Руханият • 18 Шілде, 2024

Шерлі көштің шежіресі

190 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Алтайдан ауған ел» спектаклі – үлкен толғанысқа толы трагедия. Жүректі толқытып, өткенге өкіндіреді. Спектакль «Сол бір ел жалпақ жұрттан неге ғана жарыла көшті екен, неге ғана бұл сапарға шықты екен? Адам туған топы­рағы­нан, тамырынан ажырамау керек пе еді?..» деген жауабы жоқ тұйыққа тіреп, тарықтырып қояды. Шешімі жоқ жұмбақ арқалап шығасың...

Шерлі көштің шежіресі

Мұндай толғаныс жүк­теу бір есепте киноның міндеті секілді. Ал театр­дан ширыққан драма дәмететініміз рас... Бұл қойылым «Алтайдан ел неге ауды?» дегенге жауап бермейді. Мұнысы өте құптарлық. Бұл – тарихи хронология емес, көркем туынды. Ол шарт артығымен орын­далған. Көңілі жаралы, басы қаралы көш кетіп барады. Сах­нада көштен гөрі босқандар көрініс береді. Әрине, бұл – сах­наның мүмкіндігі. Қазір сахнаның декорациялық, музыкалық, тех­никалық мүмкіндіктері артып, сөз азайып бара жатқандай кө­рінеді. Көбіне-көп иконография мен символика басым. Бұл тек осы туындыға ғана қатысты лепес емес.

Сонымен, сахнада, әлде сахарада бағытсыз, бағдарсыз көш. Бұрын-соңды көрмеген жат мекен. Бар мен жоқтың, өлі мен тірінің, үміт пен күдіктің ара­сындағы кеп. Абстракция. Осы жерде мол драма бар. Тіпті шие­леніскен драма болуға тиіс. Мә­селен, спектакль барысында бір әйел: «Әй, Қалибек, бізді қайда қаңғыртып барасың?» дейді. Қалибек жауап бере алмайды. «Ерте күнді кеш қылмай жүрелік», дейді бар болғаны. Тағы біреуі шығып «Көшпейміз, кері қайтамыз, бүйтіп қор бол­ғанша туған жерге жетіп, ту­ған топырағымды құшып өлейін», деп бүлік жасай ма деп қылпылдап отырдық. Тартыс басталмай жатып үзіліп қалғандай. Әлде тартыс көрермен ішінде. Өйткені көрермен де жартылай ойыншы деген сөз бар.

Осы ретте қойылым туралы сөзді сәл ірке тұрып, өткенге шамалы шегініс берейік. Алтайдан ел неге ауды? Қытайдың гоминдан «сарыаяқтары» алғаш Шығыс Түркістан жеріне аяқ басқалы қазақтың нелер марқасқасын, елдің құты болған көсемін, әділ билерін, көзі тірісінде «жақсы» атанған жай­саңдардың басын кесіп, басқаға айбат қылып іліп қойды. Әйгілі би, дәулескер күйші Бейсенбі, – Бежеңнің ұлы қара Оспан, тарбағатайлық үкір­дай Дәмежан, Тибеттегі көрін қазып, басын кесіп алған Бөке батыр, қалың қарашаға пана болған Зуқа батыр, Асылбек пен Жантайлақ секілді батырлардың басын қорлады. Қатыгез Шың Шы­сай өкіметі талай егей ер­лер­дің басын жұтты. Тоғыз таң­балы найманның құты болған Әлімғазы, Нұртаза үкірдай, төре тұқымды Шәріпхан дутың, Омар үкірдай, Шығыс Түркістанның әйгілі ақыны Ақыт қажы, Бұқат бейсі және азаттық жолында атқа қонған Есімхан, Рысхан, Оспан батыр, Мұса берген Сұлубай, Сүлеймен қатарлы батырлармен қатар Ноғайбай, Зәтелбай, Ақтеке секілді ақылман билер шаһит кешті. Тек айтулы тұлғалар ғана емес, қаншама бей­біт халық қырылды. Бұл зо­ба­лаң тек қазаққа ғана емес, моңғол, ұйғыр, қыр­ғыз, т.б. халықтарды шарпыды. Осылайша, орыс-қытай-моң­ғол үштігінің 1930 жылдары Шығыс Түркістанды жан-жақтан қысымға алуы күшейе түсті.

Бейбіт жатқан бүтіндей елді ұшақпен бомбалады. Әсіресе Шың Шысай өкіметінің көздегені Алтай болды. Қарап отырсақ, алапат зұлматтың эпицентрі Алтай болғанын көреміз. «Салдым сайран Алтайдың күн бетіне» деп мамыражай тірлік кешіп жатқан қазақ бас сауғалаудан басқа амалы қалмады. Бас мұраты ұр­пақты аман алып қалу еді. Бірақ қазақтың Елісхан, Рысхан бастаған қаракөк ерлер ұшақ пен зеңбіректің алдына маузермен шығып та үлкен-үлкен тойтарыс бергені тарихтан белгілі. Ал екінші бір көш Моңғолия жеріне аяқ бас­ты. Бұл көштегі ең қайырлы көш осы болса керек. Әрине, қиындықтар болды, бірақ салыстырмалы түрде алғанда ең бейбіт те байсалды көш. Бұған әлбетте сол тұстағы елді бастаған көшбасшылардың ептілігі үлкен рөл атқарды. Ошың – Оспан батыр мен маршал Чойбалсын кездесуі, келіссөзі, бұдан бөлек қазақ­тардың табиғи жер иемдену икемі, дипломатиялық қабілеті, көшті бірден бастамай, жүк салып, мал отарлата жүріп киелі Бай-өлке топырағына қоныс тебуін тарихи тұрғыда бай­салды көш деп бағалар едік. Оның үстіне киіз туырлықты моңғол халқының сертіне берік, уәдесіне опалы, көшпенділер мәдениеті дала заңына бас иетін кеңдігі де үлкен демеу болса керек. Бір ғасыр бейбіт заман кешіп, ондағы қазақтың тең жарты­сынан көбі атамекен қазақ еліне қайта қосылды.

Бөке батыр бастаған елдің ауа көшуі жайлы тарихи деректер де, көркем шығармалар да жетерлік. Бұл – исі қазақтың тарихындағы ең қайғылы көш. Кейбір деректерге сүйенсек, көш алғаш басталғанда 30 мыңдай халық болса, 1954 жылы Түркияға 1 400 адам жеткен деген дерек бар. Ұлы көш жолында орыс-қытай қызыл әскерлері 7 рет жойқын шабуыл жасаса, тибеттіктер және жүнше түткілейді, одан қалды Бұланайдың асуы, Такламакан шөліндегі аштық, әртүрлі ауру оларды қынадай қырды. Сон­дықтан бұл көш жайлы бірдеңе деудің өзі өте қиын. Тарихи баға беру де ауыр. Тек өзекті үлкен өкініш кернейді.

Көш Шығыс Түркістаннан Еренқабырға тауларын бөктер­леп, Ақсай-Гансудан босып, Такла­макан шөлінен өтіп, Бұланайдан асып, Кәшмір-Үн­дістан-Пәкістаннан анадолы Түркияға жетті. Түріктер бос­қындарды, әрине, қарсы ал­ды. Бірақ олардың қылғаны орыс-қытайдың қуғынынан кем соққан жоқ деуге болар, өйткені түріктер Алтайдан ауған елге бауырлас халық ретінде емес, босқын ретінде қарады. Оның айқын дәлелі ауған елдің аты-жөніне түрік тегін жалғатты. Аты өзгерген халықтың заты бір ғасырға жетпей, түбегейлі құ­рудың аз ғана алдында тұр. Қазір Түркиядағы көптеген қазақ жас­тарының аты да, заты да түрік. Тіпті кейбіреулері өзінің ата­сы қазақ болғанын жасырады, ұялады екен. Ғасырлық комплекске душар болды.

Бірде белгілі журналист, жазушы осы көштің куәгері Хасен Өралтай: «Осы көштің түбі қайырлы болмады», деп кейіген екен. Бірақ бұл тасқа басылмаған сөз болған соң не дейміз. Бірақ іштей өкінгені байқалады. Бір сөзінде ол: «Биыл (2005 жыл) Шыңжаңды шыр айналып, екі жарым ай жүріп қайттым... Ел­дің қарны тоқ, дастарқаны мол», деп ондағы қазақтардың өм­іріне қарап, аздаған өкінішін білдіргендей.

Пьеса Халифа Алтайдың «Ал­тайдан ауған ел» және Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітаптарының негізінде жазылыпты. Осындай үлкен тағдырлы, қайғылы тарихты сахна тіліне көшірген Мирас Әбіл замандасымның жұмысын үлкен ерлікке балауға болады. Көшті бастаған Қалибек Хакімнің рөлін белгілі әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев, ал Халифа Алтай бейнесін дарынды актер Ержан Нұрымбет сомдады. Бұл екі саңлақ әртіс туралы әңгіме бөлек. Ол және бір мақаланың жүгі емес. Ал талантты композитор Олжас Жақыпбектің қиялынан туған музыкалық ырғақ көрерменді еріксіз еліктіреді. Бір әттеген-айы, Алтай қазақтарының әні кем түскендей болады. Ал режиссер Фархад Молдағали бұл тарихи трагедияны өзінің ішкі интуициясымен игергені байқалады. Персонализм философиясы басым. Режиссердің қойылым алдындағы репитициясын да көрдім. «Басты талабым да, өті­нішім де: ойнамаңыз, қасірет шекпеңіз, сахнада кәдуілгі адам болыңыз, болды», деген режиссер Б.Атабаев қағидасын берік ұс­танатыны қуантады. Мұны Ф.Молдағали жақсы меңгерген.

Міне, осындай тарихи жүк көтерген спектакль Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты деп санаймыз.