Сараптама • 21 Тамыз, 2024

Төртеу түгел болса...

205 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда мұнай өңдеу саласын дамытудың 2024-2050 жылдарға арналған тұжырымдамасы жарияланды. Бұл алғаш рет қабылданып отырған жоспар емес. Осыған дейін бірнеше рет мұнай-газ саласын дамытуға қатысты тұжырымдама жарияланды. Соңғы ұсынылған концеп­цияның негізгі мақсаты – 2014-2017 жылдар аралығында үш мұнай өңдеу зауытын да модернизациялауға бағытталған еді.

Төртеу түгел болса...

Төртінші мұнай өңдеу зауытын салмаймыз, одан да қазіргі жұмыс істеп тұрған үш зауытты жаңғыртудан өткізіп, өзімізді жанар-жағармаймен қамтамасыз етеміз деген болатын. Бірақ сол мақсаттың қаншалықты дұрыс орындалғанына мән бермей, жаңа тұжырымдама жасауға көшіп кеттік. Сол алаңдатады. Неге? Себебі сол үш мұнай өңдеу зауытын модернизациялауға 6-7 миллиард доллар жұмсалды. Сол жаратылған қаражат үш зауытқа қатысты бірегей мақсатты қаншалықты орындай алды дегенге жауап айтылуы керек еді. Өйткені 2020-2022, яғни үш жылдың ішінде 391 рет жұмыстың жоспардан тыс тоқтап қалуы орын алған. Соның 119-ы – аса қауіпті апат болған.

Алдындағы жоспар 2009-2015 жылдар аралығын қамтыған екен. Соның аясында ішкі нарық үшін жылына 14-17 млн тонна жанар-жағармай шығарып отыруды көздеген. Негізі, осыншама ақшаға кемінде 1 мұнай өңдеу зауытын салуға болатын еді. Біріншіден, соның шеңберінде ішкі нарықты толыққанды қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге экспортқа шығаруға да мүмкіндік туындайтын. Екіншіден, бұл зауыт Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді 1945 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт болмайтын еді. Өйткені қазір салынған зауыттың құрылысы да, жұмыс үдерісі де заманға сай жүргізіледі емес пе? Үшіншіден, ондай жаңа зауытта қазіргідей өнімдерді ғана емес, одан да күрделі, одан да құнды өнім шығару мүмкіндігі болады. Себебі Атырау зауыты – 1945 жылы, Павлодар зауыты – 1978 жылы, Шымкент зауыты 1985 жылы ашылған. Бұл зауыттар қызметінің шектеуі бар, бензин, керосин, әуе керосині және дизель секілді белгілі бір өнімдерді ғана шығарады. Ал шын мәнінде қазіргі өңдеу зауыттары химия өнімдерін де шығара алуға тиіс. Өйткені келешекте химия өнімдеріне деген сұраныс қатты артады.

Қазірдің өзінде өзіміз шығарған әуе керосинімен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отырған жоқпыз. Ресейден аламыз. Қателеспесем, былтыр Қытайдан ала бастадық. Жыл сайын ішкі нарықты 900 мың тонна әуе керосинімен қамтуымыз керек. Тек соның 640 мың тоннасын үш за­уыт шығарады. Ал жаңа зауыт соққанымыз­да, тек 900 мың тонналық межені бағындырып қоймай, шетелге жөнелтіп отыру мүмкіндігі де ашылар еді. Себебі біз қазірдің өзінде әуе торабы болып саналамыз. Ал егер әуе керосинін өндіру мүмкіндігін арттырсақ, онда әуе сапары бойынша транзиттік хабқа айналу мүмкіндігіміз артады.

Қалай болғанда да, қазір үш мұнай өңдеу зауытының бізді толыққанды қамтамасыз етпейтіндігіне көзіміз жетіп отыр. Енді алдымызда екі таңдау тұр: жыл сайын қыруар қаржы бөліп, үш зауытты жамап-жасқай береміз немесе барлық талапқа сай келетін жаңасын саламыз. Үшінші нұсқа бар, ол – Ресейден импорттау. Біз осыған көшетін сияқтымыз.

Тұжырымдамада айтылған тағы бір мәселе – 2030 жылға таман Қашаған мен Теңіз өндірген мұнайдың 3,5 млн тоннаға дейін көлемін ішкі нарыққа бағыттау жайы. Алайда бұл өте күмәнді мәселе, себебі аталған кен орындары экспортқа бағдарланған немесе әлемде кім көп ақша береді, сол жаққа бағытталған. Бұл – олардың келісімінде жазылған міндеттеме. Ал енді ішкі нарыққа жіберетін болса, арзан бағаға сатуға мәжбүр болады. Олар мұндай тәуекелге қаншалықты дайын деген сауал туындайды. Келісім бойынша олар ішкі нарыққа өнім жібермеуге құқылы. Егер бағыттайтын болса, онда ортадағы өтемақыны кім мойнына алады? Соның аражігін ашып алған дұрыс секілді. Өйткені 2030 жылға дейін көп уақыт қалған жоқ. Қазір жылына 3-3,5 млн тонна мұнай аламыз деп ойлап, дайындалып, жеме-жемге келгенде ала алмай қалып, ақыр соңында ірі үш мұнай өңдеу зауытынан басқа шағын және орта кәсіпорындардың жүктемесін арттырып жіберу дұрыс емес деп ойлаймын. Олардың жағдайы онсыз да мәз емес. Енді келіп өнімдерін тағы да арзан бағамен ішкі бағытқа жіберуге мәжбүрлеу – түптің түбінде абырой әкелмейді. 

Соңғы жаңалықтар