Қазба жұмыстары кезінде ірі қара және ұсақ малдың сүйектері мен мүйіздері, диірмен, келі және тағы да басқа еңбек құралдарының бөліктері, қыш ыдыс тұтқалары, киімге арналған түйме сынықтары алынды. Сонымен қатар ғибадатхананың батыс бөлігінде ашылған бөлменің ішінде 60 см тереңдікте ғұрыптық бұйым ыдысының кішкене бөлігі сақталған цилиндр пішінді, табаны жайпақ тұғыр табылды.
Археологтердің сараптауынша, ескерткіштің биік таулар мен көлдерге жақын орналасуы мен табылған жәдігерлердің түрлері құрылыстың ғұрыптық ғибадатхана ретінде қолданылғанын көрсетсе, тас құралдар егіншіліктің, атап айтқанда, егін жинаудың дамыған үрдісін көрсетеді.
Ғалымдар алдағы уақытта да ескі дәуір ескерткіштерін зерделей отырып, еліміздің әр өңіріндегі тарихи нысандарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.