Фото: gov.kz
Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлудің барлық процедурасы цифрландырылған аталған жобаны әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында облыс прокуратурасы мен облыстық жер қатынастары басқармасы бірлесіп қолға алған.
Жоба республикада алғаш рет пилоттық режимде алдағы қараша айында Сарқан ауданында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Ол өз тиімділігін көрсетсе, келесі жылдан бастап барлық ел аумағында іске қосылады.
«Жергілікті жерде кемінде 5 жыл тұрған азаматтар мен кәсібін бастағанына үш жылдан аспаған кәсіпкерлерге артықшылық беріледі. Оған қоса егістік жерлер үшін техникаларының қуаттылығы, жайылым жерлер үшін мал басының саны, соның ішінде техника мен малдың кемінде он екі ай бұрын тіркелгендігі есепке алынады. Тіпті шаруашылықтағы қызметкерлер саны, олардың зейнетақы мен салық аударымдарының болуы да ескеріледі. Осының бәріне белгілі деңгейде балл беріледі. Бұл түптеп келгенде ауыл шаруашылығын тиімді дамытуға бағытталып отыр», дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков.
Басқарма басшысының айтуынша, электронды конкурстың өткізілу процесіне жергілікті атқарушы органның қызметкерлері қатыспайды. Және онда бұрынғыдай инвестиция көлемі ескерілмейді. Оған қоса ірі жер көлемінің бір қолда шоғырлануына да жол бермеу қарастырылған. Сондай-ақ конкурсқа қатысушылар түрлі анықтамалар мен құжаттар жинап әуреленбейді, себебі цифрлық жүйе Ауыл шаруашылығы, Әділет, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің деректер базасымен интеграцияланған.
Аталған облыста осы жылдың басынан бері жер бөлуге қатысты 28 конкурс өткізілді, оған 659 адам қатысып, 84 мың гектардан астам жер бөлініп берілген.