Қоғам • 02 Тамыз, 2024

Ауызсу мәселесі шешіледі

68 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауданының бірқатар аулы мен аудан орталығы Шетпе аулының кейбір шағын аудандарындағы шетін мәселе – ауызсу. Нақты айтсақ, аудан орталығынан шалғайдағы Тұщықұдық, Шебір ауылдарының тұрғындары іргесіндегі Көңдіқұдық жерасты суына қол жеткізе алмай келген еді. Бұл мәселе ауданның экономикалық-әлеуметтік мәселелерін шешіп, әлеуетін көтеретін «Маңғыстау ауданы серпіні» ­жобасынан тыс қалған жоқ.

Ауызсу мәселесі шешіледі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ауданда ауызсу тап­шы­лы­ғын болдырмау, орын алып келген мәселелерді еңсеру бағытында көңілге қонымды жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып, бірқатар сумен жабдықтау желілерінің құрылысы басталған еді. Жуырда Маңғыстау ауда­нында сумен жабдықтау желі­ле­рінің жоспарланған құрылыс жұмыстары таныстырылды.

«Көңдіқұдық-Тұщықұдық» су құбырының құрылысы – ма­ңызды жобалардың бірі. Арақашықтығы 14 шақырымға жететін Көңдіқұдық жерасты суы құдығы мен Тұщықұдық ауылдарын жалғайтын су құбы­рының басталған құрылыс жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр. Бұған дейін Астра­хань-Маңғышлақ, яғни Қиғаш су құбырымен келетін ауызсуды пайдаланып келген тұщықұдықтық тұрғындардың ерніне жоба іске қосылғанда Көңдіқұдықтың суы тиеді.

Сондай-ақ сумен қамту жұмысының бірінші кезеңі аясында Шетпе ауылындағы Жаңаорпа-2, Ащыбұлақ-1 және Ащыбұлақ-2 шағын аудандарына су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязовтың айтуынша, 2012 жылы Жаңа­орпа-1 шағын ауданында 500 тұрғын үйге су құбыры тартылған болса, былтыр
1 040 үйге шамамен ұзындығы 57 шақырымды құрай­тын су құбыры жүргізіл­ген. Аталған жұмыстың екін­ші кезе­ңінде «Қарақұдық» кен­ ор­нын­дағы 8 ұңғыманы бұрғылау жұ­мыс­­тарын бастау, су тазартатын құ­рылғы мен көлемі 400 текше метр және 2 мың текше метр­ді құ­р­айтын резервуар құ­ры­лыс­та­рын орналастыру жос­пар­да бар.

– Су – тіршілік көзі. Сон­дық­тан тұрғындарды сумен қам­та­масыз ету – кезек күт­тір­мейтін мәселе. Жалпы аудан халқын, яғни аталған шағын аудандарды мөлшерлі деңгейде сумен қамту мәселесі шамамен жыл соңына қарай шешіледі, – деді Ғ.Ниязов.

Су ұңғымаларын қазу да – қиындығы мол жауапты жұмыс.

– Бүгінде қазу жұмыстарын бастап кеттік. Қазіргі таңда он адам жұмыс істеп жатыр, қосымша тағы бірнеше жігіт жұмысқа тартылды. Жерасты суын тарту – күрделі жұмыс, сорғы құрылғылары арқылы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Табиғи жерасты ауызсуына қол жеткізу біраз уақытты, үлкен еңбекті талап етеді. Бастама нәтижелі болса, суға қатысты мәселе өз шешімін табады деген сенімдемін, –дейді ұңғыма қазуға жауапты мекеме директоры Асқарбек Сайынұлы.

Сумен қамтамасыз ету жұ­­­мыс­тарында гидрогеолог Автан­дил Гавашелишвилидің еңбегі зор. Ол жерасты су қо­рына қа­­тыс­ты ақпаратпен бөлі­сіп, мәсе­­ле­­нің түйткілді тұс­та­рына тоқталды.

– Менің ойымша, Шетпе кентіндегі су құбырларының мәселесі шешілсе, жұмыс жеңілдеуі мүмкін. Бұл мәселе, өкініштісі, бір күнде бітпейді. Алдымен инфрақұрылым рет­телуі қажет және мықты мер­ді­гер­лермен жоспарлы жұмыс істеп, артылған жауапкершілікті жоғарғы деңгейде алып шығуы­мыз керек, – дейді гидрогеолог.

Маңғыстау ауданындағы тұрғындарды сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар мұ­қият зерделеніп, жан-жақты жос­парланып, тиянақты жүр­гі­­зіліп жатыр. Өткен жылы ау­дан­ның 95 жылдық мерей­то­йында көңіл көтеретін аста-төк іс-шаралармен емес, ха­лық тұрмысы үшін қажетті әлеу­меттік, инфрақұрылым­дық мәсе­лелерді, абаттандыру сияқ­ты маңызды мәселелерді шешуі­мен ерекшеленген аудан­ның сумен қамту бағы­тындағы бас­тамалары да тың­ғылықты. Аталған жобалар өз мәресіне жеткен кезде аудан тұрғындары су мәселесіне мазасызданбайды.

 

Маңғыстау облысы