Спорт • 19 Шілде, 2024

Көшпелілер ойындары – мәдениетімізді жаңғырту жолы

72 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуына да санаулы күн қалды. Дүбірлі додаға дайындық барысын «V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның» ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары Абылай Қондыбаевтан сұрап, мән-жайды білдік.

Көшпелілер ойындары – мәдениетімізді жаңғырту жолы

– Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының бас демеушісі деп танылған компания жетекшісімен меморандум жасалды. Осы мәмілені тарқата айтсаңыз.

– Мұндай ауқымды іс-шараның қай-қайсысы болмасын демеушілердің көмегінсіз өткен емес. V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу мәртебесі біздің елге бұйырғаны зор табыс деп санаймын. Осындай доданың жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлесін қосып демеушілік таныту азаматтық іс дер едім. «Alageum Electric» компаниялар тобымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов екі бірдей ұлттық спорт федерациясы – жамбы ату мен арқан тартысқа жетекшілік етіп, дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.
Бұдан кейін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бас серіктесі қаржы инсти­туттарының ішінде өзіндік орны бар «Халық банкпен» келісім жасалып, қанат­таса ауқымды іс-шараларды іске асырып келеміз.

– Бас демеушімен де мәміле байлам жасалды. Ол қаражат қайда, нендей мақсатқа жұмсалады?

– Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2014 жылдан бері төрт мәрте ұйым­дастырылды. Үш рет қырғыз бауырла­рымыз өткізсе, екі жыл бұрын Түркия мем­лекетінде түндігі түрілді. Бас демеушінің есебінен бөлінген қаражат Астанаға келетін қонақтардың келу-кету жол шығынына жұмсалады. Біздің делегация бұған дейін төрт рет Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысқанда жұмсалатын шығынды ұйымдастырушы мемлекет көтерді. Сол дәстүр жүлгесін үзбей біз де келетін спортшылардың, дүние­жүзілік додаға қатысатын өзге де қонақтардың жол шығынын жабамыз.

Көшпелілер ойындары кезінде қол көмегін тигізетін еріктілерді іріктеу жүр­гізіліп, о бастағы меже бойынша 1 000 адамды тізімдеп алуымыз керек еді. Бірақ түскен өтінім саны тым көп болғандықтан тағы 300 еріктіні қатарға қостық. Осы 300 жастың киетін бірыңғай киімі, тамағы, жатын орны шығыны бас демеушінің қаржысы есебінен жұмсалады. Сонымен қатар ұлттық құраманың мүшесі, көш­пелілер ойындарына қатысатын спорт­шылардың да киімін тігуге бас демеушіміз қолғабыс етеді.

– Дүбірлі аламанның басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Инфра­құрылымның құрылыс жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу барысында игілікке жарайтын үш спорттық нысанның инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. «Қазанат» атшабарына күрделі жөндеу меншік иесінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Халықаралық стандартқа сай заманауи үлгідегі атшабар бой көтеріп, дүбірлі дода өткеннен кейін де халықтың игілігіне жарайды. Тамыз айы орталанғанша құрылыс жұмыстары спорттық нысандарда толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

– Демек көшпелілер ойындарын өткізу үшін арнайы спорттық кешен салынбайды ғой?

– Этно спорт түрлері бойынша өтетін көшпелілер ойындарын өткізу мәртебесі бұйырғанда елордада бар спорттық кешен­дердің инфрақұрылымы жіті зерттелді.

20 спорт түрінен өтетін сайыстарды қамти­тын спорт кешеніміз жеткілікті. «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Тек этно ауыл ғана жаңадан бой көтереді. Мұнда көбіне мәдени іс-шара, концерттік бағдарлама өткізіледі. Эко­номикалық тиімділікті екшей отырып бой көтеретін этно ауылға жұмсалатын қаржы да қомақты болмайды.

– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу елдігімізді әйгілей түсумен қатар, ұлттық спортты ұлықтауға, дә­ріптеуге де серпін береді деп айта аламыз ба?

– Әрине, дүбірлі доданы өткізу «бекер мал шашпақ» деп айтуға әсте болмайды. Зерттеудің нәтижесін бағамдап айтқанда, кейінгі жылдары ұлттық спортқа қызығушылық, әсіресе төл өнерімізді үйренгісі келетін жастардың шоғыры қалың. Демек ұлттық ойындарымыз бұқаралық сипат алып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді деп айтуға болады. Жастардың арасында атқа міну үрдісі кең етек алды. Бұған қарап барлығы да ат құлағында ойнайды деу жаңсақ болар, дегенмен де ұлттық ұстынымызға қарай ойысып келе жатқаны қуантады. Көкпар әуесқойлар арасында жиі тартылады, садақ атуға да қызығатындар артып келеді. Көшпелілер ойындарын тамашалауға келген жастардың арасынан да жамбы атуға, теңге ілуге, көкпарға, садақ атуға, күреске қызығушылығы оянады деп сенеміз. Ұлттық спорт – тек ойын ғана емес, төл мәдениетіміз. Өркениеттің мәйегімен сусындап тереңірек танысатыны сөзсіз. Сондықтан Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын өткізу – мәдениетімізді жаңғырту деп білеміз. Доданы өткеру арқылы ұлттық спортымыздың насихатын әлемге танытамыз. Көшпелілер ойындарында АҚШ-тан ковбойлар да келіп, көкпар додасына қатысуға ықылас танытты. Олар бұған дейін де көкпарды қалай тартып, ойнаудың ережесін үйренді. Қазақ күресінен де бірнеше елде федерация ашылып, өнімді жұмыс атқарылды.

– Апат айтып келмейді қашанда. Көктемгі қызыл су бірнеше облыстың халқын әбігерге салды. Тасқынның зардабын жоюды жұмыла көтеруге үндеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын өткізуге бөлінетін қаржының қысқаратынын айтты.

– Дұрыс айтасыз, табиғи апаттың ешкім алдын ала болжап, зардабын біл­мейді. Бірнеше облысты су басып, үй­лерді, қора-жайды алып кетті. Өкі­ніш­ке қарай, адам шығыны да болды. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын өткізуге жұмсалатын қаржының мөлшері айтарлықтай қысқартылды. Ең бірінші спорт түрлері бойынша бағдарлама сараланды. Мысалы, күрес түрлері бірнеше салмақ бойынша өтеді деп жоспарланған. Алты салмақ бойынша өтеді деген күрес сайысы үш салмаққа азайды. Осылайша, қатысушылардың саны 4 мыңнан асады деп жоспарлаған додаға келетін спортшылардың қатары 2 есе азаятын болды. Көшпелілер ойындары үш бағытта – спорт, ғылым және мәдениет өрісі бо­йын­ша өтетіні белгілі. Мәдениет саласы бойынша осы іс-шара аясында 30-ға тарта халықаралық шығармашылық ұжым­ды шақырамыз деген жоспар құрылған. Бірақ қаржыны үнемдеу кезінде тек 10 ұжымды ғана шақырамыз деген байламға келдік. О баста спорттық ойындар бағдарламасына енгізілген кәрістің ссирым күресі қысқартылғандықтан белдесу өткі­зілмейтін болды.

Дүниежүзілік көшпелілер ойында­рының иесі ретінде Қырғызстан мемлекеті көкбөрі ойынын қосуға құмбыл екенін танытты. Көкпарды біздің спортшылар командалық сайыста шеңберге тартады. Бұл қазандыққа салым салумен салыст­ырғанда әлдеқайда қауіпсіз. Бірақ қырғыздар қазандықты мейлінше қауіпсіз, ат та, адам да соғылса, жарақат алмайтын жұмсақ материалмен қаптайтынын алға тартып отыр. Дегенмен де Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын ұйымдастырушы тарап қай-қай спорт түрінен де қатысу­шының бас амандығы, жарақат алмауы маңызды. Дүбірлі доданы бренд ретінде қалыптастырып, мадридтік һәм болондық жүйеге тіркеп, меншік құқығын иеленетін ел ретінде қырғыздар көкбөрі спортын сауын айтып қостырып отыр.

– Этно спорт түрлерінен сайыс өтетіні, мәдени іс-шаралардың көш­пелілер ойындарының мерекесін қыз­ды­ратыны белгілі. Ал ғылыми бағыт­тағы жұмыс қалай өріс алады?

– Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, ұлттық спортты ғылыми негізде дамытудың, заман талабына сай жаңғыртудың артықшылығы талқыланады деп үміт етеміз. Көшпелі­лердің тарихы, төл өнері туралы жан-жақ­ты талқылау өтеді. Ұлттық спорт түр­­лері бо­йын­ша спортшылардың әзір­лігін күшейту, төрешілердің біліктілігін арттыру­дың артықшылығы ғылыми негізде талқы­ланады. Ұлттық тағам түрлерінің ерек­ше­лігі осы ғылыми бағытта өрбитін конфе­ренцияның өзекті тақырыбына айналады.

 

Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»