Қоғам • 17 Шілде, 2024

Шөлді өңірдегі шетін мәселе

182 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ағын суы жоқ, ауызсуға әуелден мұқтаж Маңғыстауда қазір жағдай күрделі. Кезінде шалғайдағы мал отарлары үшін қазылған құдықтардың тұщы суы ауыз­су қажеттілігін біршама өтеуге сеп болды. Соның өзінде жаңбырдың суын ыдыстарға жинауға, сыртын құммен бастырып, қар тоқтатуға тура келген. Ал бүгінде Маңғыстау өңірін мекендеген тұрғындар саны көшіп келушілер мен табиғи өсім нәтижесінде екі еседен аса өсті, сондай-ақ кеңшарлар таратылып, халықтың аудан орталықтарына, өңірдегі ірі қалаларға көшуі көбейді. Мал отарлары үшін қазылған құдықтардың көбі қажетсіз болып қаңырап қалып, ақыры құмға көміліп, жоқ болды. Бұл жағдайлар шөлді өңірде ауызсу тапшылығы мәселесін туындатты.

Шөлді өңірдегі шетін мәселе

Халыққа теңіз суын тұшытып, ұсы­натын мекемелердің, өзге де су өндіру, тасымалдауға қатысты құрылымдардың ұзақ жылдар бойы жаңғырту көр­мей назардан тыс қалуы ахуалды шие­ле­ністіре түсті. Үкіметтік және жергілікті деңгейде жіберілген салғырттық, нем­құрайдылық ақтаулықтарды қыста жылуға, жазда суға қатысты жағы сембей шу кө­теретін «даукес» жағдайға жеткізіп, жайлы өмір сүру мүмкіндігінен айырды. Ақтауда су ішетін және техникалық деп екіге бөлініп, екі бөлек шүмектен ағады. Ішетін ауызсу тұрмақ, әжетханаға, кір жууға пайдаланылатын техникалық, яғни ішетін деңгейге дейін тазартылмаған судың өзі машақат.

Жаз басталысымен су шуының бас­талуы Ақтауда және қаламен іргелес Түпқараған, Мұнайлы аудандарының бірқатар аулында тұрақты сипат алды. Биыл терісіне сыймай ашуланған тұрғындар қалаішілік жолдарды жауып, құзырлы орындарға наразылықтарын іс-әрекетпен көрсетті. Жергілікті билік жағдайды білмей отырған жоқ, халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тырбанып-ақ жатыр, бірақ жылдар бойы қордаланған мәселенің күрмеуі оп-оңай шешілмесі анық. Халық билікті кінәлаған, билік тұрғындарды сабырға шақырған қым-қуыт жағдай. Иә, «Халық айтса, қалып айтпайды». 40-50 жыл бойы талмас­тан теуіп жұмыс істеп тұрған МАЭК сол кездегі және кешегі Үкіметтің, Энергетика министрлерінің, Атырау, Маңғыстау облысын басқарған әкімдердің, Ақтау қаласы әкімдерінің назарына неге түспеді, неге бірде-бір басшы сол кездегі билікке жөндеу көрмеген МАЭК туралы, болашақта туындауы мүмкін су мен жылуға қатысты өзекті мәселені өткір қоя алмады? Аймақты, қаланы басқарып отырған бүгінгі әкімдердің маңдайының соры бес елі екен. Қысы-жазы бірінен соң бірі істен шыққан қазандықтарды жамап әлектеніп, жылу, су талап еткен халықтың ортасында аласұрып жүр.

Маңғыстау өңірінде 2023 жылдың жазғы маусымы бойынша облыс тұр­ғындарын ауызсумен жабдықтау тәулігіне орташа есеппен 150 300 текше метрді құраған болса, биыл жаз мезгілінің соңына дейін өңірді ауыз­сумен қамту тәулігіне орташа есеппен 206 300 текше метрді құрайды. Жасыратыны жоқ, облыс бойын­ша сумен қамту мәселесі уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Ақтау қаласы бойын­ша «МАЭК» ЖШС тарапынан қазіргі таңда төменгі аймаққа 500 м3/сағат, жоғарғы аймаққа 1000 м3/сағат, тәулігіне 36 000 м3 көлемінде ауыз­су беріліп отыр. Жетіспейтін ауызсу көлемі тәулігіне 20-25 мың текше метрді құрайды.

– Ауызсу тапшылығын кезең-кезеңі­мен шешу үшін өңірде қуаттылы­ғы тәулігіне 147 500 текше метр бола­тын 10 су тұшыту зауыттары мен қон­дыр­­ғыларының құрылысы және 1 ма­гистралдық су құбырын қайта жаңар­­­ту және кеңейту жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Сондай-ақ Сайын Шапа­ға­тов аулында тәулігіне 6 500 тек­ше метр су тұшытатын, құны 0,4 млрд теңге­ні құрайтын қондырғы орнатылды. Қазіргі таңда жеке инвестор «Алека» ЖШС Сайын ауылын тәулігіне 4 000 текше метр ауызсумен қамтып отыр. Соны­мен қатар қондырғының қуатын 6 500 тек­ше метрге дейін жеткізу көзде­ліп отыр. Іске асу мерзімі тамыз айына дейін деп жоспарланған, – дейді Маң­ғыс­тау облы­сының Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқарма­сының басшысы Әбдеш Түр­кіменбаев.

Ауызсу мәселесін шешу үшін қолға алынған жұмыстар қандай? «МАЭК» ЖШС бас директорының өндіріс және БН-350 реакторлық қондырғысы жөнін­дегі бірінші орынбасары Сәбит Жел­кушиновтің айтуынша, Ақтау қаласында қолға алынған 20 мың текше метр су тұшыту зауытының құрылысын «СК-Строй Монтаж» ЖШС өз қаражаты есе­бінен жүргізіп жатыр.

– Бүгінде тұщы су анализінің параметрі сақталмауына байланысты 2 мың текше метр қондырғыны іске қосуға мүмкіндік болмай отыр. Ақтау қаласында ауызсудың тапшылығына байланысты 2023 жылғы желтоқсанда орталық сумен жабдықтау торабы-2 мон­таждау үшін өнімділігі тәулігіне 6 мың текше метр кері осмосты тұшыту қон­дырғысын сатып алуға 789 млн 600 мың теңге сомасына «ЖанСу 362» ЖШС-мен шарт жасалды. Қазіргі күні монтаж жұмыстары аяқталып, қондырғы іске қосылды, – деді ол.

Тұрғындардан бөлек жазда қыдырып келетін қонақтар легі аз емес. Бұл тұтына­тын су көлемін арттыратыны белгілі. Қазіргі таңда Ақтау қаласын «МАЭК» ЖШС тәулігіне шамамен 46 мың текше метр ауызсумен қамтамасыз етіп отырса, ту­рис­тер санының артуы қосымша 20-25 мың текше метр ауызсу көлемін қажет етеді.

Су тапшылығы басшылықты Ақтау қаласында суды кестемен беруге және қала аумағындағы барлық көлік жуу ор­та­лығының жұмысына уақытша шектеу енгізуге мәжбүрледі. Аймақ бас­шы­лығы тарапынан ауызсу алдымен тұрғын­дар­ға, содан кейін өндірістік орын­дарға, кәсіп­кер­лік нысандар мен көгал­дандыруға бері­ле­тіні айтылып жатыр. Алайда су сұра­ған жұрттың талап-даусы қаттырақ естіліп тұр.

Су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде қуаты тәулігіне 147 500 текше метр болатын 10 су тұшыту зауыты мен қондырғының құрылысы, 1 ма­гистралдық су құбырын қайта жаңар­ту, кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаз маусымының соңына дейін өңір­ді ауызсумен қамту тәулігіне орташа есеппен 206 300 текше метрге жетеді деп жоспарланған. Өңірде су тұшытатын зауыттардың бірі болып «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6 мың текше метр су тұшытатын қондырғы іске қосылса, тамыз айына дейін кезекті жоба аяқталуы қажет. «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жобасының құрылыс монтаж жұмыстары 95%-ға аяқталып, техникалық жабдықтар кедендік ресімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді. Ал Құйылыс-Меловое кен орнынан шығатын жерасты суын өңдеп, халық тұтынуына беретін «МАЭК» ЖШС ОСЖТ-2 аумағында тәулігіне 6 мыңтекше метр су тұшытатын зауыттың қон­дырғыларын сатып алу үшін 2023 жылы «ЖанСу 362» ЖШС-мен шарт жасауға облыс бюджетінен қаржы бөлінген.

Тек Ақтау мен оның төңірегіндегі ауыл­дар емес, жалпы облыс бойынша ауызсу мәселесі өте өзекті. Кезінде салтанатты түрде тұсауы кесілген Бейнеу ауданының Сарға аулындағы су құбыры мәселесінің арты сотқа дейін барған шулы қалпында әлі тұралап келеді. Аталған ауданның қасындағы Қарағайлы жерасты суын тасып ішіп, ың-шыңсыз су мәселесін өздері шешіп отырған шалғайдағы Ноғайты аулын «құбырдан, шүмектен су ішетін» ауылға жеткізбек болған бастама да халық үшін қолайлы бола қойған жоқ. Шындығында, ноғайтылықтарға су емес, жол мәселесі өзекті болатын, бірақ жылына миллиондар бөлінген жол әлі баяғы шұрық тесік қалпында жатыр. Төрт­жылдық шағын мектебі биыл жабылатын Ноғайты аулының болашағы бар ма? Болашағы бар болса, мектебі неге жабылады, болашағы жоқ болса, қыруар қаржыға су тартудың қажеті қанша?

Маңғыстауда су, ауызсу ең қиын мәселе болып тұр. Нарықта қат нәрсенің құны аспандайтыны бар, су бағасы дүркін-дүркін көтеріліп барады. Демек бұл – біреулер үшін бизнес, ал халық үшін қасі­рет. Су тапшы, ал бағасы – удай. Бұл ахуал Маңғыстауда қашанға дейін созылады? Мұнайлы өңірді сумен толық қамтамасыз етудің, су бағасын реттеудің тиімді жолын кім ұсынады? Халық саны арта түскен өңірде қолға алынған жобалар шынымен мәселені біржолата ауыздықтай ала ма, жоқ па? Жергілікті биліктің инвес­торлармен, жеке кәсіпкерлермен ашқан шағын жобалары ауқымды мәселені шешуге қаншалықты қауқарлы? Туризм деп түкпір-түкпірден келген туристерді көшені жапқан ашулы тұрғындармен қарсы алып, сусыз қалаға қамап, масқара болып жүрмейік. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, өзгелер үшін теңіз, жағалау таң емес, бірақ шығынданған сапары сенімін ақтамаса, сервистік қызмет алып-ұшқан көңілінен шықпаса, даттап, табалап кететіні анық. Сондықтан Маңғыстаудағы су мәселесі туризмнен бұрын шешілуге тиіс.

Маңғыстау облысы