Шаруашылық • 08 Тамыз, 2024

«Егінжайда» қозғалды елдің қамы

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастырумен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Егінжай күні» ғылыми-практикалық семинары өткізілді. Дала төсінде өткен бұл іс-шараға ғалымдар, агрономдар, фермерлер мен сарапшылар жиналып, ауыл шаруашылығындағы толғақты мәселелер төңірегінде ой қозғады. Аграрлық саланың озық технологиялары орналастырылған ауыл шаруашылығы көрмесімен танысты.

«Егінжайда» қозғалды елдің қамы

Су ресурстарын тиімді басқару маңызды

«Ауыл шаруашылығының тұрақ­ты дамуы: су ресурстарын тиім­ді және қауіпсіз басқару» деп аталған осы жиынға қатысушылар су тапшылығының негізгі себеп­терін, оның ел экономикасы мен азық-тү­лік қауіпсіздігіне әсерін талқы­лап, мәселені шешу жолдарын қарастырды.

Ұлттық ғылым академия­сы­­­ның президенті Ақылбек Кү­ріш­­баев­тың айтуынша, елдің су ресурстарының жартысына жуы­ғы мемлекеттен тыс жерде қалыптасып отыр.

«Дүниежүзілік банк сарап­шы­­ларының дерегінше, 2030 жылға қарай еліміздегі су ресурс­тарының көлемі 15 пайыз­ға қыс­қарады, бұл елдің ұлттық қауіп­­­сіздігіне төне­тін басты қа­тер­­­лердің біріне айналады.

Біздегі жалпы су тұтыну көлемінің 70 па­йызы ауыл шаруашылығына жұм­салады. Егер кешенді түрде су ресурстарын тиімді басқаруды үйренсек, онда су тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға қыс­қартып, ауыл шаруашылығы дақыл­да­рының өнімділігін 1,5 есе арттыра ала­мыз. Бұл теория емес, бұл біздің озық шаруашылықтарымыздың нақты көр­­­­­сеткіші. Мұның бәрін біз бүгін тәжі­ри­бе алаңдарында көрдік», деді ҰҒА пре­зи­денті.

ва

Арналардың көбі (78 пайызы) топырақтан қазылады, сол себепті, ағын судың шамамен 40 пайызы тұтынушыға жеткенше жерге сіңіп кетеді. Суармалы жерлердің тек 20 пайызында су үнемдеу технологиялары қолданылады, оның ішінде тамшылатып суару 5,4 пайызға тең. ҰҒА басшысы ішкі жалпы өнімнің 1 долларына шаққанда еліміз Ресейден 3 есе, АҚШ-тан 6 есе көп су жұмсап отырғанын айтты. Суармалы жердің жай-күйі тіптен қиын. 1991 жылмен салыстырғанда, олардың ауданы үштен бірге қыс­қарды немесе 846 мың гектардан астам жер айналымынан шығарылды, бұл негі­зінен су жетіспеушілігінен және олар­дың мелиоративтік жағдайының нашар­лауынан болып отыр, дейді Ақылбек Күрішбаев.

 

Өңір әлеуеті артып келеді

«Бүгінгі іс-шара аграрлық ғылым­ды жетілдіру жолындағы тағы бір қадам ретінде заманауи технология­лар мен өсімдік сорттарын пайда­лану мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ауыл шаруашылығы – облыс эконо­ми­касының негізгі драйвері, себебі тұр­ғын­дардың 84 пайызы ауылда тұрады», деді алқалы жиында сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Өңір басшысының мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта өнімнің жалпы шығарылымы 190,1 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,5 пайызға жеткен. Облыс республика бойынша ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көле­мі бойынша 12,1 пайыз үлесімен 2-орында. Осы жылы егіс алқабы 461,6 мың гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 4,2 мың гектарға артық. 2024 жылы экономикалық өсімнің ­6 пайызын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруа­шылығындағы өнімділікті арттыру маңызды. Бұл ретте, шаруаларды жоғары сапалы аудандастырылған және мол өнім беретін сорттық тұқымдармен үздік­­сіз қамтамасыз ету – басты мін­дет­тер­­дің бірі.

 

Суармалы жер аумағы кеңейеді

Қазақстанда суармалы жер ауданы ша­ма­мен 1,6 млн гектар, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жет­­кіліксіз дейді Су ресурс­тары және ирри­­гация бірінші вице-министрі Болат Бек­нияз.

«Суармалы жер аумағын 2030 жыл­ға қарай 2,5 млн гектарға дейін кеңей­ту жоспарланып отыр. Қазір министр­лік жаңа Су кодексінің жобасын әзір­леу бойынша жұмыс істеп жатыр. Заң­на­мадағы басты назар елдің су-ресурс­тық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ре­сурс­тарын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталады. Негізгі міндет­терге суды үнемдеу сая­сатын қалып­тастыру, сұранысты бас­қару, қоғам­д­ық бақылауды жүзеге асыру, ғылы­ми негізделген тәсіл, бас­қару­дың эконо­ми­калық тетіктері, құ­ры­­­лыстарды пайдалану қауіпсіздігі және тазар­тылған сарқынды суларды қай­та пайдалану бағыттары енгізілді», дейді вице-министр.

Тағы бір маңызды міндет – фер­мер­лер­ді суды үнемдейтін жаб­дық­тар­мен қам­тамасыз ету. Бұл күнде рес­публика аума­ғында жаңбырлату маши­на­ларын шыға­ратын екі отандық зауыт жұмыс істей­ді – «BNK Group LTD» ЖШС (Түр­­кістан облысы) және «ADAM manufacturing» ЖШС (Астана қаласы). Сон­дай-ақ «Kazakh Invest» АҚ Жамбыл об­лысы мен Атырау қала­сында су үнем­­деу технология­ла­рын шы­ға­ратын зауыт­­тар құру мақ­са­тында қытай­лық «Vodar» ком­паниясы­мен және түр­кия­лық «AFKO» компаниясымен жұмыс жүр­гізіп жатыр.

 

Жеңілдетілген несие көлемі артты

Биыл алғаш рет көктемгі егіс жұмыс­тарына жеңілдікпен несие беру көлемі жылдық 5 пайызбен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл жаңалықты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов сүйіншіледі.

«Өткен жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Егіс жұмыс­тарын қаржыландыруға 304 млрд теңге бағыт­талды. Биылдан бастап агро­өнеркәсіп кешені субъектілеріне жыл­дық «таза» 5 пайызбен несие беру үшін сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субси­диялау тетігі енгізілді. Бұл туралы көп айтылды, өйткені көбіне фермерлер субси­дия­лауға қаражат болмаса, толық мөл­шер­лемені 22 пайызбен және одан жоғары төлеуге мәжбүр болады. Енді көктемгі дала жұмыстарына бірден 5 пайыз несие алуға болады. Сондай-ақ отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техни­ка­сының жеңілдетілген лизингі бағ­дар­­ламасы «ҚазАгроҚаржы» арқы­лы 100 млрд теңге сомасында «таза» жыл­­дық 5 пайызбен іске қосылды», деді ол.

Тыңайтқыштарды қолдануды ұлғайту үшін 2024 жылғы наурыздан бастап отандық тыңайтқыш­тарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Онда фермерлер алдын ала арзандатылған тыңайтқыштармен қамтамасыз етіледі. Субсидия нормасы 50 пайыздан 60 пайызға дейін көбейтілді. Қазірдің өзінде жоспар 1,5 млн тонна болса, 1,1 млн тонна тыңайтқыш енгізілді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында элиталық тұқымдар үлесі 2024 жылы 7,1 пайыздан 9 пайызға дейін өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 30 мамырда 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешен­ді жоспары қабылданды. Кешенді жос­­­парда тұқым шаруашылығын­дағы жүйелі проблемаларды, оның ішінде селекция мен тұқым шаруа­шылығының заңнамалық базасын жетілдіру, аграрлық ғылым жүйе­сін зерттеу қызметінің заманауи әдіс­теріне көшіру және білім беру бағ­дарламаларын жаңарту есебінен шешу жөніндегі шаралар көзделген.

Еркін пікір алмасу алаңында айтыл­ған ұсыныстарды Ұлттық ғылым академиясы мұқият зерделеп, болашақта ғылыми зерттеулердің тақырыптарын әзірлеу үшін пайдаланбақ. Сондай-ақ басқару шешімдерін қабылдау барысында және Үкімет пен мемлекеттік органдарға ұсыныстар дайындау кезінде ұтымды ұсыныстар ескеріледі. Ақылбек Күрішбаев ғылыми ұйымдар қазіргі және келешектегі проблемаларды шешуде фермерлердің, су саласы қызметкерлерінің шынайы серіктесі бола алатынына сенім білдірді.

 

Алматы облысы