Облыстық радионың қызметкері Жандос үнемі мал шаруашылығы туралы жазады. Облыстық телевидениеде істейтін кезім. Жолсапарға бірге шығамыз. Бірде сол кездегі Ленинград ауданының қой шаруашылығына бардық. Кеңшар директорына жолығып, еңбегін елге таныстыруға лайықты озат шопанды анықтадық. Енді екеуіміз жазып алмақпыз. Ақсақал үйінде екен. Екеуіміз де микрофонымызды дайындап, екі жағынан сұрақты жаудырып жатырмыз.
– Малдың күйі жаман емес, – деген озат шопан, – қысқа жақсы түсті. Негізі малдың қысты көтеруі күзгі күйіне көп байланысты. Қора жылы, жемшөп алдында.
– Биыл жүз қойдан неше қозы алдыңыз? – деп сұрады әріптесім.
– Әрқайсынан үш келіден жүн қырықтым. Мен ісек бағамын ғой, – деді ақсақал.
Әңгіме қоздап жатыр. Ауыл-аймақтың, бота-тайлақтың жай-күйі дегендей. Әлден уақытта әріптесім манағы сауалын тағы қайталады.
– Ақсақал, әр қойдан үш келіден жүн қырыққаныңыз жақсы екен, ал жүзінен қанша қозы аласыз? – деді тақақтап әріптесім.
Сауалына күлкім келіп барады. Бірақ төтеннен қосылу ыңғайсыз. Жазып жатырмыз ғой.
Ақсақалдың онсыз да күреңіткен жүзі қарауытып кеткендей. Тісінің астынан сыздықтатып:
– Қалқам-ай, мен ісек бағамын ғой, – деді.
Одан арғы әңгіме кеңшардың малшыларға жасап жатқан қамқорлығы, жұмыс киімі, жалақысы, малшылар үйіндегі жағдай туралы өрбіді. Әлден уақытта алғашқы екі жауап құлағына кірмеген әріптесім, жабысып алған жалғыз сауалын тағы қоймасы бар ма?
– Қанша қозы аласыз?
Бұл жолы әуелі күреңіткен, кейін қарауытқан жүзі мүлде әлем-тапырақ болып кетті. Кейінгінің, оның ішінде жол біледі дейтін журналистің секті білмегені сезіміне әсер еткен шығар. Төтеден қиялап бір-ақ тартты. Түгел жазуға болмайды, әрине. Негізгі нобай былай.
– Атаңа нәлет, – деді ақсақал түтігіп. – Ісек еркек мал емес пе, одан қалай қозы аласың?
Өзіне де сол керек дедім мен, бірақ іштей айттым.
Көкшетау