Қоғам • 17 Шілде, 2024

Жиырма аспапта ойнайтын жігіт

746 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрлі музыкалық аспапта ойнау­ды меңгерген өнерлі жандар аз емес. Ал Абзал Сиғуатоллаұлы – нағыз өнерлі жігіт. Өйткені ол бір емес, жиырма аспапта ой­найды.

Жиырма аспапта ойнайтын жігіт

Өзінің айтуынша, бала кезінен музыкалық аспаптарда ойнауға қызыққан екен. Әке­сі ұлының өнерлі болғанын қалап, ынтасын оятқан. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Қызылқоға ауда­нының Жасқайрат аулындағы мектеп, клуб сахнасында ән айтып, дом­быра шерткен ұлының өнерін ұш­тауды көздеп, Атырау қаласына қоныс аударған.

«Мұнайлы шаһардағы Н.Тілендиев атындағы дарынды балаларға ар­налған академияда вокал, пиани­но сыныбында оқыдым. Жоғары бі­лімді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өнер факультетінен алып шықтым. Бірақ білімімді жетілдіруді көздеп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқуымды жал­ғастырдым», дейді А.Сиғуатоллаұлы.

«Жігітке жеті өнер де аз...» дейтін тәмсілді ұстанатын өнерпаз студенттік кезеңін текке өткізген жоқ. Музыкалық аспаптардың бірінен соң бірінде ойнауды меңгерді. Әр аспаптың тарихын, жасалу жолын жетік біледі. Қа­зір жиырма түрлі аспапта еркін ойнайды. Қазақтың ұлттық мұрасы – домбыраның қос ішегінен күмбірлете күй төгеді. Қылқобызбен Қорқыт дәуі­рінен жеткен ұлы дала сазын сызылтады. Сырнаймен сырлы әуендерді әуелетеді. Пианиномен классикалық музыкаларды нақышына келтіре орындайды. Гитара, баян, тағысын тағы.
«Алғашқыда домбыра тартуды үйренген едім. Бірақ тек бір аспаппен шектелгім келмеді. Өнер жолын таңдаған соң бірнеше аспапта ойнағанды жөн көрдім. Сол мақсатыма жақындап келемін. Өйткені әлі де бірнеше аспапта ойнауды көздеп жүрмін», дейді А.Сиғуатоллаұлы.

Кез келген аспапты қолына алса, он саусағынан саз төгілетін өнерлі жі­гіт Д.Нұрпейісова атындағы ака­де­мия­лық қазақ халық аспаптар ор­кес­тр­і жанындағы «Сармад» этно-фоль­­клор­лық ансамблінде жұмыс іс­тейді. Сонымен бірге DD RECORDS тобы­ның құрамында өнер көрсетіп жүр.

Атырау облысы