғаннан кейін құс етін өндіру көлемі жағынан Орта Азиядағы ең ірі кәсіпорынға айналды.
Тиімді тұсы аз емес. Өз өнімімізді молайтып, шетелдік осы тектес өнім көлемінің қысқаруына айтарлықтай ықпал етті. Осыдан төрт жыл бұрын импорт 50 пайызды құраса, екінші жоба іске қосылғаннан кейін 30 пайызға дейін азайды. Алғашқы бетте фабриканың сапалы өнімі Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарына, Астана қаласының сауда сөрелеріне шығарылды. Тұтынушылар тарапынан оң бағасын алып, сөреде жатып қалмайтын азыққа айналды. Аталған аймақтардағы құс етіне деген жалпы сұраныстың 60 пайызын қамтитын деңгейге жетті. Фабрика биоқауіпсіздік пен өндірістің экологиялық талаптарын сақтау мақсатында инкубациялық өндіріс, құс сою, ет-сүйек ұнын өндіру кезеңдерінде жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтарды пайдалана бастады. Түйіндей айтқанда, өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және ет өңдеу саласындағы бірқатар кәсіпорынды біріктіріп отыр. Қуатты жоба Астананың азық-түлік белдеуіндегі құс етінің молаюына да септігін тигізеді. Қазір астаналық тұтынушылардың сұранысын өтеп тұр.
Ең бастысы, табиғатқа тигізер залалы жоқ. Жоба қолға алынарда мамандар бұл мәселені егжей-тегжей зерттеп, жан-жақты ойластырған. Екінші кезектегі қуаты қолға алынғаннан кейін фабрика құс етін өндіру, өңдеу көлемі жағынан Орталық Азиядағы көшбасшы кәсіпорынға айналып шыға келді. Негізгі өнім – салқындатылған бройлер тауығының еті. Елдің ішкі нарығындағы сұранысты өтеу үшін әр жыл сайын өнім көлемін молайтып келеді. «Aitas» компаниялар тобының стратегиялық жоспарына сәйкес, өткен жылы құс фабрикасының өндірістік қуаты жаңа бір деңгейге көтерілді. Жылына 100 мың тонна сапалы құс етін өндіру межеленген болатын. Мақсатқа қол жеткізу үшін 100 миллион доллар көлемінде инвестиция құйылып, фабрика мүмкіндігі арта түсті.
Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі туралы да айта кетуге болар. Мәселен, әрбір жаңа оқу жылы қарсаңында өз жұмысшыларының балаларына көмек көрсетеді. Оқу жылы аяқталған кезде де әрбір оқушыға демалуға, денсаулықтарын түзетуге қаражат бөлінеді. «Мектепке жол» республикалық акциясы барысында жүзден аса жұмысшыға материалдық көмек көрсетілген.
Түйіндей айтқанда, құс фабрикасы шағын қаланың құтына айналды. Өзінің сапалы өнімдері арқылы халықтың дастарқанын тоғайтып отырған елеулі еңбекті атап кетсек, несі айып?
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы