Экономика • 30 Тамыз, 2024

Рухани мәйекке негізделген жаңа экономикалық бағдар

150 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жолдаудың орындалуы туралы сөз бастамай тұрып, оның қандай жағдайда жария етілгендігіне тоқтала кеткен дұрыс болар. 2023 жылы көктемдегі Парламент сайлауынан кейін депутаттар құрамы өзгеріп, ондағы саяси партиялардың қатары өсті. Партиялық фракциялар күшейіп, ел дамуының көптеген саласын қамтитын маңызды да өзекті мәселелер көтеріле бастады.

Рухани мәйекке негізделген жаңа экономикалық бағдар

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Міне, осы тұрғыдан алғанда 2023 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланған Жолдаудың алда тұрған орта мерзімдегі жұмыстардың басымдықтары мен бағыт-бағдарын айқындап, мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі­не түрткі болғаны анық. Оның бас­ты себебі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осыған дейінгі халыққа Жолдау­ларына қарағанда, аталған құ­жат­та көтерілген мәселелердің ерек­ше­лігінде жатса керек. Ол – Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары.

Жолдауды іске асыру жөніндегі 101 іс-шарадан тұратын жалпыұлттық жос­парда елдің мықты өнеркәсіптік негі­зін қалыптастыратын және өзін-өзі толықтай қамтамасыз ете алатын эко­но­микаға қол жеткізуге мүмкіндік бере­тін басты міндеттер қойылды. Ондағы мақсат экономиканың тұрақ­тылығы мен бәсекелестігін нығайту, азаматтардың әл-ауқатының сапалы өсуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерді шешу еді. Сонымен бірге мұнда ерекше тоқталатын тағы бір жағдай бар. Мұқият үңіліп қарар болсақ, бұл Жолдауда таза өндірістік және шаруашылық мәселелерге адами өлшем тұрғысынан қарау бар. Халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, тауар өндірудегі сапаға ерекше мән беру, эко­логиялық мәдениет, әділдік пен адам­гершілік принциптеріне жүгіну, міне, осылардың барлығы таза экономикалық тақырыпқа арналған құжаттың шеңберінен шығып, оған рухани реңк берді. Ол, тіптен, Президент ұсынып отырған жаңа экономикалық бағдардың рухани мәйегіне айналған­ға ұқсайды. Ал бұл, түптеп келгенде, қазіргі заманда мемлекеттік саясаттағы теңгермелікке қол жеткізудің төте жолдарының бірі болуы әбден ықтимал.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында үкімет пен қоғам алдына ауқымды міндеттер қойды. Биыл сегіз айда істелген жұмыстарды тірнектеп жинағанның өзінде Жолдауды жүзеге асыру жұмыстары қарқын алып, еліміздің қуатты индустриялық негізін қалыптас­тыруға нақты қадамдар жасалып жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Әрине, оның толық нәтижесі 2025 жылдың қаңтарында шығарылады. Десек те, әртүрлі саладағы кейбір айқын жетістіктер қазірдің өзінде байқалады.

Мәселен, Қазақстан өнеркәсібі 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында өсу қарқынын көрсетті. Респуб­лика бойынша жалпы құны 570 млрд теңгені құрайтын 40 жаңа жоба іске қосылып, 6,9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 17,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру және шамамен 1,4 трлн тең­гені құрайтын 180-ге жуық жобаны іске қосу жос­парланып отыр. «Бәй­терек» ҰБХ және оның еншілес ұйым­дары 2023 жылдың аяғында және 2024 жыл­дың 1-тоқсанында 1,6 трлн теңгеге өңдеу өнер­кәсібінің 4,6 мың жобасын қаржыландырды.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу өнімдерінің үлесін ұлғайтып, 70 пайызға жеткізу бағытында ауқым­ды жұмыс атқарылып жатыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2024 жылдың бірінші жар­ты­жыл­дығын­да 1,6 трлн теңгеге жетті. Өңір­лерде ең жоғары өсу қар­қыны Түркістан, Қостанай, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады. Аграрлық секторда бүгінгі таңда 130 млрд теңгенің 115 жобасы іске қосылды, 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялау тетігі енгізіліп, шаруалар арзанырақ отандық тыңайтқыштармен дер кезінде қамтамасыз етілді. 2024 жылы сапалы элиталық тұқымды пайдалану пайызы 9%-ға дейін өсті.

Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағ­дар­­ла­масына бөлінген 8,3 миллиард тең­ге то­лығымен игеріліп, несие алу­шылар­дың басым бөлігі мал шаруашы­лығын таң­даған. Осы бағдарлама аясында 400-ден астам ауыл шаруашылығы коопе­ра­тиві құрылды. Оның 319-ы 6,7 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бү­гінгі таңда «Ауыл аманатына» қа­ты­су­­­шы­­­ларына 90,7 млрд теңгеге 14,4 мың ша­­ғын несие берілді. Биыл бағдар­ла­­­ма­­ны жү­зеге асыруға 80 млрд теңге қа­­рас­­ты­­ры­лып, 10,8 мың шағын несие бері­ліп, 18 мың­нан астам жұмыс орны ашылады.

Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын бірік­тіретін шағын және орта биз­нес­ті қолдау мен дамытудың кешен­ді бағдарламасын әзірлеп, қабылда­ды. Биылғы 6 айда ғана суб­сидиялар мен кепіл­діктер түрін­дегі қолдаудың жаңартыл­ған бағ­дарла­малық шаралары 14 мыңға жуық бизнес-жобаны қамтыды. Мем­лекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында үкімет адам факторынсыз, кәсіпкерлікті тексеруді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бұл тексерудің санын азайтады.

Халық өмірінің әртүрлі саласын цифрландыру жұмысы жалғасып келе­ді. Негізгі жетістіктердің қатарында 1,2 мыңнан астам ауылдық елді мекен­де интернет қызметіне қолжетімділік пен 3,7 мың мемлекеттік және бюджет­тік мекеменің кеңжолақ­ты ин­тернетке қосылуы бар. Техно­ло­гия­лық жетістіктерге 20 қалада 918 база­лық стансасы бар 5G же­лісін іске қосу және 4,8 мың ауылдық елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жатады. Электрондық үкіметті дамытуда барлық мемлекеттік қызметтің 93,3 пайызы электронды түрде көрсетіледі, оның 86 пайызы смартфондар арқылы қолжетімді. Жасанды интеллект және инновациялық даму комитеті құрылды. Үкімет жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Медицинада, білім, туризмде және тау-кен металлургия өнеркәсібінде жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Жолдауда адам әлеуетін және әлеу­мет­тік саланы дамытуға үлкен көңіл бөлінген. 2024 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында жаңа әлеуметтік жеңілдік­тер енгізіліп, жұмыспен қамту белсенді түрде жүргізіліп, жұмысшылардың құ­қық­тары нығайтылды. Базалық зей­нет­ақы мен барлық мемлекеттік жәр­­демақы инфляция деңгейіне ин­декстелді, ал ынтымақты зейнетақы инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары болды. Зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Жолдауда көрсетілген тапсырмаға сәйкес 2024 жылға арналған ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленді.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында 38 мыңнан аса адам кәсіпкерлік негіздері­не оқытылып, 24 мыңнан аса адам сертификат алды. 1 қыркүйектен бас­тап Қазақ­станның барлық аймағында «Әлеуметтік әмиян» аясында мектеп оқушыларын тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету жобасын кеңейту басталады. Бұл жоба бойынша мемлекеттің азаматқа ұсынатын барлық құралы мен қолдау шарасы eGov қосымшасында жинақтал­ған. «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру» жобасына сәйкес «ақша баланың соңынан ереді» деген ұғым енгізіліп, ата-аналардың таңдауынан кейін ғана мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекет қаржысының аударылатындығы туралы шешім қабылданды. Оны аймақтарға тарату 2025 жылдың басында жүргізілмек.

Өңірлердің экологиялық мәселе­лерін кешенді шешу 232 млрд теңгені құрайтын 94 жоба жүзеге асырылды. Наурыз айынан басталған «Таза Қазақстан» акциясына 2,4 миллионнан астам адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылды, 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналды, 2,5 миллионға жуық жасыл желек отырғызылды. Үкіметте халық арасында экологиялық мәдениетті дамыту­дың 2024–2029 жылдарға арналған тұ­жырымдамасы әзірленіп жатыр. Оны іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан алдағы 5 жылға арналған тиісті өңірлік жоспарларды қабылдайды.

Көлік-логистика саласын ел эконо­микасын дамытудың қозғалтқыш­тарының біріне айналдыру бағытында Ляньюньгандағы «Қазақстан – Қытай» логистикалық орталығы, Қорғас құрғақ порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік тасжолы, Қытай­дан Иранға дейінгі теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Жол-құрылыс жұмыстары 12 мың шақырым жолды қамтиды. Жыл соңына дейін 7 мың шақырымдық жолдардың жұмыстары аяқталмақ. Жалпы ұзындығы шамамен 2 мың шақырымды құрайтын «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахань» және «Ақтөбе – Қандыағаш» сияқты төрт ірі жол жобасы орындалуда. Биыл еліміздің теміржол желісінде 1,4 мың шақырымды құрайтын ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 570 шақырымында рельстер толық ауыстырылмақ. Қазірдің өзінде жұмыстың жартысы аяқталды.

Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында «Қазгидро­геология» Ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Су шаруашылығында «Қазводхоз» жүйесі қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталады. Салада туындап отырған кадр мәселесін шешу мақсатында Үкімет «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі жоғары оқу орнын – «М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» («ТарУ» КеАҚ) және «Қазақ ұлттық су ша­руашылығы және ирригация уни­вер­ситеті» коммерциялық емес акцио­­нерлік қоғамдарын («ҚазҰУМИ» КеАҚ) құру туралы шешім қабылдады. Бұл ЖОО жарғылық капиталына мем­лекеттің 100% қатысуымен құрылды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыр­ту» ұлттық жобасында 655 алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек ны­санының құрылысы қарасты­рылған. Былтырдан бері 95 нысан пай­да­­лануға берілді. 483 нысанның жо­ба­лық-сметалық құжаты дайын, 355-іне қаражат бөлінді. Қазір өңір­лерде құ­рылыс-монтаж жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Дәрілік заттарға баға белгі­леу механизмі қайта қаралуда. Фар­­ма­цевтика және медицина сала­сын дамы­ту жөніндегі ведомство­ара­­лық комис­сия құрыл­ды, оның құ­ра­мы­на мем­ле­кеттік органдардың, «Атаме­кен» ҰКП, үкіметтік емес ұйым­­дар мен биз­нес-қоғамдастықтар өкілдері кіреді.

Сонымен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында ұлттық экономиканың тұрақты өсімін арттырып, оның көлемін ұлғайту жос­пары өте ауқымды əрі күрделі міндет­терді қамтыды. Ол осы стратегиялық мін­детті қалайда орындау үшін бола­шақта қоғам мүшелерінің бəріне бірдей мүм­кіндік беретін, ұлттық рухани құн­дылықтарға арқа сүйеген, өркениетті ел – Əділетті Қазақстанды құруды көздейді. Оның үстіне ешкім де сырттан келіп, Қазақстанның көсегесін көгертпейтіндігі ақиқат. Ендеше, бәрі өз қолымызда. Тек осы түсінік пен ұстанымды қабылдап, оларды елдің өмір сүруі мен өркендеп дамуының арқауына айналдыру ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алға қойып отырған жоспарларын болашақта да табысты жүзеге асырудың негізгі факторына ай­налатыны анық. Осындай отаншыл және әділ саясаттың өз жалғасын биыл­ғы Жолдауда да табатындығы күмәнсіз.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері