Бүгінде жас ізденуші географиялық ақпараттық жүйелері арқылы жасаған тактильді макетін арнайы сынақтан өткізіп, мамандар тарапынан жоғары бағасын алған. Жалпы, көру қабілеті төмен адамдар арнайы білім алу үшін Брайль қарпін қолданады. Мұнда алфавит нүктелер арқылы орналасқан. Ізденімпаз студент дипломдық жұмысына осы Брайль қарпін негізге алған. Әріптерді белгілеу үшін алты нүктені қолданып, бұл нүктелерді екі қатарға орналастырған. Нүктелер қағаз бетіне бірнеше миллиметрге шығып тұрады. Осы нүктені сипалап, әріпті таниды.
Америкалық «Esri» компаниясы шығарған «ArcGis» бағдарламасының ерекшелігі – картография бағытындағы карталарды цифрландырады. Онда ақпаратты екі тәсілмен көрсетеді: растрлық және векторлық деректермен. Дарынды жас өз жұмысында аталған екі тәсілді біріктірген. Алдымен, тактильдік карталарды жасау үшін карталар туралы қысқаша дерек беріп, оны құрастырудың ерекшелігі мен талаптарын таныстырған. Нәтижесінде, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған карталарда бірнеше ерекшелікті анық көрсеткен. Негізгі жұмыс «ArcGis-те» орындалды. Тактильдік картаны әзірлеуге Алматы қаласындағы төрт көшенің қиылысы таңдап алынды. Нысандар қатарына Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ корпустары, «Форум» сауда орталығы, бірнеше жатақхана мен футбол алаңы және медициналық орталығы кірді. «Sketchup» бағдарламасы бойынша 3D-модель жасалды. Бұл модель осы сынақ макетін дайындау үшін әзірленген. Бірнеше материалдан тұратын макет дайындалды. Макет көру қабілеті төмен жандарға өте ыңғайлы. Макеттің негізгі ерекшелігі – оның танымдық жұмысқа арналып отырғаны. Онда ҚазҰТЗУ корпусы мен Қ.Сәтбаев, С.Сейфуллин, А. Байтұрсынұлы және Тимирязев көшелерінің қиылысында орналасқан басқа да нысандар көрсетіліп, әрбір нысанның атауы Брайль қарпімен белгіленген.
Қазір жас ізденуші дипломдық жұмысын Инклюзивті білім беруді қолдау және сүйемелдеу орталығына тапсырған. Болашақта оны аталған университеттің негізгі корпусының біріне орнату көзделіп отыр.