Қоғам • 10 Тамыз, 2024

Өңірдің өзекті мәселелері қаралды

51 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы консультативтік кездесуі алдында Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан сыртқы істер саласының басшылары қатысты.

Өңірдің өзекті мәселелері қаралды

Фото: instagram.com/mfa_kz/

Жиында Орталық Азияның сырт­қы саяси ведомство­ларының басшылары алтыншы Кон­сульта­тивтік кездесудің күн тәртібі мен қорытынды құжат­тарының жобаларын қарады.

Кеңестің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Рес­­публикасы Премьер-минис­трі­нің орынбасары – Сыртқы істер ми­нистрі Мұрат Нұртілеу алдымен әріптестеріне кеңеске қатысуға шақыруын қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі кездесу біздің ор­тақ қолдауымызды және бесжақ­ты ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын міндеттерді айғақ­тайды. Біз төрағалық шеңберінде атқарылған бірлескен жұмысты қорытындылаймыз, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бо­йынша пікір алмасуымыз керек. Бұл кездесудің нәтижелі болатынына және Орталық Азия елдері көшбасшыларының саммиті табысты өтетініне сенімдімін, – деді Мұрат Нұртілеу.

Сондай-ақ ол біздің көшбас­шыларымыздың саяси еркі мен даналығының арқасында аймақта сенім ахуалы орнағанын атап өтті.

– Жыл сайын өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету үшін жоспарлы жағдай жасалып жатыр. Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының ал­ғашқы консультативтік кездесуі өткен сәттен бастап елеулі прогрес­ке қол жеткіздік, – деген еліміздің Сыртқы істер министрі Орталық Азиядағы саяси-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда өңір елдерінің жиынтық ІЖӨ шамамен 450 млрд долларды құрап отыр. Нәтижесінде, өзара сауданың тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда 80%-ға өсіп, 11 млрд долларға жеткен екен.

– Парламенттер, қауіпсіздік кеңестері, салалық ведомстволар желісі бойынша өзара іс-қи­мыл тетіктері, сондай-ақ әйел көшбасшылар диалогі іске қо­сылды. Биыл біз практикалық өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейіне жеттік. Ұлттық үйлес­тірушілер кеңесі өз қызметін бас­тады. Өңір­лік кооперациядағы қол жеткі­зілген прогресс халық­аралық қоғам­дастықта да үлкен қызығу­шылық тудырды, сондай-ақ біз­дің ең жақын стратегиялық серік­тестеріміз қолдайды, – деді М.Нұртілеу.

Министр бұған Қытай, Ресей, АҚШ, Үндістан, Жапония, Корея Республикасы, Германия, Италия, сондай-ақ бірқатар көпжақты құрылымның қатысуымен «Орта­лық Азия+» форматында өткізілген кездесулердің қорытындылары дәлел екенін атап өтті.

Мұрат Нұртілеу кеңес отырысы барысында біздің ел төраға ретінде консультативтік кездесулердің әлеуетін одан әрі нығайту жұмыс­тарын белсенді атқарғанын айрықша айтып өтті.

– Қауіпсіздік кеңестері хатшы­ларының, энергетика және ақпарат министрлерінің кездесулері, сондай-ақ Орталық Азия елдері тарихшыларының форумы алғаш рет өткізілді. Осыған байланыс­ты қазақстандық бастамаларды қолдағаны және өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларында бірқатар құжатты дайындау бойынша бірлескен жемісті жұмысы үшін алғыс айта­мын. Бүгінгі саммиттің қоры­тындысы бойынша мемлекет басшылары «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамыту тұжырымдамасына қол қоймақ. Осы құжаттарды іске асыру өзара тиімді әріптестікті одан әрі үдемелі дамытуға және біздің өңірдің халықаралық субъективтілігін ны­ғайтуға қызмет ететініне сенім­дімін, – деді министр сөзін қорытындылай келіп.

Бұдан басқа, делегаттар кеңес отырысында өңірлік байланысты тереңдету және бесжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамыту келешегі туралы пікір алмасып, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.