Жәдігер • 20 Маусым, 2024

Алтын оқалы қамзол

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 100 жылдық тарихы бар көне қамзол сақтаулы тұр. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары сайын даланы шарпып өткен кәмпескелеу науқанында кезінде Қарабалық өңіріндегі Сарыой болысын басқарған Бермұхамед Алдияровтың отбасынан алынған қызыл қамзолдың сыры кетсе де, сыны кете қоймағаны көрініп тұр.

Алтын оқалы қамзол

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында ауқатты әулет­тен шыққан әйел адамдар киген қымбат киімнің оқалы өрнегі мен сән-салтанаты кейінгі кезде халықаралық сән көр­мелерінің төрінен жиі көрініп, әлем жұртшылығын тамсандырып жүрген қазақтың сән киім­дерінің ешқайсысынан кем түспейтіні қайран қалдырады.

Қамзолды БК(б)П Қостанай губкомы бай­лардың мүлкін тәркілеу науқаны дүріл­деп тұрған 1928 жылы музейге тапсырған.

«Тұрмыстағы бай әйелдерге арналған мұндай жеңсіз сырт киімді мықыннан түсетіндей ұзын қылып барқыттан немесе атлас тәрізді қымбат матадан тіккен. Тұмар ретінде ойығын, қамзолдың төменгі қапталы мен етегін жібек немесе металл жіптермен зерлеген. Бұл қамзол қызыл барқыттан тігілген, сыртқы беті алтын жіптермен өсімдік түріндегі өрнектермен зерленіп, жылтырақтармен көмкерілген. Кеуде ойығы мен қалталары көк барқытпен, қамзолдың етегі – алтын оқалы таспамен көмкерілген. Астары мақта-мата кездемеден жасалған», дейді музей маманы Нәзима Оташева.

Бүгінде мұражайдың құнды жәдігер­лерінің бірінен саналатын алтын оқалы қамзолды 1994 жылы алматылық қол­өнер шебері Тұрсынкүл Жайлаубаева қалпына келтірген.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар