Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді әзірлеуге қатысуын кеңейту міндеті қойылған болатын.
Аталған міндетке қол жеткізу мақсатында қазір ел Үкіметі құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасын әзірлеу үстінде. Ол қазіргі қолданыстағы «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы», сондай-ақ «Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуы туралы» бес заңды біріктірмек. Ал Парламентаризм институты құжатқа өзінің түзетулері мен ұсыныстарын дайындайды.
Дөңгелек үстелге қатысқан Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар атап өткендей, құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлеудің уақыты келді. Заңның қабылдануы халықтың құқықтық қорғалуын жақсартады және құқық қолдану тәжірибесін жеңілдетеді. Онда жауапты органдардың құзыреттері, салааралық үйлестіру тетіктері және құқық бұзушылықтардың алдын алу құралдары нақты жазылуы керек.
Парламентаризм институтының норма шығару жөніндегі атқарушы директоры Алмас Қанатов елдің қауіпсіздік деңгейі оның дамуының негізгі өлшемдерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, Президенттік орталық директорының орынбасары Серік Сыдықов, Парламентаризм институтының сарапшысы, заң ғылымдарының докторы Әлібек Темербеков, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің алдын алу қызметі басқармасының басшысы Руслан Қаржасбеков, «Астана» халықаралық университетінің доценті Ержан Жамбаев заң жобасының нормаларына қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша даярланған ұсынымдар одан әрі қарау үшін уәкілетті органдар мен Парламентке жіберіледі.