Финалға шыққан Англия құрамасы испан футболшыларына қарсы тартысты ойын өрнегін көрсетті. 1-таймда Испания құрамасы дүркін-дүркін шабуылдап, қыспаққа алғанымен, қақпашы Пикфорд бірнеше соққыны тойтарып, құрамасын құтқарды. Бірақ тайм аралығындағы үзілістен алаңға Испания ұлттық құрамасы тың күшпен шыққандай әсер қалдырды. 47-минутта Нико Уильямстың голынан алға ұзап шыққан қарсыластарын қанша тықсырғанымен, ағылшын футболшыларының шабуылы нәтижелі болған жоқ. Тек 73-минутта Коул Палмер еншісіне гол жазып, есепті теңестірді. Жеңіс голын 86-минутта Микель Оярсабаль соқты. 90-минуттағы стандартты шабуылда ағылшындар таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндік алған. Гехи Марктің баспен сүзе соққаны сөзсіз Испания құрамасының қақпасында тулайтын еді, егер жартылай қорғаушы Дани Ольмо болмағанда.
1964 жылы өткен Еуропа чемпионатының финалдық аламанында СССР құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, құрлықтың үздігі атанған испан футболшылары арада өткен алпыс жылда төртінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізіп отыр. 2008 жылы Еуропа біріншілігінің финалдық тартысында Германия құрамасын 0:1 есебімен еңсерген Испания футболшылары 2012 жылы да сол биігінен төмендеген жоқ. Тіпті құрлық бәйгесінің кубогі үшін финалда Италия құрамасын 4:0 есебімен есеңгірете жеңгені жұрт есінде. Одан бері де бір мүшел уақыт өтті. Испания құрамасы Еуропа чемпионатында топтан шыққанымен, финалға жетпей сүрінді. Ұлттық құраманың бүгінгі буыны сөзсіз мықты екенін айқын дәлелдеп берді.
1960 жылдан бері ұйымдастырылатын Еуропа чемпионатының финалдық матчында гол соққан ең жас футболшы Пьетро Анастазидің 1968 жылғы жетістігін ешкім жаңарта алмай келеді. 1968 жылы өткен Еуропа чемпионатының финалдық тартысында Италия құрамасы Югославия футболшыларын 2:0 есебімен жеңді. Екінші голды 31-минутта соққан Анастази сонда 20 жастан 64 күн асқан еді. Англия мен Испания құрамалары арасындағы тартыста гол соққан Нико Уильямс пен Кол Палмер де – 22-ден асқан футболшылар. Егер 17 жасқа толған Ламин Ямал финалда гол соққанда тарихи нәтиже тіркелер еді.
Англия ұлттық құрамасының бас бапкері Гарет Саутгейт шәкірттері матчтың ақырғы минуттарында шаршағанын айтты. «Екінші таймның соңында біздің есепті теңестіретін тамаша мүмкіндігіміз болды. Жігіттер барын салып ойнады, Испания құрамасы талассыз таңдаулы ұжым екенін әйгіледі. Алпыс жылдан бері жалынан ұстатпай келе жатқан Еуропа чемпионатының кубогін құшағымызға қысар едік жеңіске жеткенде», деді Г.Саутгейт.
Испания ұлттық құрамасының еншісіне Еуропа чемпионатының кубогін төртінші мәрте бөктерген бас бапкер Луис Де ла Фуэнте аламанға «мен жастарға сенемін» деп келгенін көрсетті. Бұл бапкер 2015 жылы Испанияның 19 жасқа дейінгі жастар құрамасын баптап, Еуропа чемпионы атанды. Финалдық тартыста Ресей жастар құрамасын 2:0 есебімен ұтты. Осы матчта алаңға шыққан Родри кешегі ойында да жасындай жарқылдады. Қақпаны қорыған Унай Симон тоғыз жыл бұрын Де ла Фуэнтенің қанатының астында қосалқы құрамда отырды. 2019 жылы 21 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Еуропа чемпионатының финалдық тартысында Луис Де ла Фуэнте шәкірттері Германия жастарын еңсерген еді. Осы матчта Микель Оярсабаль, Унай Симон, Даниэль Ольмо сынды саңлақтар сапта болды.
2022 жылдың желтоқсанында Испания ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне 61 жастағы Луис Де ла Фуэнте тағайындалды. Мұндай лауазымды қызметтің жауапкершілігін арқалағанға дейін жастар құрамасын Еуропа чемпионы атандырған маманның біліктілігі бірден байқалды. Былтыр УЕФА Ұлттар лигасының финалдық сайысында Фуэнте бапкердің шәкірттері Хорватия құрамасын пенальти сериясында (есеп 4:5) еңсеріп кетті.
Жастар құрамасының сапынан бері баулып келе жатқан шәкірттері бапкердің сеніміне селкеу түсірмеді. «Бірінші таймда гол соғылған жоқ, үзілісті анау айтарлықтай ақылгөйлік танытпадым. Тек біз қашанда өзіміздің тегеурінді құрама екенімізді дәлелдей алатынымызға сендірдім, болды. Мен бұл ұжымның жетістігімен қашанда мақтанамын», деді Луис Де ла Фуэнте.
Испания құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық додасын төрт рет жеңген жалғыз ұжым атанды. Германия құрамасы үш рет жеңсе, Италия, Франция құрамаларының еншісіне Еуропа чемпионы деген атақ екі рет бұйырды. Англия құрамасы қатарынан екінші рет құрлық аламанының финалдық додасына жеткенімен, жолы болмады. Олар 2021 жылы өткен Еуропа чемпионатының финалдық тартысында Италия құрамасына есе жіберді.