2013 жылы қытай ғалымдарының идеясымен робот-жорналшы «Xiao Nan» жасалған. Ол 300 таңбадан тұратын жаңа жыл кезінде трафиктің жоғарылауы туралы жазбаны аяқтауға бір секунд жұмсаған. Мақаласы «Southern Metropolis Daily» газетінде шықты.
– Корреспонденттермен салыстырғанда, «Xiao Nan» көлемді мақалаларды тезірек жазады. Терең аналитикалық мақалалар немесе шолулар жасайды. Бірақ бұл роботтар жақын арада журналистерді алмастырады дегенді білдірмейді. Себебі құлтемірлер сұхбатты өз бетінше жүргізе алмайды, сұхбаттасушының сұрақтарына интуитивті түрде жауап бере алмайды. Мақаланың тақырыптарын өз бетінше таңдай алмайды. Дегенмен университет қызметкерлері «Southern Metropolis Daily» компаниясымен бірлесіп, БАҚ-та роботтарды пайдалану бойынша арнайы зертхана құру үшін жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта робот-тілшілер кемелдене түседі, – деді Бейжің университетінің профессоры Ван Сяоцзюнь.
Ал «The Los Angeles Times» басылымының робот-журналисі «Quakebot» 2014 жылы Колифорнияда болған жер сілкінісін 3 минутта-ақ жазып берген. Ал «Кен Швен» ақпаратты өңдемей-ақ алгоритм есімімен жариялаған. Робот 2 жыл көлемінде жұмыс жасайды. Орфографиялық қателіктердің болуына қарамастан, оның мақалалары өткір. Бүгінде робот-журналист 10 миллион адамы бар аумақты бақылауда ұстайды. Сонымен қатар қайтыс болған адамдардың, ұрлық-қарлықтың, қылмыстың санын есептеп, өзінің иесі, өнертапқыш әрі журналист Кен Швенге жібереді.
2014 жылы швед зерттеушісі Кристер Клирволл робот-журналистер жазған жаңалықтарды оқырман қалай қабылдайды деп талдау жүргізді. Ол Америкалық футбол матчы туралы мақаланың екі нұсқасын медиалық және коммуникациялық зерттеу факультетінің студенттеріне көрсетті. Эксперимент қатысушылары материалдарды журналист немесе роботтың дайындағанын анықтау керек. Мәтін ағылшын тілінде жазылды. Суреттер болмады. Қос мәтін – бірдей көлемде. Зерттеу нәтижесінде қатысушылар мақаланы кім жазғанын ажырата алмады. 27 респонденттен 10 қатысушы робот-журналист жасаған материалды адам жазды деп қателесті.
«Сыртым – құрыш,жүзім – болат, тасқа да салсаң майрылман» деген сөзді Ақтамберді жырау төрт ғасыр бұрын айтып еді. Робот-журналистер айтса да, жарасатындай-ақ екен.