– Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша еліміздің өзге елдермен сауда қатынасында нендей өзгерістер болды?
– Ең бірінші кезекте бірінші жартыжылдықта отандық өндірушілердің дайын өнімінің тауар айналымы 38,6 млрд долларды құрағанын айтып өту керек. Яғни еліміз дайын өнім мен қызметтер экспортын ұлғайтты. Сыртқы сауда айтарлықтай жақсарды. Экспорт 2,1%-ға, шикізаттық емес тауарлар экспорты 0,8%-ға артты. Импорт көлемі төмендеп келеді.
Қызметтердің экспорты бірінші жартыжылдықта 5,3 млрд доллар болып, өткен жылдың 6 айындағы көрсеткіштерден 10,2%-ға асып түсті (4,8 млрд доллар). Тауарлар тобына тоқталсақ, біз импортты алмастыру бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде отандық өнім өндірісінің ұлғаюын байқап отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты айтарлықтай өсті. Олар – май, шай, балмұздақ, ет және ет өнімдері. Осы тауарлардың импорты да азайды. Тыңайтқыш экспорты да өсті. Жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия экспорты үш есе өсті, ал импорт 2 есе төмендеді.
Шетелдік тұтынушылар бидай ұнын, күнбағыс майын, сусындарды белсенді сатып алып жатыр. Биыл қаңтар-маусымда 242,9 мың тонна күнбағыс майы экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35,8%-ға артық.
– «Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», деген еді Президент. Осы сөз айтылғалы бері отандық өнімнің сырттағы нарықтағы орны қаншалықты кеңіді? Әсіресе, шикізаттық емес тауарлар экспортының географиясы қаншалықты ұлғайды?
– Министрлік экспорттаушыларды қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл ретте экспортты ілгерілету экожүйесінің институционалдық негізін қалыптастыру бойынша жұмыс аяқталғанын атап өту маңызды. 2024 жылғы 23 қаңтарда Мемлекет басшысы айтарлықтай қаржы ресурстарын шоғырландыра отырып, мемлекеттік қолдау шараларының кең спектрін іске асыратын экспорттық-кредиттік агенттікті қалыптастыру туралы Заңға қол қойды. Агенттік субсидиялау және кепілдік беру, сауданы қаржыландыру сияқты қолдау шараларының жаңа түрлерін жүзеге асыратын болады.
2024 жылғы 20 мамырда «KazakhExport» ЭСК» АҚ-ны «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ға мемлекеттік қайта тіркеу жүзеге асырылды. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ желісі бойынша экспорттық әлеуетті дамыту шеңберінде 2024 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша ҚДБ желісі бойынша экспорттық қолдау 124,6 млрд теңгені, ЭКА желісі бойынша 86,1 млрд теңгені құрады.
Еліміздің негізгі өткізу нарықтары Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері болып қала береді. Сонымен қатар экспорт географиясын кеңейту және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдеріне жеткізілімдерді ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тауарлар мен қызметтерді сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша үйлестірілген жұмыстың қағидаттары мен тәсілдері әзірленді.
Өзара сауда көлемін 40 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі ағымдағы мақсатты ескере отырып, Қытай бағытына ерекше назар аударылады. Қазір Хубэй, Сычуань, ШҰАА провинцияларымен май өнеркәсібі, астық өңдеу саласындағы экспортқа бағдарланған жобалар белсенді пысықталып жатыр. Тауарлар экспортын үдемелі ілгерілету отандық компаниялардың Қытай көрмелеріне, сауда миссияларына қатысуын ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етілетін болады. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ҚХР нарығына экспорттық номенклатураны (өсімдік, мал шаруашылығы өнімдері және т.б.) кеңейту бойынша жұмыс атқарылады.
Бүгінгі таңда БАӘ, ҚХР елдерінде 5 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды. ТЭМ қорытындысы бойынша шамамен 147,9 млн доллар сомасына экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Аталған іс-шараларға 135 отандық экспорттаушы компания және 700-ге жуық әлеуетті шетелдік компания қатысты.
– Бөлшек саудадағы нақты көлем индексінің қандай деңгейіне қол жеткізілді және оның көлемі қандай болды? Өсім байқалса ең көп өсімді қай аймақтар берді?
– Сауданың нақты көлем индексі 2024 жылдың 7 айында 4,9% деңгейінде, яғни 33,1 трлн теңге номиналында қалыптасты. 4,7% жоспармен біз 0,2 пайыздық көрсеткішпен алда келе жатырмыз. Көтерме сауданың нақты көлем индексі 104,4% немесе 22,3 трлн теңгені құрады. Бөлшек саудадағы нақты көлем индексі – 105,9% немесе 10,7 трлн теңге. Жалпы, өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда өсім 9,7% деңгейінде. Көтерме сауда 11%-ға, бөлшек сауда 7,1%-ға өсті. Өңірлер бойынша айтатын болсақ, Алматы, Астана және Қарағанды облысында сауда едәуір жоғарлады.
Алматы бойынша айтатын болсақ автомобильдер, парфюмерлік және косметикалық құралдар, сусындар, телекоммуникациялық жабдықтар есебінен сауда артты. Ал Қарағанды облысы фармацевтикалық, косметикалық, дизельдік, шойын, болат, АӨК өнімдерін сататын компаниялар есебінен жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) реттеу бағытында қандай жұмыстар қолға алынды?
– Инфляцияның қазіргі динамикасынан жағымды тенденцияны байқап отырмыз. Жылдық мәндегі инфляция 8,6% болып тұр. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде елдегі инфляция 14,0% еді, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш тіпті 15,0%-ға барды. Осы орайда айта кету керек, азық-түлік инфляциясының ішінде ӘМАТ 11,7% үлесті алып тұр (ақылы қызметтер – 28,2%, азық-түлік емес тауарлар – 29,8%, азық-түлік тауарлары – 29,8%). ӘМАТ – баға өскенде тұтыну да өсетін, баға арзандағанда тұтыну да төмендейтін тауар түрлері. Осы топтағы тауар түрлерінің бағасын негізсіз өсіріп жібермеу және тапшылық болмау үшін кешенді шаралар қолға алынды. Атап айтсақ:
- Қаржыландыру кезінде басымдық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге беріледі. Бұл отандық өнім өндірушілерді қолдауға және экономиканың осы секторын дамытуға, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
- Маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін тауарлық интервенциялар жүзеге асырылады. Яғни тапшылық сезілген өнім түрлерінің бағасы шарықтап кетпеу және ел арасында ажиотаж тумау үшін тұрақтандыру қорлары арқылы тауарларды жаппай сатылымға шығарамыз.
- Қажет болған жағдайда тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары қабылданады.
- Ұн мен әлеуметтік нан бағасының өсуін жеделдетпеу үшін «Азық-түлік корпорациясының» резервінен өңірлерге арзандатылған бидай жеткізіледі.
- Бизнеспен өзара тиімді әрі тығыз қарым-қатынас орнады. Екі ортада түрлі меморандумдар мен келісімдер жасалады. 29 ақпанда жұмыртқаның шекті сату бағасын 51,5 теңгеден сатуды белгілеу туралы «Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы және құс өсірушілер одағымен меморандум жасалды.
Сондай-ақ жоғарыда айтып өткенімдей Сауда комитеті мен «Қазақстан Республикасы сауда желілерінің одағы» қауымдастығымен меморандум жасады. Онда сауда желілері отандық өнімдерді ілгерілетуге келісті. Отандық тауар өндірушілерден қосымша ақы талап етпеу және олар үшін жиынтық сыйақы мөлшерін сақтау туралы уағдаластық болды. Бағалардың маусымдық ауытқуын тежеу үшін қалыптастырылған ӘМАТ-ты қадағалаудың пилоттық жобасы іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ жыл басынан бері өңірлік сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменттері Сауда заңнамасын бұзғаны үшін 3 095 әкімшілік қаулы қабылдаған. Оның 520-сы – 21,5 млн теңгеге жететін айыппұл. Қалған 2 575-і – заң бұзушылықты алғаш рет істегені үшін берілетін ескерту.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – әлеуметтік азық-түлік тауарлары туралы ұзақ әңгімелеуге, талқылауға да болады. Алайда осы қабылданған кешенді шешімдердің арқасында соңғы 8 жыл көлемінде біз ӘМАТ бағасының дефляциясына қол жеткіздік. Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының орташа индексі 99,9%-ды құрады.
– Қазір сауда желілеріндегі сөрелерде отандық өнімдерді қою мәселесі өткір тұр. Отандық азық-түлік өндірушілері «нарықта импорттық өнімдер қаптап кетті, біздің өнімдерімізді сауда желілерінің басшылары ескермейді. Тым қымбат ақы сұрайды» деп дабыл қағып жатыр. Және бұл негізсіз де емес. Президенттің өзі Жолдауда «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» деді. Осы сөзге тоқтайтын сәт келген сыңайлы. Отандық өнімдерді импорттық өнімдерге жығып беру қашан тоқтайды?
– Негізі сауда желілерінде отандық өндірушілердің өнімдері жеткілікті көлемде ұсынылған. Алайда бізге келіп түскен шағымдарда дүкен сөрелеріне өз тауарын қоятын кезде қиындықтар бар екені, жекелеген тауарлық позициялар бойынша шекаралық аудандарда қиындық бары көп айтылады. Әр жағдайды толық тексеріп, оларға жағдай жасалады.
Ішкі нарықты қорғау және отандық бизнесті қолдау бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Өткен жылы отандық өнімді қолдау міндеттемелері арқылы көзге түсетін сөрелермен қамтамасыз етудің баламалы тетігін іске қостық. Сауда объектілері мемлекеттік қолдау алған жағдайда, азық-түлік тауарларын 50%-ға дейін және азық-түлік емес тауарларды кемінде 20%-ға дейін көзге түсетін сөрелерде орналастыруы тиіс.
Осы жылдан бастап сауданы дамыту үшін сауда субъектілерін мемлекет тарапынан қолдайтын ережені қабылдадық. Ол жерде отандық тауарлар үшін сөрелер беру бойынша міндеттемелер бекітілді.
Біріншіден, мен «отандық өнімдерді импорттық өнімдерге жығып беру» деген тіркес негізсіз әрі қате айтылған деп есептеймін. Бұл – тым таптаурын түсінік. Екіншіден, біз Еуропалық еркін сауда қауымдастығына мүше елміз. Қауымдастық талаптары бойынша осы ұйымға мүше елдердің тауарлары өзара еркін сауда-саттықта болуы керек. Импорт – ол тек қана тауар емес. Бұл – өзара мәдениет алмасу, тиімді ынтымақтастық орнату. Ал бұл тұстағы ең маңызды мәселе – елдегі импорттың демпингіне жол бермеу, яғни импорттық тауардың нарықта үстем болмауын бақылау. Біздің министрліктің ең маңызды миссияларының бірі де осы – ішкі нарықты отандық өніммен қамту, толтыру және ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Біз осы бағытта бірнеше ауқымды істерді атқардық. Мәселен, маусым айында Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен бардым. Бұл өңір шекаралас аймақта орналасқан аймақ болғандықтан бизнес өкілдерімен, азық-түлік тауар өндірушілермен кездесіп, ашық диалог құрдық. Тамызда шекера маңында орналасқан батыс өңіріндегі тауар өндірушілермен, сауда желілерінің өкілдерімен онлайн жиын өткіздік. Онда отандық өнім өндірушілермен олардың тауар сөрелеріне шығу жолындағы кедергілері туралы сөйлестік. Барлық тарапқа да тиімді болатын тәсілдерді мейлінше қолдануға, іске асыруға тырысып жатырмыз.
Сондай-ақ жақында отандық азық-түлік өнімдерінің әр өңірдегі сауда сөрелеріндегі үлесіне мониторинг жүргіздік. Еліміздегі сауда заңнамасына сай барлық сауда нысанында отандық азық-түлік өнімінің үлесі 30%-дан кем болмауы керек болса, бұл заңнама талаптары толық сақталып, көрсеткіш 30%-дан әлдеқайда жоғары екенін сеніммен айта аламын. Нақты мысалдармен келтірер болсам, Ақтөбе облысында отандық сүттің үлесі – 83%, шұжық өнімдері – 78%, күнбағыс майы – 43%, сары май – 67%, тауық еті 60%-ды құрап отыр. Батыс Қазақстан облысындағы сауда сөрелеріндегі отандық сүт өнімі – 48%, шұжық өнімдері – 71%, күнбағыс майы – 51%, сары май – 71%, тауық еті 90%-ды пайызды құрайды.
Ақмола облысында саудаланып жатқан сүт өнімдері мен бидай ұнының 70%-ы – отандық өнім. Осы облыста сатылатын құс өнімдері – 100% отандық өнім. Осы өңірдегі күнбағыс майының 50%-ы, шұжық өнімдерінің 60%-ы – а өзіміздің кәсіпкерлер өндірген тауарлар. Қостанай дүкендеріндегі сүттің 91%-ы өзімізде өндірілген. Павлодарда бұл көрсеткіш 63%-ды құрайды. Екі өңірде отандық құс етінің үлесі – 80%. Иә, кейбір өнім өндірушілердің өнімдері тауар сөрелеріне жете алмай жататын жағдайлар кездеседі. Біз ондай жағдайларды түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен осындай жағдайға тап болған кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, тіпті кейде сотқа жүгініп, сауда желілерімен өзара келіссөз жасап жатамыз.
Қазан айынан бастап Сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетуді бастайды. Сауда базарларын салатын, сауда нысанына жаңарту жасайтын, үй жанынан дүкен ашатын және осы сауда саласына IT бағдарлама жасайтын кәсіпкерлерге 2 тәсіл арқылы мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетеміз. Біріншісі – несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаймыз. Екіншісі – несиеге кепіл боламыз. Облыс орталығынан сауна нысанын саламын немесе модернизация жасаймын деген кәсіпкерге максималды 3,5 млрд теңгеге дейін, моноқала мен ауылдық елді мекендерде осындай жұмыс жүргіземін деген кәсіпкерлерге максималды сома 1,5 млрд теңгеге дейін беріледі.
– Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара бар екенін айтып, «сондықтан сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек» деген болатын. Президент айтқан жаңа әрі батыл қадамның қандай да бір концепциясы жасалды ма? Сауда саясатын жүргізуде орта мерзімді перспективада қандай өзгерістер жасалуы мүмкін? Шынын айту керек, біз батыл қадамды әлі көрмей отырмыз. Не болмаса соған орай жасалған тұжырымдама немесе бағдарламаны да көзіміз шалмады.
– 128 шараның 97-сі – санитариялық-фитосанитариялық шаралар. 29 шара – ЕАЭО кедендік аумағында қолданылатын тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары. Дәл осы шараларды Қазақстан 2015 жылдан бастап ДСҰ-ға кірген сәтте нотификациялады. Сонымен қатар ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдармен әкелінетін тауарларға жүргізілетін бақылау шеңберінде 2016 жылдан бастап ішкі нарықты қорғаудың 300-ден астам шараларын санитариялық, фитосанитариялық, ветеринариялық шаралар бойынша, техникалық талаптар бойынша, өнеркәсіп тауарларына қатысты 35 демпингке қарсы және 7 арнайы қорғау шараларын енгізді.
Айта кету керек, тұрақсыз геосаяси жағдайда, рубль бағамының әлсіреуі ішкі нарықты қорғау мақсатында кедендік-тарифтік, тарифтік емес реттеу шараларын, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мүдделерін негізге ала отырып шараларды енгізуге болады. Қазіргі уақытта аталған шараларды енгізу тәртібі ұлттық заңнамамен реттелген, тиісінше мұндай шараларды қолдану бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу талап етілмейді.
Мәселен, 2004 жылғы 12 сәуірдегі № 544 заңға сәйкес «Сауда қызметін реттеу туралы» тарифтік емес реттеу шараларын (тыйым салулар мен сандық шектеулерді (квоталарды) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ішкі нарықта азық-түлік немесе өзге де маңызды тауарлардың жетіспеушілігін болғызбау немесе азайту, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, қоғамдық мораль мен құқықтық тәртіпті қорғау, қоршаған ортаны қорғау, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында министрліктің келісімі мен құзыреті бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен енгізеді. Мәселен, ішкі нарықта тапшылықты болдырмау, қайта өңдеу көлемін ұлғайту мақсатында ағаш материалдарын, мұнай өнімдерін, қантты, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын, іріқара мен ұсақ малдың аналық басын әкетуге тыйым салынды, тыңайтқыштар мен көмірді әкетуге айрықша құқық енгізілді.
Қазақстан Республикасына көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында қабылданған жұмыртқа әкелуге уақытша тыйым салу қолданылады. Сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және сұр схемаларды болдырмау мақсатында бидай импорты кезінде бидай әкелуге тыйым салынды.
Осы шараларды қолдану жекелеген тауарлардың тапшылығына жол бермеуге, отандық тауар өндірушілерге уақтылы қолдау көрсетуге, әлеуметтік маңызы бар және басқа да тауарлардың бағасын тежеуге мүмкіндік береді.
– Рақмет!
Әңгімелескен –
Абай Аймағамбет,
«Egemen Qazaqstan»