Ақынның әдеби мұрасын адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, мемлекет пен билік, тіл мен мәдениет бағыттары аясында жаңаша зерттеп, рухани кемел ұлт қалыптастырудың ұстыны ретінде хакім шығармашылығын жан-жақты насихаттауды мақсат еткен дөңгелек үстелге белгілі абайтанушылар, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Жиын модераторы, академия басшысы Жандос Әубәкір абайтану саласының маңызды мәселелеріне тоқталып, зерттеу институтының осы күнге дейін жасаған жобаларының жалпы есебін баяндады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» бағдарламалық мақаласында «Адамның өзін-өзі тану және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге, басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де осы. Осыған орай Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген міндет қояды. Осы міндетті іске асыратын бірден-бір жоба ретінде «Абай академиясын» анық айта аламыз.
Ғылыми-зерттеу институты 2019 жылдан бері «Абай – мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Абай – ұлттық болмыстың үлгісі», «Абай – әлемдік мәдениет тұлғасы» бағыттары бойынша талдамалық және сауалнамалық зерттеулерді жүргізіп келеді. Осы күнге дейін «Абай академиясы» 18 арнаулы сериямен 84 ғылыми-танымдық еңбекті жарыққа шығарды. Бұл академия тарапынан атқарылған жұмыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады», деді институт директоры.
Жиын барысында Абай мұрасын насихаттау кезінде науқаншылдық пен көзбояушылыққа жол бермеу мәселесі де талқыға салынды.
«Әрбір әрекетімізді ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Тиімділігі төмен іс-шараларды ұйымдастыра беріп, негізгі жобаларымыз аяқсыз қалып жатыр. Соның себебінен өңірдегі Абайтану орталықтарында сапалы кадрлардың жетіспеушілігі артып барады. Ғалымдар арасында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіліп, бірлесіп еңбек ету ғана жемісті нәтиже береді», деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбет.
Абайдың данышпандық генезисі тақырыбында сөз сөйлеген Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілеш әдебиеттанудың жаңа биігін жасау керегін атап өтті.
«Кеңестік кезең әдебиет теориясының көп аспектісі бүгінгі күннің қалыбына сыймайды. Абай шығармаларындағы ой кеңістігіне тақырыптық межеден аса алмай жатқан себебіміз осы. Оның баллада, элегия, романс жанрындағы өлеңдеріне теориялық нақты баға беріле қойған жоқ. Абайдың поэтикасы мен стилі – әдебиеттанудағы әлі де терең зерттеуді қажет ететін тақырыптар», деді Е.Тілеш.
Абайтану саласындағы өзекті мәселелердің бірі – текстология. Ғалымдардың айтуынша, ақынның өлеңдері мен қара сөздері жарияланған кейінгі басылымдарда қателік өте көп. Бұл оқырман қауымды ақынның негізгі айтпақ ойынан алыстатып, адастырып жібереді. Бұл туралы «Абай академиясының» бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов айтты.
«1977 жылы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер университеті Абай шығармаларының екі томын жарыққа шығарды. Мен соның 1975 жылғы талқылауында болдым. Жинақ сол кездегі Әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі Ысқақ Дүйсенбаев пен академик Зәки Ахметовтің редакторлығымен оқырман қауымға ұсынылды. Бұл Абай өлеңдерінің ең дұрыс нұсқасы деп есептеймін. Кітап баспаға дайындалу кезінде бұрынғы басылымдардағы жетістіктер мен кемістіктер ескеріле отырып, тыңнан текстологиялық тексерулер жүргізілген. Сонымен қатар түсіндірме сөздер толықтырылып, әбден түзетілген. Себебі Ы.Дүйсенбаевқа алдағы жинақтарға күмәнді яки құнсыз қосындылар енбеуін талап етіп, қатаң ескерткен Мұхтар Әуезовтің өзі болатын. Сол себепті ақын өлеңдеріне қатысты сөз болғанда, жоғарыдағы нұсқаға сүйенгеніміз дұрыс», деді С.Негимов.
Әдебиеттанушы ғалым Айгүл Кемелбаева болса Абайды сыртқы күштердің шабуылынан жан-жақты қорғау керегін жеткізді.
«Ұлтымыздың рухани құбыласы – хакім Абайдың тарапына ақпараттық шабуылдарды жиі байқайтын болдық. Бұл, әрине, мұрағат ісінің жолға дұрыс қойылмауынан. Заманында орыс жазушысы Михаил Шолоховқа да осындай шабуылдар жасалған. Алайда Ресейдің ғылыми институттары дереу комитет құрып, мұрағаттағы дәлелдер арқылы өз қаламгерін орынсыз жаладан қорғап қалды. Бұл – үйренетін тәжірибе», деді А. Кемелбаева.
Жиын соңында жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында Ғылыми кеңес құру идеясы ұсынылды.