Елімізде қанша киік барын анықтау жұмысын Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, «Охотзоопром «ӨБ» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, Зоология институты жүргізген.
«Есеп жүргізетін аймақтың ауқымдығына байланысты, жануарлар тек әуеден тікұшақ арқылы саналды. Санақ жылдағы бекітілген әдістемеге сай жүргізілді. Биыл бөкендердің негізгі шоғыры Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Абай облыстарында байқалған. Бетпақдала популяциясының негізгі үш тобы – Ырғыз, Торғай, Теңіз және шығыста кездесті», делінген мәліметте.
Санақ кезінде 45-тей адам жұмылдырылыпты. 215 сағаттық әуе санақ (былтырғыға қарағанда 15 сағат артық) 151 226 шаршы километр аумақты қамтыған.
Бастапқы дерек фотосуреттерге сәйкес түзетіліп, өңделгеннен кейінгі шыққан ақбөкен саны: Орал популяциясында 1 620 000 киік бар, Үстірт популяциясы – 63 600 бас, Бетпақдалада 1 150 000 бас киік болған. Мамандар 2016–2024 жыл аралығындағы өсімді де көрсеткен. Жалпы өсім – 48%.
Сонымен еліміздегі киіктердің саны 3 млн-ға жуықтады. Мұны бәзбіреулер көпсінгенімен, кейбір мамандар қалыпты деп бағалайды. Мәселен, былтыр Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) директоры Сергей Скляренкомен сөйлескенімізде, ол: «Бәрі заңмен реттелсе, қазақ жері 5 миллионға дейін киікті өргізуге өріс жетеді», деп айтқан еді.
Ғылымда «мамонттардың замандасы» саналатын, ал қазақтар ежелден кие тұтатын ақбөкендер – қазір әлемде жойылып бара жатқан жануардың қатарында тұр. Сондықтан оның өсу көрсеткішіне көз тіккен әлемдік экологтер және экологиялық ұйымдар қазақ елінің жануарлардың қорғауға арналып жүргізген саясаты мен ұстанымын жоғары бағалап отыр.
Әйткенмен, киіктердің көбейгеніне шаруалар шағымданып, ақыры біраз «реттелгені» белгілі. Мәселен, 2023 жылғы 13 қарашаға дейін жалпы 15 380 киік ауланғаны айтылды. Оның ішінде 3 954 киік (Ақмола облысында 10 киік, Батыс Қазақстан облысында 3 944 киік) арнайы қоршауға алынып ұсталса, ату арқылы 11 426 киік (Ақмола облысында 1 833, Қарағанды облысында 2 049, Қостанай облысында 1 479 және Батыс Қазақстан облысында 6065 бас) ауланған еді. Ал 2024 жылы елімізде киікті атуға тағы тыйым салынғаны ресми мәлімденді.