Әлқисса, Нұра және Есіл өзендерінің алаптарында орналасқан ортағасырлық қалаларды зерттеу ХХ ғасырдың басынан қолға алына бастаған. Соның нәтижесінде 1998 жылы археолог Кемел Ақышев Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақ қаласының орнын тапты. «Топографиялық зерттеу барысында Бозоқ қалашығына Есілден су тартылғанын аңғардық. Каналдың ұзындығы бес шақырымға жетеді, ені екі метрден асады. Қалашықтың қорғаныс жүйесі де жетік болған секілді, сыртқа шығатын және көрші бөліктерге баратын есік орны бар. Бұл жердің рухани, мәдени орын болғаны айдан анық», деп айтқан болатын заманында археологтің өзі. Бұл – көшпелілерде қала мәдениеті болмаған дейтін жүйесіз тұжырымдарға қарсы дәлел.
Қала туралы алғашқы мәліметтер топограф, патша әскерінің офицері И.П. Шангиннің жазбаларында кездеседі. Ол бас штабтың тапсырмасымен Арқа даласының жер-суын зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ өз күнделігінде Ақмоладан алыс емес жерде ескі қаланың орны бар екендігін жазған.
Дәл сол орында шамамен 700 жыл бұрын өмір сүрген, «Інжу» атанып кеткен әйелдің сүйегі табылған. Оның жанынан темір қанжар, найза сияқты қару-жарақтары, оң қолының тұсынан күміс кесе табылған. Бұл заттар оның кезінде атқа мініп жауға шапқан ержүрек жауынгер болғанын дәлелдейтінін ғалымдар айтып жүр.
Іс-шарада алғашқы болып құттықтау сөзін сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова да көне мәдениеттің көркем үлгісін көрсеткен Бозоқтың ұлттық танымдағы орны мен қыпшақ қыздарының сән-салтанатын айрықша атап өтті.
«Біздің басты құндылығымыз – бабалардың бай дәстүрі. Оған тереңдеген сайын халқымыздың әйел затына аса құрметпен қарағанын байқаймыз. Әсіресе оны әшекей бұйымдарының көз тартар әсемдігі айтып тұрады. Шолпы мен шашбау – қыз баланың ар-ұятының бедерлі бейнесі. Оны қайтадан жалпыхалықтық қолданысқа енгізу – ұлт мәдениетінің жаңғырған көрінісі болары анық», деді ол.
Осы орайда құрметті қонақтардың ішінде болған фольклортанушы, мифолог Зира Наурызбаеваның аталған әшекейлерге қатысты пікірін ұсынғымыз келеді: «Қазақ тұрмысында келіннің жақын құрбылары күйеуінің қарындастары болады. Бұл байланыс үйлену тойы үстінде-ақ басталып кетеді. Беташар рәсімі кезінде сәлем салғанда шашындағы әшекейлер ыңғайсыз болмауы үшін қайын сіңлілері жеңгесінің шашбауын көтеріп, демеп тұратын болған. Осыдан ел ішінде біреудің сөзін сөйлеп жақтасса, намысын жыртысса «шашбауын көтерді» деген тіркес қалыптасқан».
Ал Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова көне қаланы қалыпқа келтірудің ұрпақ санасына әсері туралы ой сабақтады. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізіне айналды, өйткені оларда ғасырлық тәжірибе қалыптасқан. Мыңжылдық бойы бізге жеткен құндылықтарды құрметтеу және түсіну, сондай-ақ ұмытылған дәстүрлерді жаңғырту халқымыздың жалпы тарихи контекстегі рөлін түсінуге мүмкіндік береді», деді.
Бозоқ культі тек ғалымдардың ғана емес,шығармашылық өкілдерінің де назарын аударған. Мәселен, жазушы Шәрбану Бейсенова «Бозоқ аруы» кітабын шығарса, композитор жауынгер аруға арналған музыкалық шығарма жазды. Ал қарымды Қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Камиль Муллашев аталған тақырыпта «Інжу» атты картинасын жазып шыққан. Оның бұл туындысы фестивальдың басты нышаны болды. «Картинаны салу барысында қыпшақ мәдениеті хақында жазылған еңбектерді қарастырдым. Олардың тұрмысы, киім үлгісі мен бет-әлпетінің бейнесін басты назарға алдым. Тұрақты ізденіс нәтижесінде осындай картина дүниеге келді. Бозоқ аруының бойынан мінезін, бекзаттығын көрсеткім келді. Сонымен қатар орта ғасырдағы қыпшақ қаласының озық мәдениетін кенеп кеңістігінде көрсетуге тырыстым», деді автор.
Құттықтау сөздерден кейін көрме қонақтары назарына ұлттық әшекей бұйымдарынан дефиле ұсынылды. Дефиле барысында мойын-самай әшекейлері, сырғалар, білезіктер мен шашбау, шолпы секілді бұрым әшекейлері көрсетілді.