«Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, отставкадағы полиция полковнигі Ғабдрахым Меңдешев ең күрделі қылмыстық істерді ашуға қатысып, зейнетке шыққаннан кейін өз өмір жолынан «Профессия – сыщик» атты кітап жазып шығарды. Бұл еңбекті жас із кесушілер қылмыстық қайшылықтар мен шытырман оқиғаларды ашуда үлкен көмек құралы ретінде пайдаланып келеді.
Қылмыстық топтар мен әккі қылмыскерлерді қолға түсіру оңай емес екені белгілі. Қылмысты ашуда өз өмірін қатерге тігіп, түрлі қиындықты бастан өткерген полиция ардагерінің өмірі мен қызметі, қылмыстық істі ашудағы тәжірибесі осы сала мамандары үшін үлгі болуға лайық.
Аты аңызға айналған Ғабдрахым Меңдешұлы еңбек жолын 1963 жылы Алматы қаласы Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданы Ішкі істер басқармасының жедел уәкілі қызметінен бастап, 1996 жылы ІІМ Қылмысты іздестіру бас басқармасының басшысы қызметінен зейнетке шыққан.
Ғабдрахым Меңдешұлы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, кейін Мәскеуде КСРО ІІМ академиясында оқыды. Құқық қорғау саласындағы басқарушы мамандығын алғаннан кейін көлік милициясы басқармасы қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы болды. Мұнда теміржолдың тауар вагондарындағы ұрлық бойынша істерді тексеруге қатысты. 1979 жылы ІІМ министрі Меңдешевке Калинин (қазіргі Бостандық) ауданының ІІБ-ін басқаруды ұсынады. Құқықтық тәртіпті қорғау тұрғысынан ауданның жағдайы мәз емес, іздестіру деңгейі төмен еді. Қаншама қиындықты бастан өткерген Меңдешевтің еңбегі елеусіз қалмай, 1984 жылы ІІМ қылмыстық іздестіру басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
«Міндетім – қылмыстарды ашу, дәлелдерді іздеу және барлық материалдарды тергеушіге беру болды. Куәгерлермен сұхбаттасып, дәлел заттарды іздеумен айналыстым. Әрине, ақпарат берушілермен де жұмыс істедік. Ол кезде ішкі істер органдарына көмектесіп жұмыс істейтін азаматтар көп болатын», деп еске алады ағамыз.
Оның алғашқы әрі маңызды ісі таудағы демалыс орнындағы әйелдің өлімі болды. Өлген әйелдің жеке басын анықтауға оның жоғалып кеткені туралы туыстарынан арыздың түскенін күтеді. Бірақ полиция қызметкерлері тезірек қылмыскерді табу үшін ол туралы телеарнадан ақпарат беруге шешім қабылдайды. Бірақ олар әйелдің ауруханада жатқаны, дәрігерлерге әйелдің жеке басын анықтау үшін көмек керек екені туралы хабарлама жасап, қулыққа көшеді. Көп уақыт өтпей бөлімге бір әйел хабарласып, өлігі табылған әйелді білетіндігі туралы айтады. Жедел уәкіл Меңдешев дәрігер ретінде, әлгі әйелмен кездеседі. Әңгіме кезінде ол әйелдің үйінде кіші қайнысының жиі болатынын айтып қалады. Өлген әйелдің қайнысы ұсталып, қылмысын мойындайды. Осылайша, органдарда «комбинация» деп аталатын тәсілді қолдану арқылы қылмыскердің ізіне түскен. Кейінірек бұл әдісті жұмыс барысында қолданып, көптеген қылмыстың бетін ашады. Өз ісіне берілген, алдына келген істі соңына дейін жеткізбей қоймайтын Ғабдрахым Меңдешұлы өз өмірін қатерге тігіп, түрлі қауіпті операцияларға қатысқан. Ол тіпті қылмыскерлерді ұстау үшін пәтер ұрыларының тобына да кіргені бар.
Ғ.Меңдешев сол уақыттардағы көптеген атышулы істерді ашуға атсалысады. Сондай істердің бірі – 1982 жылы телеарна дикторы Бақытгүл Ходжанованың жоғалуы. Бұдан кейін де 1983 жылы бүкіл КСРО-ға танымал «Шакалдар» тобын ұстауға белсенді қатысады.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде, яғни желтоқсан айының 17-інен 18-іне қараған түні ішкі істер қызметкерлері бірнеше адамды ұстау «конвейерлік» тәсілмен жүргізілген.
– Шерушілердің белсенділерін қолға түсіріп, арнайы жылжымалы көліктерге қамады. Ұсталғандар арасында белгілі өнер қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов бар, ол кезде едәуір жасқа келген, басынан қан ағып тұрды. Оны ара-тұра театр сахнасы мен телеарнадан көргенім болмаса, таныстығым жоқ еді. Ұсталғандарды тиеп жатқан автобус жанына барып, басшысы лейтенант шеніндегі әскери адамға өзімді таныстырып, әлгі адамның еліміздің белгілі қайраткері екендігін айттым. Оны басқа көлікке отырғызып, жедел түрде медициналық көмек көрсетілуін сұрадым. Бұл әрекетім партияның қырағы көзінен тыс қалмады. Бірнеше күннен кейін Алматы облыстық партия комитетінің әкімшілік органдары бөліміне шақырып, түсініктеме жазуыма тура келді. Ал Әзірбайжан ағамызды ұлтшылдықпен айыптап, партиялық жаза қолданылды, кейінен оны ақтап шығарды», – дейді Ғабдрахым Меңдешұлы. – Мен алаңға марапат алайын деп барғаным жоқ. Қазаққа араша түскенім үшін басшылықтан босатты. Осы оқиғаға кінәлілерді табуға министрліктен арнайы топ құрылып, жедел топқа мені басшы етті. Бұйрық солай. Тергеу басқармасының басшысы, оның екі орынбасары, тіпті министр де орыс ұлтының өкілдері болатын. Сондықтан тергеу басында қазақ болуға тиіс. Қарамағымда 30 тергеуші бар барлық ұсталғандардың тізімін жасап, қалай және қандай жағдайда, қай күні ұсталғандарын анықтап, қандай жарақат алғандарын, құжаттарын барың, қандай құжаттама толтырғанға дейін тізімге алдым. Бірақ олардың ешқайсысы бірде-бір құжат толтырмағандығын, ұсталғандығы туралы хаттаманың жоқтығын анықтадық. Ұсталған адамға қажетті басты құжат жоқ болса, тергеу жүргізудің заңды күші болмайды. Биліктегілер бұған қатты абыржыды. Келесі күні Мәскеуден келген одақтық министрлігінің өкілі шақырып, тәрбие сағатын өткізді. Мен қалыптасқан жағдайды мәлімдегеннен кейін заңдылық норманы дұрыс байқаған болуы керек, 28 желтоқсанда жалпы басшылықтан босатты. Астыртын соттау осыдан кейін жедел жүргізілді.
1992 жылы Қызылорда облысында қамаудан қашқан қылмыскерлер «Сарыағаш» шипажайына қатынайтын автобусты басып алып, оның ішіндегі ем алуға бара жатқан үлкендер мен балаларды кепілдікке алады. Алғашында жергілікті полиция қызметкерлері өз күштерімен ұстамақ болған. Атыс болып, полиция аға лейтенанты мен бір қылмыскер қаза табады. Сонымен қатар екі сотталушы қолға түседі. Автобуста екі қылмыскер мен 11 жолаушы болғандықтан, шабуыл жасау адам өміріне қауіп төнетіндігін ескеріп, келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Қылмыскерлер Ташкентке дейін ұшақ талап еткен. Әрине, оны орындамаса болмайтын еді. Сол кезде «Альфа» жауынгерлері мен Ғ.Меңдешев бастаған топ ұшып жетеді. Жолаушыларды босату операциясы барысында тәжірибелі маман қылмыскерлермен келіссөз жүргізіп, оларды жою жоспарын құруға көмектесті. Операция нәтижесінде, Шымкент әуежайында екі қарақшының көзін құртып, кепілге алынғандардың барлығы тірі қалған.
Сол жылдары Алматыда жас студенттердің үрейін алған маньяк пайда болған. Ол сол кездегі ҚазМУ қалашығы аумағында қыздарды зорлап өлтіріп отырған. Барлығы жеті қыз маньяктың құрбаны болады. Сериялық өлтірушіні ұстау тобын Ғ.Мендешев басқарады. Кәсіби із кесушілерден құрылған топ, сот-дәрігерлік сараптама орталығының анықтамасы бойынша қанішердің қанымен сәйкес келетін адамдар картотекасын жасау барысында мыңдаған дәрігерлік құжатты тексеруге мәжбүр болған. Олар қылмыскерді алты ай бойы іздестіріп, ақырында қылмыскерден зәбір көрген бір қыз аман қалады. Бірақ оқиғаны көпшілікке жария еткісі келмегендіктен, полицияға бармайды. Студент қыздан кезекті жауап алудан кейін ол қылмыстық іздестіру қызметкерлеріне оқиғаның қалай болғанын айтып, маньякты сипаттап береді. Сипаттамаға сәйкес келетін күдікті де табылып, ең жоғары үкім – ату жазасына кесілген.
1992 жылы Ғ.Меңдешев Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Қарағанды металлургия комбинатының директоры Александр Свечинскийдің тапсырыспен өлтірілгендігін тергеді. Ол өз кәсіпорнының фойесінде шолақ мылтықпен атылған.
Тергеуші Ғ.Меңдешев қылмыстық істі ашу үшін құрамында 20 адам бар жеке жедел топ құрып, Свечинскийдің барлық байланысын тексеруге кіріседі. Ұсталған жүргізуші бастығының Свечинскийді өлтіруге адам табуды тапсырғанын айтып береді. КСРО тарағаннан кейін Литвамен қарым қатынас бұрынғыдай емес еді. Ғ.Меңдешев Беларусь Ішкі істер министрлігімен байланысып, солар арқылы Литва полициясымен байланысқа шығады. Литваға келген соң қылмыскерлердің жеке бастары анықталып, ұсталады. Литвалықтар азаматтарын беруден бас тартып, өз елдерінде соттайды, біреуін ату жазасына кеседі. Бізде тапсырыс берушіге жоғары жаза тағайындалып, жүргізуші Суров сотталады.
1994 жылы Ғабдрахым Меңдешев ішкі істер саласынан зейнетке шыққаннан кейін ірі отандық және шетелдік компанияларға қызмет көрсететін «Альфа-К» жеке күзет фирмасын ашты. Полиция ардагері күзетшілер мен оққағарларды өзін-өзі қорғау әдістеріне жаттықтырады.
Қабілет-қарымы, туа біткен тыңшылық дарыны арқасында күрделі қылмыстық істерді ашуда аты аңызға айналған Ғабдрахым Меңдешевтің ізін басып, ата жолын қуған немересі Еркін Меңдешев: «Бала кезімде атамның әңгімелерін жиі естідім, формасына қызыға қарадым, сол кезде-ақ болашағым шешілген болуы мүмкін. Мен полиция қызметкері болғаныма, атамның басын қатерге тігіп, халқы үшін аянбай еңбек еткені маған үлгі. Тергеу – ішкі істер органының жетекші қызметінің бірі. Қылмыс құрамы бойынша барлық әрекетті қорытындылайтын қызмет. Тергеушінің жұмысы өте жауапты, шындықты анықтау үшін айтарлықтай күш-жігерді, табандылықты қажет етеді. Кейде ақпараттың аздығынан, болған оқиғаның сұлбасын қалпына келтіру үшін оны біртіндеп жинай бастайсың. Бұл ең қиыны. Қағида, ақыл, теориялық білім, заңдарды дұрыс және сауатты қолдана білу маңызды», дейді.
Өткен жылы Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмысты іздестіру саласының аты аңызға айналған ізкесуші Ғабдрахым Меңдешевті І дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. «Бұл – жоғары марапат. Ол менің ғана еңбегім емес, әріптестерімнің де еңбегі ұшан-теңіз», дейді ардагер.
Тәртіп сақшыларының жұмысы уақытқа бағынбайды. Сол тұрғыда ел тыныштығы үшін тынымсыз қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қадағалап, төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қиюға дайын азаматтарға әрдайым қолдау көрсетілуі керек.