Қазақстан құрамасы ойындарының басым бөлігі қарсылас командалардың пайдасына шешіліп келе жатқанына етіміз үйренді. Тығырықтан шығу үшін әртүрлі бастама жасалды, жасалып та жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Себебін тізіп қарайтын болсақ, көп-ақ. Бұл тұрғыда мамандар не дейді?
Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұловтың айтуынша, елімізде футбол дамып келеді. Оған соңғы кезде құрама команданың көрсеткен нәтижесі дәлел.
– 2022 жылы федерация президенті болып сайланғаннан кейін алдымызға екі мақсат қойдық. Ол – құрама нәтижесін жақсарта отырып жанкүйерлердің стадионға келуіне жағдай жасау және жаппай футболды дамыту. Бұл жерде мынаны түсіну керек. Ұлттық құрама ел футболының дамуына бірден-бір үлес қосатын алып күш. Нәтиже көрсетсе, елдегі футбол дамиды. Сол себепті шетелдік мамандар тарапынан талдау жасалды, физикалық қабілетін арттыру жұмысы жүргізілді. Ұлттық құраманың бас бапкерін дұрыс таңдау мәселесі де өзекті болды. Осының барлығын жүйеледік. Нәтижесінде, біздің құрамамен кез келген қарсылас санасатын болды. Аяғымыздан нық тұра бастадық, – деді федерация басшысы.
Иә, рас. Ұлттық құрама Ұлттар лигасы аясында С дивизионында сынға түсіп, топ жарды. Енді В дивизионында Норвегияға қарсы Алматыда алаңға шығады. Еуро-2024 іріктеу аясында құрама топтық кезеңді үшінші орынмен аяқтады. Азулы деген Дания, Финляндия секілді құрамалардан басым түсті. Осындай нәтижелерге көз жүгірткен Әділет Назарбайұлы балалар футболы төңірегінде жасалып жатқан жұмысымен де бөлісті.
– Балалар – біздің келешегіміз. Ұлттық құраманың болашақ ойыншылары. Балалар футболын дамыту – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бүгінде «Алаң» жобасы аясында өңірлерде бұрын қараусыз, күрделі жөндеуді қажет ететін футбол алаңдарын қалпына келтіріп жатырмыз. Жоспар бойынша 20-ға жуық футбол алаңы балалар игіліне беріледі. Аталған жоба аясында елімізде мыңдаған жасөспірім ойдағыдай доп тебуіне мүмкіндік алады. Сонымен қатар әртүрлі жастағы жеткіншектер арасында футбол жарысы ұйымдастырылып жүр, – деді Ә.Барменқұлов.
Түрлі бағдарлама жасалып жатса да, ұлттық құрама ірі додаларда өнер көрсетуге неге жолдама ала алмайтынын футзалдан Қазақстан чемпионы Мадияр Тұрлыбеков төмендегіше түсіндіреді.
– Нәтиже ойдағыдай болмай жатқанына себеп көп. Біріншіден, құрамадағы ойыншылардың қарсылас командаларға қарағанда шеберлігі төмен. Футболшылардың басым бөлігінің физикалық және моральдық тұрғыда алпауыт құрама ойыншыларымен қарсы тұруға деңгейлері жетпейді. Елімізде заманауи база қалыптаспаған. Бар болса да санаулы ғана. Бұл ойыншыларға лайықты доп тебуіне кері әсерін тигізеді. Кейде футболшылар алаңда бір-бірін түсінбей, қарапайым пас алмасу кезінде қателік жібереді. Ал мұндайды Еуропа командалары кешірмейді, – деді М.Тұрлыбеков.
Маманның пікірінше, нәтиже көрсете алатын, команданы алға сүйрейтін көшбасшы футболшылар да құрамада жоқтың қасы.
– Өкінішке қарай, құраманы алға сүйрейтін, ойыншыларды соңынан ерте алатын мықты футболшы жоқ. Бар болса да 90 минут бойы алаңда доп тебе алмайтын егде жастағы «ардагерлер». Әйтпесе, француздардың мақтанышы Мбаппеге кім сүйсінбейді? Аргентинаны алаңда бастап жүрген Мессидің құны әлі күнге дейін түскен емес. Жасы 39-ға келген португалиялық Криштиану Роналдоның құрамаға берері көп. Бізге осындай көшбасшы футболшылар керек. Кешегі одақтас республиканың бірі – Грузия футболының бүгінде тасы өрмелеп тұр. Олардың ойыншылары «Наполи», «Валенсия», «Лион» секілді мықты командаларда доп тебеді, – деді М.Тұрлыбеков.
Грузия демекші, көктемде «Alash» балалар футбол командасы Тбилисиде өткен халықаралық турнирге қатысты. Үшінші орынды иеленді. Балаларымызға қолдау көрсетуге турнирге біз де барған едік. Дәл сол кезде Грузия құрамасы грекиялықтарды 1:0 есебімен жеңіп, Еуро-2024 додасына жолдама алды. Аталған матчты «Alash»-тың жаттықтырушысы Шыңғыс Түлекбергенмен бірге тамашаладық. Сапар барысында Шыңғыс Маратұлы Грузия футболы жайында біраз әңгіме өрбітті.
– Грузия футболының кейінгі кезде қарыштап дамуының себебі бірінші кезекте Еуро-2020-ға шығу жөнінде нақты мақсатты 2012 жылы қойған екен. Жергілікті жаттықтырушылардың айтуынша, бельгиялықтардың әдісімен бағдарлама жасаған. Брюссельден әдіскерді де арнайы шақырыпты. Жаттықтырушылардың да білімін күшейткен. 3,5 млн халқы бар Грузияның футбол федерациясы қарамағындағы бес бірдей академияның бойына қан жүгірткен. Инфрақұрылымын дамытқан. Нақты дәлел болсын, біз екінші лигада өнер көрсететін команданың стадионында жолдастық кездесу өткіздік. Жасыл алаңның сапасы біздің премьер-лигада сынға түсіп жүрген кейбір командалардан артық. Балалаларымыз рахаттана доп тепті, – деді жаттықтырушы.
Бапкердің пікірінше, еліміздің солтүстік аймағында алты ай қыс, алты ай жаз болуының да футболдың дамуына кері әсерін тигізеді.
– Грузияда желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында +5-8 градус шамасында. Мұндай ауа райымен жасыл алаңда балалар қалыңдау киініп доп тебе беруге болады. Ал бізде басқаша. Аймақтарды айтпай-ақ қоялық. Астананы алып қарасақ, мамыр-қыркүйек айлары аралығында – далада, қазан-сәуір айлары аралығында спортзалда жаттығуға мәжбүрміз. Қалада 200-ге жуық балалар футбол командасы бар. Барлығына бірдей жабық төсеніш алаңы жетпейді. Осындай жүйемен футбол үйретіп жатырмыз. Бұл өз кезегінде балалардың шеберлігін шыңдауына кері әсерін тигізеді, – деді «Alash» жаттықтырушысы Ш.Түлекберген.
Ал футбол маманы, психолог Қуаныш Абдуалиев ел футболын дамытуда түрлі әдіс бар екенін айтады.
– Құрамадағы жетістік – бір-екі адамның ғана жұмысы. Құрамамен әжептәуір нәтиже көрсеткен Магомед Әдиев команда атмосферасын түзеді. Жігіттерге сенім ұялатты. Әрине, бұл – дұрыс. Алайда өзге жастағы жастар, жасөспірімдер құрамасында Әдиев секілді бапкер жоқ қой. Сондықтан да олардың нәтижесі төмен. Жалпы, бізге білікті маман даярлау қажет, – деді психолог.
Психологтің айтуынша, өз бапкерлерімізді өзіміз даярлауымыз керек. Бізде кезінде мықты ойыншы болған мамандар бар. Бірақ олар әлі баланы футболға баулудың қыр-сырын толықтай меңгермеген. Бүгінде екі-үш күндік семинарға қатысып, футбол жаттықтырушысы атануға болады. Ол уақытша нәрсе. Мұндай жүйе қазақ футболын алға сүйрей алмайды дейді ол.
– Футболға баласын бергенде, ата-ана ең алдымен жаттықтырушыға сеніп тапсырады. Ал бапкер жаттығу кезінде балаға ата-ана, дәрігер, психолог рөлінде қызмет етеді. Осындай міндетті атқаратын бізде мамандар өте аз. Бір ғана жаттықтырушы командадағы 15-20 балаға жоғарыда айтқан қызметті бірдей атқара алмайды. Сол себепті де баланың қабілетін арттыруға әрбір командада психолог болу керек. Балалармен ата-аналар да жұмыс істеуге тиіс. Олар «сенің қолыңнан келеді», «сен мықтысың», «келесіде жеңіске жетесің», деп сенім білдірсе, жас бала өзінің ізденісін тоқтатпайды. Өкінішке қарай, жарыс кезінде, тіпті қарапайым жаттығу уақытында көп ата-ананың аузынан осындай жылы сөз шықпайды, – деді Қ.Абдуалиев.
Коммерциялық емес «Supernovas by inDrive» менеджері Тоқтар Ескендіровтің пікірінше, футболда қала балаларына жасалған жағдай секілді ауыл балаларына да теңдей жағдай жасалу керек. Сондай-ақ балалардан бөлек, футбол жаттықтырушысы боламын деген мамандарға қолдау көрсету керек.
– Қазіргі уақытта коммерциялық емес «Supernovas by inDrive» жобасы аясында еліміздің 13 өңірінен тегін футбол секциясы ашылды. Бұл секцияларға 650-ден астам бала қатысады. Сонымен қатар біздің жоба Мысыр, Кения, Гана, Чили, Колумбия елдерінде өз жемісін беріп жатыр. Футбол жаттықтырушысы боламын деген талантты жастарға да қолдау көрсетеміз. Футболға керек құрал-саймандарын, сондай-ақ жаттығатын футбол алаңның жалдау ақысын төлейміз. Ең бастысы, бапкердің ынта-жігері болуы керек. Бүгінде «Supernovas»-та 33 жаттықтырушы, 2300-ден астам бала бар. Біз барлық секцияны дамытатын боламыз, сондай-ақ болашаққа деген амбициялық жоспарымыз да бар, – деді Т.Ескендіров.
Жақында Алматыда еліміздің шалғай өңірлерінен келген жас футболшыларға арналған іріктеу жиыны өтті. Нәтижесінде, 12 жастағы 16 қатысушы «Қайрат» футбол клубы академиясында шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. Іс-шара «Қайрат» пен коммерциялық емес «Supernovas by inDrive» жобасының ынтымақтастығы аясында жүзеге асып отыр. Компания менеджері бұл жобаның шағын қалалар мен ауылдарда балалар спортын жаппай дамытуға бағытталғанын, 2022 жылы іске қосылған жоба қазірдің өзінде 650-ден аса бала қатысатын 13 футбол секциясы жұмыс істеп тұрғанынан хабардар етті.
– «Қайрат» академиясына шақырудағы негізгі мақсатымыз – балаларға тұратын жеріне қарамастан тең мүмкіндік беру. «Supernovas» жобасы ауыл мен қала балаларына теңдей жағдай жасауға, бірге жаттығуға арналған. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының шалғай ауылдарынан іріктелген жас футболшыларды жиынға қатыстыра отырып, өзін көрсетуге, әлеуетін ашуға мүмкіндік бергіміз келеді, – деді ол.
Аталған жоба кейіпкерінің бірі Батыс Қазақстан облысының Қамысты ауылынан Есімжан Есімғали «Қайрат» клубының іріктеу кезеңіне қатысып жатқанына ризашылығын айтып, осындай мүмкіндік берген «Supernovas by inDrive» жобасы өміршең болса дейді.
– Мен Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Қамысты ауылынан келдім. Жасым – 12-де. «Қайраттың» іріктеу сынынан өттім. Академиядағы балалар жоғары деңгейде екен. Дайындықтары да бөлек. Жаттықтырушылардың берген тапсырмалары көңілден шықты. Табиғаты да тамаша. Біздің ауылда мынандай футбол төсеніштер жоқ. Осындай керемет мүмкіндік берген «Supernovas» ұжымына, «Қайрат» академиясы басшылығына, жаттықтырушыларыма алғысымды айтамын.
Иә, қазақ футболын дамытамыз десек, оның түрлі жолы бар. «Былғары доп» мектеп лигасы, «Аула футбол лигасы», «Алаң», «Freedom QJ League», «Supernovas by inDrive» секілді жасөспірімдерді баулитын жобалар көп-ақ. Ең бастысы, дұрыс жолды таңдай білу. Әйтпесе, Еуропа, әлемдік додаларда қазақ футболшыларының ойын өрнегін көруді армандаумен жүре береміз. Ел футболының ертеңі бүгінгіден мықты болсын десек, балалар футболына басымдық беріп, алаңдарды халықаралық деңгейдегі қалыпқа сай жарақтандыруымыз қажет.