Құқық • 09 Тамыз, 2024

Қитұрқысы көп киберқылмыспен күрес

101 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі кездері интернеттегі алаяқтар тудырған келең­сіз­діктерге байланысты әлдебір бөтен телефон нөмірінен қоңырау түсе қалса, күдіктене қарайтынымыз рас. Ол адам сен үшін жақын адамың болуы да мүмкін екенін, сондай-ақ «алло» деген бір ауыз сөзің арқылы қалтаң қағылатынын да ойлайсың. Қалай дегенде де, айла артылмайтын әккі алаяқтардың айла-шарғысына тоқтау болмай тұр.

Қитұрқысы көп киберқылмыспен күрес

Қазір елімізде Ішкі істер ми­нистр­лі­гінің ки­бер­­­­қылмысқа, оның ішін­де телефон және интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023–2025 жыл­дарға арналған бағдар­ламасы іске асы­рылып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Алайда кәсібі сол болған­дықтан, қыл­мыс­керлердің саны да, олар жасайтын қыл­мыс та күн санап өсіп, өршіп барады.

Абай облысы полиция депар­та­менті ұсынған деректерге сүйен­сек, биыл­ екінші тоқ­са­н қоры­тын­дысы бойынша облысы аумағында осындай 320 қыл­мыс тіркеліп, ­70 қылмыстық іс сотқа жолданған. Мұндай қыл­мыстарды ашу және тергеу белгілі бір қиындық тудыратынын мамандар ашық айтады. Өйткені бұл қылмыс түрі көбіне трансшекаралық болып келеді. Ең жеңіл дегеннің өзінде, жәбір­ленуші басқа қалада, ал қыл­мыс­кер еліміздің өзге елді меке­нінде болып шығады. Тергеу-анық­тау шараларына кететін уақыттан бөлек, басқа да іске қатыстылығын тексеру де оңай емес.

Тұрғындар көбінесе танымал сайттар мен әлеуметтік желі­лер­дегі онлайн-сауда саласындағы алдау-арбаудың құрбаны болған. Сондай-ақ алаяқтар онлайн-несиелер, банктік карталар, бәс тігу, интернет ойындар мен лотереялар арқылы халықтың қалтасын үптеп жатыр. Көп жағдайда алдау арқылы ұрлықтың күрт өсуі аза­маттардың алаяқтық­тың жаңа тәсілдері мен түрлерін жете білмеуінде екен. Басты мәселе заттарды сатып алудағы ақша үнемдеу, бір сөзбен айтқанда, шектен тыс үнемшілдік те қылмыстың өсуіне себеп болып отыр.

Қылмыстық кодексте интер­нет-алаяқтық бөгде біреудің мүл­кін ұрлау немесе алдау арқылы пай­даға жарату, қылмыскерлердің цифрлық технологияны қолдана отырып, жәбірленушілерге айтарлықтай зиян келтіруі деп сипатталады. Абай облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Әсет Егеубаевтың айтуынша, осы күнге дейін қозғалған қылмыстық істердің ішінде ең көп таралған алаяқтық түрі интернет-дүкенде жүзеге асқан қылмыс екен.

«Мұнда қылмыскер сізден алдын ала төлем жасауды сұрай­ды және ақша алғаннан кейін бай­­ланыс аяқталады. Одан кейін олар­мен байланысу мүм­кін емес. Екінші, сіздің интернет дүкені арқылы жасаған тап­сы­рысы­ңыз­дың орнына жалған зат жет­кі­зілуі мүмкін. Талап қоятын, сұрау салатын ешкім болмайды», дейді Әсет Нұрланұлы.

Тәртіп сақшысымен сұхбат барысында ұққанымыз – өзіңіз күдіктенген немесе бейтаныс телефон қоңырауына жауап бермеген ләзім. Қылмыстық топ болып жұмыс істейтін алаяқтар сіздің даусыңызды пайдаланып, жақыныңызға немесе басқа адамға қоңырау шалып, «сіз болып» ақша сұрауы мүмкін. Бұған қоса өзіңіз жете танымайтын телефон нөмірі арқылы жасалған бейнеқоңырау да қауіпті. Қызық үшін, «кім болды екен» деген қызығушылық үшін де тұтқаны көтермеген дұрыс. Сіз бір ауыз сөз айтпасаңыз да қылмыскерлер арнайы құрылғы арқылы сіздің бет-пішініңізді жазып алады. Одан кейін сіздің түр-сипатыңызбен әлдекімге бейне­қоңырау жасау немесе сіздің бейнеңізді пайдаланып несие рәсімдеу қиынға соқпайды.

Осы интернет-алаяқтыққа қатысты «Фишинг» және «Клик­­джекинг» термин­дерін атап айту­ға болады. Фишинг – пай­да­лану­шы­лардың құпия деректеріне ло­гин­дер мен парольдерге қол жеткізуге бағытталған интернет-алаяқтық. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желі­лердегі аккаунттарды бұзу­ға жағдай туғызу.

Кликджекинг – интернет пай­да­ланушыларын алдау меха­низмі. Мұнда қылмыскер құпия ақпа­ратқа немесе тіпті пайда­ла­нушының компьютеріне оны сыртқы зиянсыз бетке тартумен қоса, зиян­ды кодты қауіпсіз бетке енгізу арқылы қол жеткізеті­нін айтады. Әлеуметтік желідегі ресурсқа жазылудан бастап құпия ақпаратты ұрлауға және интернет дүкендерде біреудің есебінен сатып алулар жасауға дейін әртүрлі технология қолданылады.

Киберқылмысқа қатысты біраз нәрсені зерделегенімізде ұққанымыз өте көп. Солардың бірі сізге, яғни бізге жолданатын әлдебір әлеуметтік желілердің сілтемелері де үлкен қылмысқа соқтыруы мүмкін. Неге дерсіз? Өзінің арам ойын жүзеге асыр­ғы­сы келгендер қарапайым адамдар үшін арнайы сілтеме құрады. Сіз осы сілтемеге өту арқылы өзі­ңіз жайындағы ақпа­рат­­тар­дың пайда­ланылуына авто­­мат­ты түрде рұқсат бересіз. Бұл қан­­дай сілтемелер болуы мүм­­кін? Айтайық, тарқатайық. Сізге әдеттегідей хат келді делік. Аш­­са­­ңыз «әлдеқандай сілтемеге өтіп менің пәленбай деген балама көмек қолын созыңыз немесе дауыс­ беріңіз» деген сияқ­ты сөздер болуы мүмкін. Тәр­тіп сақ­шы­лары әлеуметтік желі­лер­дегі аккаунт­тар­дың аяқасты қол­ды болуына осындай жайт­тар­дың түрткі болғанын алға тар­та­ды. Сондықтан сізге үздік­сіз жібе­ріліп тұратын сілте­ме­­лердің не туралы, кім туралы еке­ніне көз жеткізбейінше ашу да, көзді жұмып кіре салып, қай­та­дан шығып кету де сіз туралы мәлі­мет­­тердің жария болуына жол аша­рын әр кез ескерген дұрыс. Бұған қо­сымша тағы айтарымыз – сауда дүкен­дері мен мекемелердің мерей­­тойына арналған интернет ак­ция­­лардың анау айтарлықтай қаупі жоғары болатынын есте тұт­қан жөн.

«Интернет казинолар, жал­а­қыға дейін онлайн несие беру, танысу сайттары, интернет арқылы валюта айырбастау да адам­дар үшін үлкен өкінішпен аяқ­та­луы мүмкін. Алаяқтар басқа бир­жа­ларда сәтті фрилансерлік шот­­тардың клондарын жасап, олар­дың атынан клиенттерден алдын-ала төлем қабылдай отырып әре­кет етеді. Портфолио және бар­­лық жеке ақпарат табиғи түрде ұр­ланады», дейді тұрғындармен ті­ке­лей, жиі қарым-қатынас жа­сай­тын криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Ә.Егеубаев.

Технология дамып жатқан жаппай цифрландыру дәуірінде алаяқтық жасаудың тағы бір танымал тәсілі – банк немесе полиция, байланыс операторлары қызметкерлері болып қоңырау шалу. Алаяқтар сізге банк карточкасында және шотыңызда күдікті операциялардың жүріп жатқанын хабарлайды. Банк картасының нөмірін айтуды талап етіп, керекті ақпаратты нақтылауды ұсынады, алынған мәліметтердің көмегімен олар интернет-банкингке қосылады да, шоттардағы ақшаны жымқырады. Мамандар банк немесе басқа сала қызметкерлері өз клиенттеріне ешқашан хабарласпайтынын ескертеді. Алаяқтар жиі пайдаланатын, көпшілік сазға отырып қалатын «Анидеск», «Тимвивер», «Растдеск» бағдарламаларын жүк­теп алуды сұраған кез келген жанның жымысқы ойын бірден түсінуге болады.

Интернеттегі алаяқтықтың алдын алуға байланысты ескертулер мен халық­ты ақпараттандыру тәртіп сақшылары тарапынан ұдайы жүргізіліп отырады. Соған қарамастан сенгіштік пен аяқ астынан қаржыға кенелуді көздеген жәбірленушілердің өздері осы кереғар істің басылмай, қайта өршіп тұрғанына себеп болып отырғаны өкінішті. Қылмыспен күрестің басты мақсаты – халық­тың қаржылық сауатын арттыру. Бұл жөнінде ақпараттық-коммуникациялық желілерде біршама толыққанды ақпарат­тар бар. «Сақтансаң – сақтаймын» дейді халқымыз. Сақтық шараларын өз бойымызда күшейте білсек, өзге біреудің де жаза баспауының алдын алуға болады. Осындай қылмысқа шыр­малып, тапқанынан айырылып қалған немесе өзге біреудің атынан онлайн несие рәсімделген болса, оның да шешімі табылады. Дегенмен мұның артында жүйке жұқартатын, төзім-тағатыңызды тауысатын көп шаруаның барын әрдайым есте ұстаған жөн.

 

Абай облысы