– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуына да санаулы күн қалды. Асық ату ойынынан алғаш рет дода өтеді, мергендеріміздің даярлығы қалай?
– Бұған дейін төрт рет ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына асық ату сайысын ұсынғанымызбен қабылдаған жоқ. Тіпті 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының тізіміне енгенімен, сайыс жақындағанда түрік тарапы бірнеше спорт түрін қысқартып, тек 8 сайыс бойынша ғана өткізді. Сонда біздің асық ату ғана емес, қырғыздың ордо ойыны да қысқарып қалды. Бұл жолы өз елімізде, елордамызда өтетін аламанда мергендер асық ату ғана емес, бес асықтан да сайысқа түседі. Көшпелілер ойындарында жақсы нәтиже көрсету үшін құрама команда мүшелері төрт рет оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Атап айтсақ, асық ату спортынан оқу-жаттығу жиындары Алматы, Шымкент, Щучинск қалаларында болса, қырғыздың ордо ойынынан Шолпан-Ата қаласында өтті. Енді алдымызда 27 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Астанада соңғы оқу-жаттығу жиыны өтеді. Көшпелілер ойындарында асық ату мен бес асықтан чемпиондық атаққа ие боламыз деген мақсатымыз бар. Ал қырғыздардың ордо ойынынан кем дегенде күміс медальға ие боламыз деген меже қойып отырмыз.
– Сонда ордодан біздің мергендердің чемпиондыққа әлеуеті жетпей ме?
– Қырғыздың байырғы төл ойыны болғандықтан да оның ережесі, ойнау тәртібі тым күрделі. Біздің спортшылар Қырғызстанда осы елдің ордошыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізгенде біраз жайтқа қанықты. Әрине, чемпион атануға бар күшімізді саламыз, дегенмен олар ордодан оңай жеңіле қоймайды. Ал асық ату мен бес асықтан біз намысты қолдан бермей жеңіске жетуге барымызды саламыз. Ордодан қырғыздар ғана емес, тәжіктер де тегеурінді.
– Тағы бір ақжолтай жаңалық, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аясында асық атудан әлем чемпионаты өтеді екен.
– Дұрыс айтасыз, асық атудан, бес тас, қырғыздың ордосынан сайыс өткен соң Астана қаласында көшпелілер ойындарына қатысқан командалар арасында асық атудан тұңғыш рет әлем чемпионаты ұйымдастырылады.
Ұлттық ойынымыз асық атуды этноспорт деңгейіне көтеріп, дамыту үшін атқаратын шаруа өте көп. Төл өнерімізді насихаттау қашанда маңызды. Асық ату спортын шетелдерде дамытуды қолға алу мақсатында Испаниямен, Ресейдің Саха Республикасымен меморандумға қол қойдық. Түріктермен, румындармен, қырғыз, моңғолдармен байланысымыз жақсы. Биыл ашылған халықаралық федерация осы мәселені нақты қолға алу керек. Сол кезде асық спортын әлем бойынша дамытуға болады. Көшпелілер ойындарына бүгінгі таңда асық атудан 17 мемлекет өкілдері қатысатынын растады. Бұл – қуанарлық жайт. Әлемде асық ойынымызды үйреніп, меңгеруге ұмтылушылар қатары артып келеді.
Ұлттық ойынымызды дамытудың тиімді тұсы мен артықшылығы көп. Асық ату спорты шығынды аз қажет ететін, қолжетімді спорт түрі болғандықтан бұқаралық спорт түріне айналдыру міндеті алдымызда тұр. Биыл 5 мамырды еліміз бойынша Асық күні етіп белгілеп, сол күні халық болып асық ойнады. 5 шілде күні Ақтөбе қаласында «Қазақстан барысы» турнирі секілді асық атудан «Алаш сақасы» республикалық турнирін жоғары деңгейде өткіздік. Ол турнирдің алдымен аудандық, облыстық кезеңдері өтіп, әр облыстан жеңімпаз атанған екі адам Ақтөбе қаласында өтетін соңғы финалдық ойындарда бақ сынады. Сонымен қатар халықаралық Асық ату федерациясының қолдауымен 25 қазанда Астана қаласында республикалық турнир өтпек. Мұның бәрі – ұлттық ойынымыз асық ату спортын дамыту бағытында жасалып жатқан игі істер.
– Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысатын мергендер чемпион атанса, қандайда бір спорттық атақ беріле ме?
– Асық атудан және бес асықтан бұған дейін халықаралық додалардың шоқтықтысы деп әлем кубогін айтуға болады. Міне, сол аламанда құралайды көзге атқан қол мергендеріміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Бұдан былай әлем кубогі, әлем біріншілігі, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында чемпион атанған спортшыларға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріледі. Ал Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен мерген спорт шебері атанады.
– Асық ату ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Оған да күш салғаныңызды білеміз. Әлемдік ұйымның асық ату ойынының дамуына серпін беретіні сөзсіз ғой...
– Мұның бірден-бір артықшылығы – ЮНЕСКО өзінің қорғауына алады. Келешекте ұлттық ойын, этноспорт түрлерін Олимпиялық ойындардың бағдарламасына енгізуге күш салғанда ең алдымен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген спорт түрлеріне басымдық беріледі. Мұндай жетістікке жету оңай болған жоқ. Былтыр Асық ату федерациясының басшылығына елшіл азамат Аслан Сұлтановтың тағайындалуы жұмыстың көшелі жүргізілуіне септігін тигізіп келеді. Бүгінде елімізде асық атумен тұрақты шұғылданатындардың қатары 88 911 адамға жетті. Күн сайын олардың қатары артып келеді. Қазақстанда штаттағы жаттықтырушылар саны – 1 199. Осы күнге дейін елімізде асық ату спортынан 70-ке жуық спорт шебері шықса, 8 мергеніміздің еншісінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атақ бар.
– Былтыр асық атудан әлем кубогі Румынияда өтті. Осы додада олжа салған жерлестерімізге халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді ме?
– Иә, Румынияның Констанца қаласында өткен әлем кубогінде асық атудан еліміздің ерлер мен әйелдер құрамасы да жеңіске жетті. Ұлттық құрамадағы мергендеріміз осы толайым табысының көрсеткіші нәтижесінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Бұдан басқа да халықаралық турнирлер өткізу арқылы ұлттық ойынымыз асық ату мен бес асықты жандандырып отырмыз. Былтыр Германияның Кельн қаласында өткен халықаралық турнирде еліміздің әйелдер құрамасы 1 алтын, 1 қола медаль олжалады. Сонымен қатар Түркияның Анталья қаласында өткен Еуразия кубогіне ерлеріміз екі құрамда қатысып, алтын мен қола медаль иеленсе, бес асықтан ұлттық құраманың негізгі ойыншылары чемпион атанып, қосалқы құрам ойыншылары күміспен күптелді.
– Асық ату ойынын мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі де қозғалып еді. Тіпті Астананың бірнеше мектебінде оқу пәндеріне қосымша ретінде қосылғанын да білеміз.
– Былтыр Асық ату федерациясы әр жас ерекшелігі бойынша алты Қазақстан чемпионатын ұйымдастырып, Қазақстан кубогін екі мәрте өткізді. Ұлттық мектеп лигасы аясында мектеп оқушылары мергендігін сынаса, мұғалімдер арасында республикалық спартакиада өтті. 17 қараша күні Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Төрт тоқсан – төрт өнер» челленджі өтіп, бір мезгілде еліміз бойынша 3 миллион оқушы асық ойнады. Осы спорттық ойынымыздың өркен жаюына былтыр 1 қарашада елімізге ресми сапармен келген Франция Президенті Эммануэль Макрон мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына сақа ұстап асықты көздей атуы да орасан демеу болып, бұқаралық сипат алуына серпін берді. Алда атқаратын шаруа, арқалайтын жауапкершілік мол, тек тынымсыз тер төгіп еңбек ету керек. Біле білсек, асық ату ойыны – барлық ұлттық спорттың бастауы, қайнары. Себебі әр бала бауырын көтеріп, қадамын қаз басқан кезден бастап алдымен асық ойнап мергендікке, ептілікке, әбжілдікке баулиды өзін. Сондықтан ұлттық ойынымызды насихаттау, дамыту – баршамызға аманат. Асық ойнаған бала қолының моторикасын дамытып, сезімталдық қабілеті нығаяды.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»