2019 жылдан бастап арнайы білім беру ұйымдарының желісі 83 бірлікке, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қамту 20%-ға ұлғайды. Бүгінде балалардың 76%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл туралы БҰҰ-ның Женевадағы Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияда Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді.
«Инклюзивті білім беруді дамыту жөнінде стратегиялар мен бағдарламалар әзірленді. Алдағы уақытта педагогтерге оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылып, мектептер мен оқу орындарының бастамалары қолдау табады. Арнайы білім беру ұйымдарының желісі 68-ге ұлғайды. Мектептер базасында инклюзияны қолдаудың 708 кабинеті, 22 ресурстық консультативтік орталық ашылды. Оқу мекемелеріне 2,5 мыңға жуық педагог-ассистент, 9,7 мың арнайы педагог, 12 мыңнан аса педагог-психолог және әлеуметтік педагогтер жұмысқа қабылданды. 600-ден аса арнайы оқу бағдарламалары әзірленді. Кедергісіз және инклюзивті ортаны қалыптастыру үшін оқу орындарында инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің ұлттық моделі енгізіледі», деді ол.
Қазір елімізде арнайы білім беру ұйымдарының желісі құрылған. Атап айтқанда, 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 10 аутизм орталығы, 13 оңалту орталығы бар. Ал қалған балалар инклюзия жағдайында жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Былтыр қарашада Оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім берудің барлық деңгейін қамту мақсатында Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылды. Аталған департаменттің директоры Лаура Ботабаева балаларға кедергісіз орта құру болашаққа салынған инвестиция екенін айтады.
«Оқу-ағарту министрлігі «Дара» қорымен бірлесіп, нөлден үш жасқа дейінгі балаларға арналған «Ерте қолдау» жобасын қолға алды. Қазір елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 200 мыңнан аса бала бар. 500-ге жуық білім беру ұйымы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы білім беру қызметін көрсетіп келеді. Сондай-ақ 1 051 мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұр», дейді Л.Ботабаева.