– Бірде-бір кітабыңды шығарып бермеген баспаның директоры туралы қандай жылы лебіз білдіруге болады?..
«Фолианттан» хабарласып: «Жыл басында директорымыз Нұрлан Сәрсенбіұлы елуге толатын еді. Соған орай шағын жинақ дайындап, тарту етпекпіз. Қысқаша жылы лебіз білдіруіңізді сұраймыз», деп телефон соғылғанда айтқан бұл сөзіміз, әрине, әзіл. Ал шынтуайтына көшсек, өзіміз көптен білетін, көп қырлы қызметіне де, сырлы мінезіне де сырттай сүйсініп жүретін бауырымыз Нұрлан Исабековтің ер жасының биігіне көтерілуі бәрімізді қуантатын жай.
Кітап баспасының басшысы болу қай заманда да абыройлы жұмыс саналған. Баспагерлер қай кезде де құрметтелген. Кешегі кеңестік кезеңде де солай еді. Әр сөзге шұқшиып, жол мен жолдың арасына сығырая қарайтын цензуралы қоғамда кітап шығарудың машақаты көп екені рас. Сонымен бірге ол кезде әр баспаның қадағалаушысы да, қамқоршысы да бола білетін Госкомиздат деген мықты мекеме бар еді. Әлгі мекеменің арқасында баспагерлер қауымы негізінен таза шығармашылықпен айналысатын. Қызметкерлердің жалақысы, сыйақысы мәселелері – Баспа, кітап саудасы және полиграфия істері жөніндегі мемлекеттік комитет деген салақұлаш аты бар өкілетті органның құзыретінде. Баспаханалар жұмысын жаңағы мемлекеттік комитет ұйымдастырып, үйлестіріп отырады. Қажетті қағазды табу, кітапты тиісті таралыммен басып шығару солардың шаруасы. Кітаптарды сатумен «Казпотребсоюз» бен «Казкнига» айналысады. Оларды кітапханаларға жеткізуге де қиналып жатпайсыз – Бибколлектор деген мекеме тағы бар. Жарнамалауға да жаныңыз қиналмайды – «Кітап жаршысы», «Друг читателя» деген газеттер апта сайын жарық көреді, шығарған кітаптарыңыздың тізімін ұқыпты түрде жіберіп тұрсаңыз болды. Баспа директоры ұжымына ие болып, қолжазбалардың уақтылы қолға тиюін, тиісінше редакциялануын, кестеден қалдырылмай баспаханаға тапсырылуын құнттап, қадағалап отырса жетіп жатыр.
Ал қазір ше? Қазір баспа директорының бас қатыратын шаруасы шаш етектен. Баспа директоры осы саланың негізгі бағыттарын айқындайтын заңнамалық және нормативті құқықтық актілерді, басшылыққа алынатын материалдарды, баспа қызметінің осы заманғы озық тәжірибесін бес саусақтай білуге тиіс, әдебиеттер шығарудың жоспарын құраудың, кітап басудың редакциялық және өндірістік үдерістерінің ретін, авторлармен келісімшарттар, полиграфиялық және безендіру жұмыстарын атқаруға еңбек шарттарын жасаудың тәртібін, ең бастысы – баспа ісінің экономикасын жете меңгеруге тиіс, тұтынушылардың сұранымын, өнім өткізу базарының жай-күйін зерттеуге тиіс, авторлық құқықпен жақсы таныс болып, қаламақы төлеудің жөн-жосығын сақтауға тиіс, қолжазбаларды өндіріске өткізудің, баспаханаға берілетін корректура баспа-таңбаларын дайындаудың тәртібін, полиграфия өндірісінің технологиясын, еңбекті ұйымдастыру жолдарын, еңбек заңдылығын жақсы білуге тиіс. «Тиістердің» тізімін осылайша жалғастыра беруге болады. Бүгінде баспа директоры әрі баспагер, әрі менеджер, әрі экономист болуға тиіс.
Қатпар-қыртысы қалың мұндай қызметті біліміне білігі сай, бүгінгі заманғы баспа ісінің ең үздік үлгілерінен үнемі үйреніп отыратын басшы ғана абыроймен атқара алатыны анық.
Нұрлан Исабеков – сондай басшы. Өзін сыйлайтын, өзінің сөзін сыйлайтын әр автор-ақ кітабым осында басылса екен дейтін баспаның басшысы.
«Фолианттың» жұмысын талайдан көріп келеміз. Әуелгі бетте «Менің Отаным – Қазақстан» аталатын өлкетану сериясынан Қалаубек Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» кітап-альбомының қолжазбасын жеріне жеткізу ісіне (асыл ағамыз ақыры кітабының жарыққа шыққанын көре алмай-ақ өмірден өтіп кетті) араласқан тұста ондағы қызметкерлердің жауаптылығына, ұқыптылығына сүйсінгенбіз, кейіннен альбомды тарату, сату кезінде аудандық әкімдікпен, қазығұрттық кәсіпкерлермен қандайлық іскерлік байланыс орнатқанын көріп, ұсынықтылығына тәнті болғанбыз. Мұндай разылықты сол сериядан шыққан «Ұлытау», «Ойыл», «Ерейментау», «Отырар», «Баянауыл», «Катонқарағай», «Шиелі», «Сырдария» деген сияқты кітап-альбомдар авторлары да айтарына күмәнданбаймыз. Ол кітаптардағы полиграфиялық мәдениет, бүгінгі заманға сай дизайн, жер бедерін, флора мен фаунаны айшықты ашатын фотолар, тарихи-мәдени жәдігерліктер, өңір өмірін өрнектейтін мәнді мәтін қандай биік талапқа да сай тұра алады. Бұл бағаны «Мұстафа Шоқай», «Қажымұқан», «Қалибек Қуанышбаев», «Қаныш Сәтбаев», «Ермұхан Бекмаханов», «Ебіней Бөкетов» сияқты (өзіміз көргендерді ғана тізіп отырмыз) кітаптардың басын қосқан «Нартұлға», «Зәуреш», «Қазақ вальсі», «Жас қазақ», «Жиырма бес» сияқты кітаптарды біріктіретін «Ән-тағдыр» серияларына қатыстырып та беруге болады.
Біздің ерекше айтарымыз – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы «Бабалар сөзі» сериясы. Бағдарлама тұжырымдамасы жасалып, оған енетін кітап серияларының атауы анықталып, тізімдері бекітілген ең жауапты тұста, яғни 2003-2004 жылдарда Ақпарат министрі қызметін атқарған жайымыз бар. Сонда бағдарламадағы кітап серияларының ең сүбелісін, ең қомақтысын (қазақ фольклорының 100 томдығын!) елордада жаңа ғана құрылып, құлашын енді-енді жая бастаған жас баспаға – «Фолиантқа» сеніп тапсырғанымызға біреулер таңданған, біреулер шамданған. Бірақ біз ол шешімді баспаның салған беттен соны соқпақпен жүрген қадамына қарап қабылдаған болатынбыз. Серияның алғашқы томдарының өзі қателеспегенімізді қапысыз көрсетіп берді. Академик Сейіт Қасқабасовтың басшылығымен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында дайындалған ондаған мың беттік материалдарды оқу, корректурадан өткізу, беттеу, терімнен кейін тексеру, түптеу сияқты қат-қабат жұмыстардың соншалықты жауаптылықпен атқарылуы әр томның әр бетінен келісті көрініп тұр деудің артықтығы жоқ. Халықтың баға жетпес қымбат қазынасының басын қосқан осы 100 томның бірінші томынан жүзінші томына дейін серия аты мен нөмірлерінің миллиметрлік дәлдікпен, сызықпен сызғандай түзу шығуы, бірде-бір жерде мұқаба түсінің сәл де болса реңкі ауысуына, қағаз сапасының алмасуына, мәтін қаріптерінің өзгеріске түсуіне, жол аралығының бұзылуына жол берілмеуіне, ғылыми текстология талаптарының бұлжытпай сақталғанына қайран қаласыз. Бас-аяғы он жылға (2004-2013) созылған мұндай бірегей жобаның сағат тіліндей сыртылдаған сауатты да жауапты жұмыстың арқасында ғана уақтылы әрі сапалы атқарыла алатыны анық еді. Осының бәрінде ұйымшыл ұжым басшысы Нұрлан Сәрсенбіұлының еңбегі ерекше.
100 томдық «Бабалар сөзі» сериясы – біздің халықтық ұлы қазынамыздың ғажайып байлығы ғана емес, сонымен бірге отандық кітап өндірісінің бұған дейінгі ең ірі жетістігі, Қазақстандағы баспа ісінің әлемдік деңгейге көтерілгендігінің даусыз дәлелі, біздің ұлттық ортақ мақтанышымыз.
Нұрлан 100 томдық қазақ фольклорын жарқыратып шығарып қана қойған жоқ. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен бір басқосуда жер жүзінде фольклор байлығын мұндай көлемде жинап, бастырған қазақтан басқа халық жоқтығын, бұл бірегей басылымды барынша кең көлемде насихаттау қажеттігін, нақтылағанда – Майндағы Франкфурт қаласында өтетін дүниежүзілік кітап көрме-жәрмеңкесінде әлемдік тұсаукесер өткізу орынды болатынын айтқан біздің ұсынысымызды қолдаған халық қалаулысы Алдан Смайылдың депутаттық сауалы бойынша тиісті өкілетті орган өзі тиісті шешім қабылдай тұра, жеме-жемге келгенде министрлік бюджетіне онша салмақ салмайтын қаржының өзін таба алмай, шарасыздық көрсетіп қалғанда тағы азаматтық танытты. Бар шығынды өз мойнына алып, аса танымал көрме-жәрмеңкеде тұсаукесер ұйымдастырды, қазақстандық ғалымдардың, баспагерлердің бір тобын Германияға алып барып қайтты. Сөйтіп, өзі бастаған істің нүктесін өзі қойды.
Осындай алымдылыққа, осындай азаматтыққа қалай риза болмайсыз? Әрине, риза боласыз.
Негізінде, «Егемен Қазақстан» мен «Фолианттың» байланысы берік. «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» кітаптарын жылма-жыл басып берумен келеді. Лондон Олимпиадасынан кейін іле-шала дайындалған «Олжалы отызыншы Олимпиада» жинағын жедел шығарды. Осы жақында ғана Елбасымыздың Ұлытаудағы тарихи сұхбаты туралы толғаныстардан құрастырылған «Ұлт ұясындағы ұлағат» кітабын да тез қолға тигізді. Бұл баспаның жедеғабылдығы тіпті бөлекше. Басуға 2014 жылғы 20 қарашада қол қойылған кітаптағы ең соңғы мақала газетте 14 қарашада жарияланған. Сонда қолжазбаны оқуға, корректурадан өткізуге, беттеуге небәрі бір апта жұмсалғаны ғой. Ал басуға 20 қарашада қол қойылған кітаптың баспадан шығуына небәрі бір апта жұмсалғанын, осының арқасында Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында жинақты Елбасына жеткізіп бергенімізді қалай разылықпен айтпаспыз?
Ер жасына жаңа жеткен асыл азаматтың алар асулары әлі алда.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
АСТАНА.