Фото: stan.kz
Астана қаласы Есіл аудандық полиция бөлімінің криминалисі Ринат Мұқышев Iphone маркалы телефон жоғалса қандай жағдайда қылмыстық іс қозғалатынын айтып берді.
«Iphone-ды кездейсоқ тауып алған адам сатып жіберсе, ол қылмысқа жатпайды. Егер қалтаңызға, сөмкеңізге арнайы қол сұғып ұрлаған жағдайда қылмыстық құрам бары белгілі. Мұндай жағдайда телефон иесі қаншалықты тез құзырлы органға шағымданса, соғұрлым мүлікті табу жеңілірек болады. Осындай мазмұндағы қоңырау түссе болжалды ұрланған, жоғалған орынға алғаш болып криминалистер аттанады. Олар сол маңдағы бейнебақылау камераларын қарап, тексеріп, айғақ заттарды табуға да күш салады. Жоғалған телефон дереу қылмыстық есепке қойылып, техникалық деректері жазылады. Сол арқылы Iphone-ның қай нүктеде сөндірілгенін, қандай мекенжайда қосылғанын анықтау мүмкіндігі туады. Ұрлық фактісі камера арқылы анықталса, күмәнді адамның фото-роботы Образ 3.0 құрылғысына салынып, ВИЗИРЬ аппараты арқылы айқындалады. Қолда бар деректер жедел уәкілге жолданып, ары қарайғы істі сол маман жүргізеді», деді криминалист Ринат Мұқышев.
Мамандар телефон иелерін түрлі әрекетке алдын ала дайындалып, қауіпсіздік шарасын сақтауға кеңес береді. Бұл қатарда телефонның бастапқы бетіне күрделі құпия сөз орнату, деректер жазылған қорапты сақтау, IMEI кодты білу сынды мәселелер бар.
«Жоғарыда атап өткенімдей біз азаматтардың телефон жоғалту, ұрлатуына қатысты барлық деректі қылмыстық есепке қоямыз. Бұл телефонды іздеу полиция тарапынан тоқтатылмайтынын аңғартады. Егер 1 жыл бұрын жоғалған смартфон қосылған жағдайда бізге дереу сигнал түседі. Ары қарай орынды анықтау шарасы қабылданады. Азаматтарға айтарым, ал егер телефонды тапқан, қолды қылған адам оны бөлшектеп «жөндеу жұмыстары үшін» сатып жіберсе табу процесі де қиындайды», деп түсіндірді криминалист.
Ал Apple шығарған смартфондарды ішкі баптауларына қарай табу процесіне келсек, «iPhone маркасында табу» функциясы бар. Оны алдын ала қосу керек. Қосылып тұрмаған жағдайда, iСloud-та авторизация жасап, https://icloud.com/find сайтына өту керек. Жүйеге Apple ID-мен кіреді. Соның ішінде «телефон жоғалды» деп белгілегеннен кейін смартфон бұғатталады, Apple Pay арқылы төлем жасалатын қосымшалар да автоматты түрде өшеді. Егер «iPhone-ды табу» функциясы өшіп тұрса, жеке мәліметтерді қорғау үшін шұғыл Apple ID құпиясөзін өзгерту керек.