12 Маусым, 2015

Нар жолында жүк қалмас

894 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

nar

Бабын таба білсе, пайдалы түліктің бірі – Зеңгі баба. Мүйізді ірі қара малы қазақтың тұрмысында үлкен рөл атқарғаны әлімсақтан белгілі. Еті мен терісі өз алдына, сүтінен көптеген нәрлі тағамдар дайындалған. Өкініштісі сол, қазіргі келіндер қоспа, құрт, ірімшік, талқан, жент, малта, қойыртпақ, сүзбе секілді асқазанға жеңіл, тез сіңімді тағамдардың заты түгіл атын да біле бермейді. Сиырдың сүті табиғи дәрумендерге өте бай екенін ғалымдар неше мәрте дәлелдеген. Жастайынан сүт ішкен адам жүрек, ми, сүйек, тері, тіс ауруларына ұшырамайды. Шала туған сәбилерді тымаққа салып, сиыр сүтімен қоректендіру арқылы адам қатарына қосқанын көзіміз көрді. Қара малды ата-бабамыздың ерекше қастерлейтіні сондықтан. Терісін илеп, киім тіккен. Ал еті көбіне күнделікті ішіп-жемге пайдаланылған. Қазір жеке кәсіпкерлер сиыр етінен түшпара, манты секілді жартылай дайын өнімдер шығарып жатқан жоқ па? Жасыратыны жоқ, қазіргі адамдардың қара малға деген көзқарасы өзгерген. Бағып-қағып отырғандары бала-шағаның нәпақасынан артылмайды. Неге көп ұстамайсың десең, сылтаулары дайын: жемшөп қымбат, асырау қиын, т.т. Осындай оралымсыздықтарды жұмыртқадан жүн қырқып, пайда таба білетін пысықайлар тиімді жаратып жүр. Дүкен сөрелерінде йогурт сияқты шала өнімдер мен жасанды қоспалар самсап тұр. Тұтынушылар ұзақ сақталу мерзіміне қызыққанымен, нәрсіз. Баланың табиғи болмысына, ой қабілетіне әсері жоққа тән. Ал таза табиғи сүт өнімдері ілуде біреу ғана, кездестіру қиын. Мәселен, «Зенченко және К» командиттік серіктестігі ғана өндіреді. Қалғандары құрғақ сүт ұнтақтарын малданады. Бүгінде ауыл шаруашылығын, оның ішінде, мал басын арттыруға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Төрт түлік өсірумен шұғылдануға ниет еткендерге жеңілдікті қаражат беріледі. Алайда, аудан төңірегінде сүтпен айналысып, оны өңдеу нысандарына апаратын кәсіпкерлер саусақпен санарлық . Енді сең қозғала бастаған сықылды. Аудан әкімі Серікбай Тұралиновтің қолдауымен Ленинград ауылында сүт қабылдайтын орын ашу жоспарланған. Осы жерде жекелеген адамдар мен ұсақ кәсіп иелерінің белсенділігі керек-ақ. Мысалды алыстан іздемелік. Бестерек ауылының солтүстігінде орналасқан «Тәуекел» шаруа қожалығы сүтпен айналыса бастады. «Көз – қорқақ, қол – батыр». Отағасы Ілияш Сәрсенбаев – малсақ жан. Белді бекем буып, нартәуекел деп еді, шаруасы жүріп сала берді. Шаруа қожалығының белді мүшесі Ғалымның айтуынша, көктем туысымен аузы көкке жеткен 100-ден астам сиырдың алды төлдей бастаған. Тұмса қашарларды саууға иліктіру оңай емес. Бірақ, қиындықсыз іс бітпейді. «Сыбаға» бойынша несие алып, мал қораларын қалпына келтіріп алған. – Сиырларды өзім сауып жүрмін. Қораға төл сыймай бара жатса, арнайы аппарат дайын. Сауыншылар қабылдаймыз. Табиғи сүтке ештеңе жетпейді. Сүт қабылдайтын нысандарды да шертіп жүріп таңдап аламыз. Өзімізге қолайлысына тапсырамыз. Бәсекелестік деген осы! Құр ет-ет деп қарақұртша жапырлағанша, сүт өндіруге де бет бұрған жөн. Көзін тапсаң – табыс қыруар. Бастамамызды аудан басшылығы да қолдап отыр, – деді отағасының жан жары Сәуле жеңгей ағынан жарылып. Қазақта «Нар жолында жүк қалмас» деген тамаша сөз бар. Осы сөзді Сәрсенбаевтар отбасына қарата айтуға болады. Еңбек десе білек сыбана кірісіп, бастаған істі ақырына дейін жеткізу, бәсекеге қабілетті өнім өндіру олар үшін қалыптасқан дағды дерсің.

Айбек ХОРШАТ.

Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы.