– Қазіргі кезең инновация мен технологияның дамыған заманы ғана емес, көптеген мәдениет тоғысқан, жаһанданған, ақпарат кемерінен асып тасқындаған заман. Бұл үдеріс төл мәдениетіміздің трансформацияға түсуіне, өзгеруіне де жылдам әсер етіп отырғаны белгілі. Бізде «шаңырақ» та өзгеріске ұшыраған құндылық. Бұлай дейтінім қазақ жерінде дәстүрлі үйшілік кәсіп жойылу алдында тұр. Бұрынғыдай киіз үй үшін ағаш шауып, көлеңкеде кептіріп, морға ағаш қыздырып, шаңырақ тоғыны кесіндісін су сеуіп киізге орап, қозға көміп, тезге салып иіп отырған «ағашшы дүкенін» (киіз үй шеберханасы) табу қиын. Үйшілер бүгінгі қазақ қолөнершілерінің арасында бар болғанымен, бір киіз үй жасауға кемі 300 тал шыбық кесу қажет. Қазіргі экожүйеде тал-ағаштың қорғалуымен байланысты кедергілер бар. Әрі біздегі урбанизацияның, бизнестің қарқынды дамуы, ауылдық жерге инновацияның дендеп енуі киіз үйдің дәстүрлі тұрмыстық қолданысын мүлде ығыстырып, темір бетон үйлер қолданысқа ене бастады.
– Үйшілікпен айналысатын шеберлер көп кездесе бермейтін тәрізді...
– Әрине, солай. Ертеде киіз үй жасаудың хас шеберін «шіліңгір» деп атаған. Дәстүрлі үйшіні, үйші дүкенін, шіліңгірді де Қарақалпақстандағы Шымбай қазақтарынан немесе Моңғолияның батысындағы Бай-Өлке, Қобда қазақтары арасынан табамыз. Моңғолияда киіз үй шебері қанша түп ағаш кессе, сонша түп ағаш егіп береді екен. Егер ағаш егіп бере алмаса, кескен ағашының құнын төлейді. Маңғыстау, Қызылқұм қазақтарының арасында қазақ үйдің киіз жабдығын жасайтын қолөнер шеберлері бар. Қазақ халқында «шаңырақтың қасиеттілігі» зауыттан шыққан темір үй емес, дәстүрлі баспанамен байланысты. Сондықтан биыл басталған «Шаңырақ күні» бастамасын қолдап, ағаш керегелі киіз үй соғатын шеберхана жұмысын жандандыру қажет. Ал ағаш кесуге белгілі бір лимит берілуге тиіс.
– Қазақта шаңыраққа деген құрмет көшпелі өмірде өзгеше болғаны белгілі. Көште шаңырақ артатын атан түйенің өзі бөлек еді. Яғни сакральді атрибуттардың бірі-тұғын. Қазір бұл ұмыт болып бара жатқан жоқ па?
– Қазақ жерінде шаңырақпен бірге жойылып кеткен дәстүрлер де бар. Ертеде көште шаңырақты ең жуас түйеге артқан, жолда түйе үркіп, шаңырақ шақпас үшін. Оны «шаңырақ түйе» деп атаған. «Шаңырақ түйе» ұғымы көшпелілікті ішінара сақтап қалған Алтай қазақтары арасында кездеседі. Қара шаңыраққа ие болатын ер азамат қалмаса, сол үйдің шаңырағын қайтыс болған ата-бабасының зиратына апарып қойған, бұл ғұрып қазір жойылды.
Шаңырақтың киесі киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі ретінде ғана емес, оның қасиеттілігі халық тілінде «үй», «баспана», «отбасы», «үй-іші» ұғымдарын білдіруімен де байланысты. Біз ежелден ата-әжеміз, әке-шешеміз тұрған үйді киіз үй болсын, жер үй болсын, «қара шаңырақ», «үлкен шаңырақ» дейміз. «Қара шаңырақ» қасиетті шаңырақ деген ұғымды береді. «Шаңыраққа қара» деп тыйым айту да қонған үйіңе құрметпен қара дегеннің белгісі. Қыстың күні киіз үйді жинап қойғанда шаңырақты қыстық баспананың төбесіне шығарып қоятын болған. Қазір де ауылдық жерде киіз үй шаңырағы үй төбесінде тұрғанын көреміз. Заман өзгерді десек те, әр өңірдің сақтап жеткізген ғұрпы бар. Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Т.Көмекбаев ауылы, Тұрмағамбет Ізтілеуов ауылы, Өзбекстанмен шекарада, Оңтүстік Қызылқұмда отырған Кекірелі, Шопанқазған ауылдарындағы қазақтар келін түсіру тойын жаз айына орайластырып, келінді киіз туырлықты «отау үйге» түсіреді.
Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұм қазақтары арасында «шаңырақ сәндеу» өзара бәсеке. Әр үйдің шаңырақ сәндеуі өз алдына бір ғажап. Шаңырақтың құрылымына байланысты дәстүрлі атауларды қазіргі жастарға насихаттау маңызды. Шаңырақтың шеңбері – тоғын, күмбездеп көтеріліп иілген ағашы – күлдіреуіш, уық қадау үшін ойылған тесіктері – көз немесе қаламдық. Шаңырақтың көзін немесе қаламдығын оятын құралды қаламтемір, көзеутемір деп атаған. Шаңырақтың қаламдығын күйдіру арқылы да теседі. Ол әдіс ағашты жарып алмау үшін қолданылған.
– Орынды сөз. Шаңырақтың күлдіреуіштерін бекіте түсу үшін кесе көлденең байланатын кесінді ағаштарды «бөгелек» деп атайды. Қазақтың «бөгелегі қураған» деп жазғыруы көне ой орам болып қалды, тілдік қолданыстан шықты. Ертеде шаңыраққа тізіп кәрі жілік ілген. Кәрі жілік ілу қазір сақталғанымен, орны шаңырақтан босағаға қарай ауысты. Кәрі жілікті шаңыраққа ілу жайында аңыз-әңгімені Шоқан Уәлиханов жазған.
Отау үйге жастар мен жеңгелер жиналған соң «мойынтастар» рәсімі жасалған. Күйеу жігіт пен қалыңдық қой етінен дәм татқан соң, жеңгелердің бірі қойдың мүжілген мойын омыртқасын ақ матаға орап, күйеу жігітке береді. Күйеу жігіт төмен қарап отырып, бұл сүйекті киіз үйдің шаңырағынан сыртқа лақтыруға тиіс, бұл – үйдің түтіні түзу ұшсын, оты сөнбесін деген ырым. Шаңырақпен байланысты бұл ырымдар мен салт жойылып кетті.
– Өзіңіз ел-елді аралап, ескі шеберлермен жиі сөйлесесіз. Жалпы, шаңырақ жасауға қандай ағаштар пайдаланылатыны туралы айта кетсеңіз.
– Киіз үйдің керегесі мен уығын иілгіш келетін қайыңнан жасаса, шаңырағын жасауға діңі қатты қарағаш, жиде, үйеңкі, тораңғы шапқан. Осылардың ішінде ең сирек кездесетіні, аз сақталғаны «тораңғы шаңырақ». Сирек кездесуі тораңғы діңінен шаңырақты ондай ағаш өсетін жердің бәрінде жасай бермейді. Тораңғыдан шаңырақ жасауды Бақанас, Балқаш, Жаркент ағашшылары кәсіп етпеген. Себебі бұл өңірде ағаштың басқа да түрі көп. Ал Сырдың оң жақ бетінде Солтүстік Қызылқұм үстіндегі қазақтардың үйшілері киіз үй шаңырағын тораңғы діңінен жасаған. Өйткені онда ағаш түрлері тапшы.
Қазіргі таңда сақталған тораңғы шаңырақтар сирек кездеседі, өйткені соңғы тораңғы шаңырақтар ХХ ғасырдың 50–60-жылдары ғана иілген. Тораңғы шаңырақтың сирек кездесуінің тағы бір себебі – тораңғы діңінен қандай да бір бұйым жасау үшін оны өңдеу өте күрделі. Ағашшылар тораңғыны қыста ақпан айында шапқан. Оны шабарда балғамен ұрып көреді. Егер дыбысы тыңқылдап шықса, діңі тығыз, қатты деген сөз. Ал күңгірлеген дыбыс шықса, онда ол тораңғының іші қуыс, оны айран пісетін, май шайқайтын күбі, ет тартатын ағаш астау жасауға кескен. Шаңыраққа тыңқылдаған, сүрегі тығыз шабылған тораңғы діңінің қабығын аршып алып, жер суық кезінде құмды жерге кемі 6 айға көміп тастап құмға пісірген. Қабығы аршылып тасталған тораңғы одан сайын берік болып, діңі қатаяды. Әрі қабығын аршып тастау арқылы құрт-құмырсқадан қорғайды.
Сыр бойында үш ай жазда аптап ыстық болып, құм әбден қызады. Құмға піскен тораңғыны тамыз айында алып, оюмыштап, морға қыздырып, тезге иіп, бес бөлік діңді бір-біріне кіріктіріп, құрсаулап, шаңырақтың дөңгелек тоғынын шығарады. Бұл шаңырақтың күлдіреуіштері де тораңғы шыбығынан жасалады. Тораңғыдан кереге, уық, сықырлауық жасалмайды. Шаңырақтың тораңғыдан жасалуы оның халықтық білімде «адам-ағаш» ретінде танылуымен байланысты еді. Еңселі, қарт адамға, әулеттің үлкеніне «тораңғыдай», «тораңғыдай мықты ғой» деуінің астарында сол әулеттің берік діңіне теңеу тұр. Қазір тораңғы Қызыл кітапқа енген, ерекше қорғалатын ағаш, сол себепті де шаңырақ жасалмайды. Оның үстіне, тораңғыны құмға табиғи жолмен пісіріп өңдей алатын ағашшылар да сиреп кетті.
– Тағылымды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»