Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Заңсыз балық аулаған 694 адам жауапқа тартылды
Ресми дерек бойынша «Бекіре-2024» кең ауқымды балық қорғау акциясы барысында 1 сәуірден 31 мамырға дейін Атырау және Маңғыстау облыстары ҰҚК ШҚ департаменттерінің шекаралық кемелері, қайықтары және жағалау бөлімшелерімен балық аулаудың белгіленген режімдері мен ережелерін бұзған 69 шағын көлемді жүзу құралы алынып, 166 адам ұсталды.
ҰҚК Шекара қызметі Шекараны күзету департаментінің консультанты Сабыр Хасановтың айтуынша, 297 шақырымға жуық заңсыз балық аулау құралдары (ау) тәркіленген. 7,5 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынса, ал мемлекетке келтірілген залал шамамен 2,5 млрд теңге болған.
«Табиғатты қорғау органдары Каспий теңізінің елімізге тиесілі бөлігінің ұлттық және экономикалық мүдделерін қорғау үшін бірлескен қызметін күнделікті қалыптасқан режімде жалғастырып жатыр. Негізгі іс-шаралар теңіз кеңістігіндегі Шекара қызметі барысында жүзеге асырылады. Шекара қызметі жануарлар дүниесінің өсімін молайту мақсатында тиісті іс-шаралар қолданып отырады», дейді С.Хасанов.
Биыл 28 наурызда Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының бекіре және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңін өткізу туралы бұйрыққа қол қойған еді. Құжатта табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. Осыдан кейін біраз заңсыздықтың беті ашылған. Мәселен, акцияны өткізу кезеңінде Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдары, ҰҚК Шекара қызметінің мамандарымен бірлесіп, 945 заң бұзылуын анықтап, жолын кесіпті. Нәтижесінде, 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлеріне қатысты заңсыз әрекет жасау фактілері бойынша 71 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 19,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 11 тонна 308 кг балық, оның ішінде 2 тонна 229,5 кг бекіре тұқымдас балықтар,
8 кг 328 грамм бекіре уылдырығы, 162 бірлік балық аулау құралдары, 44 су көлігі тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті бақылау нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 300 км-ден асатын 1 416 заңсыз балық аулау құралдары алынды», деді АШМ Балық шаруашылығы комитетінің өкілі Аян Бахиянов.
Акция барысында Атырау облысының құқық қорғау және табиғат қорғау органдары Исатай, Жылыой, Құрманғазы аудандары, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты криминогендік нүктелерді анықтапты.
Биыл уылдырық шашу кезеңі басталғаннан бері бақылаудағы су айдындарында балық шаруашылығы комитетінің облысаралық бассейндік инспекциялары әкімшілік құқық бұзушылық туралы 848 хаттама жасапты. Оның ішінде 134 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша 383-бапқа сәйкес сотқа жіберілген екен.
«Балық аулау ережелерін өрескел бұзған 5 азаматқа құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Бұған қоса заң бұзушылардан мемлекет кірісіне 2 784 тонна заңсыз ауланған балық, 286 аулау құралы, сондай-ақ 16 жүзу құралы тәркіленді. 14 млн теңгеден аса қаражат көлемінде айыппұл салынды. 4,1 млн теңге балық ресурстарына келтірілген залал үшін талап қойылды», деді АШМ өкілі.
Күш біріктірген күрес
Қазір мемлекет тарапынан қоршаған ортаның ластауы мен биоресурстарды заңсыз алу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы да балық қорын қорғау мақсатында браконьерлікпен күресті күшейту туралы тапсырмасы ұмытыла қоймаса керек-ті. Осы ретте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов жауапты саланың бағыттағы қызметі туралы айтып берген еді. Аға инспектордың айтуынша, еліміздің барлық өңірінде уылдырық шашу кезеңін жіті бақыланып, әртүрлі акциялар өткізіліп келеді.
«Алайда полиция қызметкерлері браконьерлікке қарсы күрестегі жұмысын тек осындай акциялар аясында ғана емес, күнделікті қызметінде де атқарады. Бұл қатарда министрлік тарапынан табиғатты қорғауға арналған сақшылар бар. Браконьерлікті жою мақсатында мемлекеттік құзырлы органдар бірлесе шара қолданып отыр», деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология министрлігі қолданыстағы заңға сәйкес браконьерлікпен күрес жұмысына күш біріктірмек. Бұған қоса қазір қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігі Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау академиясымен бірлесе табиғатты қорғау полиция қызметкерлеріне тренинг өткізіп жатыр. Бұл тренингте балық шаруашылығы қызметкерлері де бар. Тренингке БҰҰ мамандары да қатысып, дәріс оқып, тәжірибелерін бөліспек.