InEcoFest-2024 мерекесінің Бас ботаникалық бақта ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар. Бұл – алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орны, айнала мен адамға қамқорлық жарасымды үйлесім тапқан инклюзивті алаң. Ботаникалық ғылым орталығында жанға жайлы демалыс орнын қалыптастыруға ұмтылыс әлемнің түкпір-түкпірінен бірегей өсімдіктер жинаудың маңызынан кем түспейді. Баққа кіру мүгедек адамдарға әрқашан тегін. Таза ауызсу бұрқақтары, демалуға арналған ыңғайлы орындықтар, пандустар мен санитарлық, сондай-ақ жүріп-тұруы қиын азаматтарға арналып жабдықталған бөлмелер әрбір келушінің қажеттілігі барынша ескерілгенін көрсетіп тұр. Отбасылық мереке кең көлемді танымдық және ойын-сауық бағдарламасын ұсына отырып, адамдарды бір-біріне құрметпен қарауға, табиғатқа жанашырлық танытуға жұмылдырады.
«Адам – экожүйенің бір бөлігі, қоғамның толыққанды қатысушысы. Ендеше, өмір сүріп отырған ортамызға жауапкершілікпен қарау – жоғары мәдениеттің белгісі. Ерекше қажеттілігі бар жандарды біріктіруге, заманауи дағдыларға үйретуге, өз әлеуетін толық ашуға шабыттандыру арқылы тең мүмкіндіктер туғызуға көмектесетін қоғам құру маңызды», деп атап өтті «IteachMe» қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиева.
Фестивальдың серіктесі «Шеврон» компаниясы 1993 жылы ынтымақтастық орнаған сәттен бастап еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға үлес қосумен қатар, әлеуметтік жобаларды да жан-жақты қолдауға басымдық беріп келеді. Содан бері компания білім беруді, денсаулық сақтауды жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға арналған 400-ден аса жобаға шамамен 500 млн доллар инвестициялады. Компанияның Еуразиялық бөлімшесінің келіссөздер және жобалар жөніндегі бас менеджері Гүлзира Өтетілеуова халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды қолдау жалғаса беретінін жеткізді.
Қатысушылар өз білім-тәжірибелерімен бөлісіп, өсімдіктерді дұрыс отырғызу, сурет салу, қалдықтарды бөлек жинау, роботтехника және флористика бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. «Tabigat Labs» жобалар коалициясы экология мәселелеріне урбанистика, әдебиет және білім беру ойындары арқылы үңілуді ұсынды. «Recycle Birge» сарапшылары Жандар Жанәбіл мен Мадина Рүстемова қалдықтарды тұрақты тұтыну мен қайта өңдеу қажеттілігіне ден қойды. «Inclusive People» жобасының негізін қалаушы және еліміздегі алғашқы кибер-модель Айман Молдабекова инклюзивті сәнге деген көзқарасымен бөлісті. Жоба модельдерінің мүмкіндіктің әртүрлілігі мен теңдігін көрсететін инклюзивті сән шоуы фестиваль қағидаларының айқын дәлелі болды. Әйгерім Ізбасарова мен Нюргуян Адамова «Мама Про» әлеуметтік әлсіз топтағы әйелдерді қолдау және дамыту қорынан ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасыларына мейірімділік сабақтары мен психологиялық қолдау көрсетіп, инклюзивті қоғам шеңберіндегі психологиялық әл-ауқатқа назар аударудың маңыздылығын атап өтті. «Болат Өтемұратов қоры ресурстық орталығының» тренерлері Юрий Чувашев пен Жанна Үмбетова барлық азамат үшін қоғамдық орындарда аутизм спектрі бұзылған адамдармен өзара іс-қимылдың маңызын талқылады. «Леруа Мерлен» компаниясы «жасыл» своп, өнер нысандарын жасау үшін пластикалық қақпақтарды жинаудың, флорариумдар мен астаулар жасаудың қыр-сырын үйретті.
Балалар да, ересектер де Басты ботаникалық бақтың экскурсияларына ерекше ынта-ықылас танытты. ЮНЕСКО-ның Қазақстан Ұлттық клубтар федерациясы мен Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы дайындаған фото және арт-көрмелер қонақтардың ерекше назарын аударды. «Impact Hub Almaty» қолдауымен ұйымдастырылған кітап клубы мен жәрмеңке алаңы келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды. Аутистік спектрі бұзылған балалар мен олардың ата-аналары қатысқан «Аутизмды жеңеміз!» орталығының концерті адамдарды бейжай қалдырмады. Әлеуметтік жобалар көрмесі экология мен инклюзияның маңызды бастамаларымен айналысатын адамдармен танысуға мүмкіндік берсе, қайырымдылық жәрмеңкесі жергілікті өндірушілерді қолдай отырып, эко-тауарлар мен қолдан жасалған бұйымдарды ұсынды.