Қоғам • 02 Шілде, 2024

Жолдың жыры бітер ме?

96 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы судың сүргіні көптеген проблеманы ұмыттырып, зардап шеккендерді құтқару мен оларды баспанамен қамтамасыз етуге көңіл аудартып, бір­қатар мәселелер кейінге ысырылып қалып еді. Әйтеуір бертінде ғана облыс басшылығы қала көшелерінің жолдарына назар аудара бастаған сияқты.

Жолдың жыры бітер ме?

Мәселен, Петропавлдағы Пуш­кин көшесі жартылай жабылып, жөндеу жүре бас­тады. Облыс басшысы Ғауез Нұр­мұ­хамбетов облыс орталығындағы Ла­зутин, Сүтішев, Болатбаев, «Зеленая» және «Алтын дала» көшелеріндегі жолдарды жөн­деу жұмысын тексеріп, олардың сапасын көрді. Өкінішке қарай, жұқа беті ғана сыдырылып, тегістелген соң жолдарға соншалықты қалыңдықпен асфальт төселеді. Мұның пайдасы шамалы, ауыр жүк машиналары өткенде олар қайтадан езіліп, шұқыршақтар пайда болады. Ал шұқыршаққа күзгі және көк­темдегі суық жаңбырда тұрып қалған су қатып, мұзға айналады да, шұңқырды бұзып, кеңіте береді. Сондықтан облыс әкімі жол жөндеудің сапасын арттыруды талап етті.

Жалпы, биыл Петропавл қаласында 53 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Оның ішінде 39-ында бұрын-соңды асфальт болмаған. Бұл көшелердің негізгі бөлігі «Жұмысшы кенті», Борки және Орман шағын ауданы сынды қаламыздың шеткергі аудандарында орналасқан. Облыс әкімі атқарылған жұмыстың сапасын қатаң қадағалап, жаз күндерін тиімді пайдалануды тапсырды. «Жолдарды сапалы жөндемеген мердігерлердің жұмысы қабылданбайды. Оны қоғам­дық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатыс­тырылған комиссия қабылдайтын болады», деп мердігерлерді ескертті.

Жалпы, 5 жыл ішінде Петропавлдағы барлық жолдарды қиыршық тас төсе­луден толық арылтып, асфальт төсен­дісіне ауыстыру жоспарланған. «Сон­дай-ақ қала басшылығы мен аудан әкімде­ріне қаңырап бос жатқан және қарау­сыз қалған ғимараттарды ретке кел­тіруді, меншік иелерімен қажетті жұмыс­тарды жүргізуді тапсырдым. Облыс орталығында қаланың көркін бұзатын ғимараттар болмауы керек», деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.

Мамандардың айтуына қарағанда, жолдардың тез бұзылатын басты себебі – асфальтың нормаға сәйкес болмай, жұқа төселуінен. Ұзақ жыл бойы жол саласында инженер қызметін атқарған Сәбит Есжановтың айтуына қарағанда, қазіргі ауыр салмақты жүк таситын көліктерге біздің жолдар технологиялық тұр­ғыдан сәйкес келмейді. «Қала ішін­дегі жолдар ғана емес, трассалардың өзінде кейбір ауыр жүктер таситын авто­көліктердің жүруіне тыйым салу кемшін. Қазіргі өз салмақтарымен қоса 40-50 тонналық жүк таситын автомобильдер, әсіресе жаз айларында жолды езіп, бұзып кетеді, соны бақылауды жетілдіру керек», дейді. Сонымен бірге ол біздегі негізгі жолдар өткен ғасырдың 1980-1990 жылдары салынғанын айтты. «Ол кездегі жолдың беку нормативі де төмен болатын. Тө­селген асфальттың қалыңдығы да стандарт бойынша 5 см ғана еді, қазір 7-ден төмен болмау керек. Сонымен бірге жолдарды әрбір

5 жыл сайын жаңғыртып, жөндеп отыру керек. Ал біз тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында, ондаған жыл бойы жолды жөндей алмай, барынша бұзып алдық, қазір соның азабын тар­тып отырмыз», деді ол. Сондай-ақ ол жол жөндеу мамандарының жетіс­пейтінін тілге тиек етті. Қазір жазда аптап ыстықта, қыста аязда, екінің бірі жол жөндеу жұмысына барғысы келе бер­мейді. Олардың еңбекақысы да мардымсыз. Қарап тұрсақ, бұл істің проблемасы шашетектен екен. Тиісті орын­дар ақшаны босқа шаша бермей, мәселені шешудің тиімді жолдарын жүйелегені дұрыс.

Солтүстік Қазақстан облысы