Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балық саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Балық өсіру перспективалы бағыт болып табылады, өйткені саланы дамыту үшін Каспий және Арал теңіздерінің, Балқаш және Зайсан көлдерінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймаларының, сондай-ақ басқа да су айдындарының айтарлықтай су ресурстары бар.
Бүгінгі таңда балық өсіру саласында бизнестің іскерлік белсенділігінің өсуі байқалады.
Мәселен, 2021 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2023 жылы 2,5 еседен артып, 502-ге жетті. Бұл ретте балық өсіру көлемі 7-ден 17 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Кәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында жүргізіледі.
Елдің табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 45-50 мың тонна балық ауланады және бұл көрсеткіш тұрақты деңгейде. Өйткені жүйелі негізде балық ресурстары мен басқа да су жануарларын сақтау бойынша шаралар қабылдануда. Ең алдымен, бұл браконьерлікпен күрестің күшеюі.
Қорғау іс-шараларымен қатар жыл сайын табиғи су айдындарының көктемгі және күзгі кезеңдерде балықтар мен олардың шабақтарын құтқару арқылы балық ресурстарын молайту, қыс мезгілінде жаппай қырылуға қарсы іс-шаралар жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс және балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарлары шеңберінде бағалы балық түрлерімен қамтамасыз ету шаралары қабылданады.
Мәселен, 2023 жылы мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары мен жеке балық өсіру шаруашылықтары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бағалы балық түрлерінің 100 млн.дана шабақтарын өсірді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25% - ға артық.
Бұл ретте, балық шаруашылығы субъектілері 2023 жылы бекітілген су қоймаларына бағалы балық түрлері шабақтарының 162,3 млн.данасын шығарды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29% - ға артық.
Сонымен қатар, 2023 жылы әлемнің 21 еліне 25 мың тоннаға жуық балық өнімдерінің 50-ден астам түрі экспортталды. Ең ірі тұтынушылар — Ресей, Германия, Нидерланды, Литва және Қытай.
Әрине, сала қызметкерлері үлкен үлес қосуда.
Қазақстанда балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні ресми түрде 2017 жылдан бері шілденің екінші жексенбісінде атап өтіледі.
Кәсіби мереке сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.
Экономиканың осы секторындағы мемлекеттік саясатты экология және табиғи ресурстар министрлігінің жүйесінде 2021 жылы қайта құрылған. 2024 жылғы қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілді және осы саладағы қызметті реттейтін және бақылайтын негізгі орган болып Балық шаруашылығы комитеті қала береді.
Балық шаруашылығы комитетінде 8 облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, балықтардың бағалы түрлерінің шабақтарын жасанды өсіру бойынша 3 мемлекеттік балық өсіру кәсіпорны және мамандандырылған ғылыми ұйым бар.
Мереке қарсаңында балық шаруашылығы комитеті және оның ведомстволық бағынысты бөлімшелері өңірлерде ардагерлерге құрмет көрсету және саланың ерекше көзге түскен еңбеккерлерін Ауыл шаруашылығы министрінің ведомстволық медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапаттауды ұйымдастырды.