Бұл туралы солтүстікқазақстандық журналистерге АНК басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев мәлім етті.
«Фермерлерді қаржыландыруда бұрын-соңды болмаған жеңілдетілген тетіктер енгізілді. Біріншіден, қарыз алушылар үшін жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде болады. Бұған дейін фермерлер пайыздық мөлшерлемені қысқарту үшін және субсидия алу үшін жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы басқармаларына жүгінуге, жаңа міндеттемелерге қол қоюға, қаржының бөлінгенін күтуге мәжбүр болған. Бұл олардың қаржылық жағдайына кері әсер етіп келген. Енді мұндай әурешілік болмайды. Осыған қол жеткізу үшін корпорация тиісті мемлекеттік субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Соның арқасында фермерлер үшін барынша тиімді және ыңғайлы жағдайлар жасалды», деді.
Екіншіден, бұрын агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері несие алу үшін корпорацияға жүгінген кезде кепілдіктің жетіспеушілігі кесе-көлденеңдеп алдан шығушы еді. Бұл түйткілді ауыл шаруашылығы саласындағы барлық кәсіпкер мен қоғамдық ұйым көптен бері айтып келген. Енді мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігіне сәйкес фермерлер «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы алған қарыз сомасының 85%-на кепілдікті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан табатын болды. Осылайша, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті қарызды алған кезде шаруалар алатын несие сомасының 15%-ына ғана кепілдік қойса жеткілікті болады екен.
«Шаруаларды қолдауда қазір АНК басқа да жеңілдетілген тәсілдер қолданып отыр. Мысалы, өткен жылы астық егетін өңірлердің фермерлері қолайсыз ауа райынан зардап шекті. Бұл бірінші кезекте олардың қарызын өтеу мүмкіндігіне кері әсер етті. Осыған түсіністікпен қараған корпорация жалпы сомасы 58 млрд теңге болатын шаруалардың қарызын қайтаруды кейінге шегерді. Ал биыл Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен фермерлерді қолдау тапсырмасын орындау аясында АНК мен оның еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ клиенттер үшін төлемдерді кейінге шегеру шартын бекітті», деді ол.
Демек биылғы қарызға кестелер жасалып, олар 2025 жылдан бастап қаржыландыру мерзімінің соңына дейінгі төлемдерге теңдей бөлінеді екен. Ал 2024–2025 жылдары қарыз мерзімі аяқталатын жобалар қызмет бағытына байланысты 24 айға дейінгі мерзімге шегерілетін болыпты. Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккен фермерлерге несие төлемдерін кешіктіргендері үшін айыппұл мен өсімпұл салынбайды. Осының нәтижесінде бүгінде су тасқынынан зардап шеккен 64 фермердің 170 млн теңгеден астам сомадағы қарызы кейінге шегерілген.
Журналистер сауалына жауап берген АНК облыстық филиалының директоры Арман Салықов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Ербол Аяғанов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруды көбірек қамту үшін тікелей несие алуға болатын ұйымдардың тізімі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өңірлік инвестициялық орталықтармен толықтырылғанын атап өтті. Бұған дейін ол тізімге АНК мен кредиттік серіктестіктер және екінші деңгейлі банктер ғана кірген еді.
Солтүстік Қазақстан облысы