Отбасы • 07 Қыркүйек, 2024

Өлкетануға ұйытқы отағасы

106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұмса табиғаттың тау-тасын аралап, бұлақ суы­нан мейір қандырып, саф ауасымен тыныс­тау, құстардың сайраған үніне құлақ түріп, жел тербеген гүлдерін сүйсіне тамашалаудан асқан демалыс бола ма? Ал оған отбасымен шығып, балаларға сыр тұнған сай-саласын аралатып, қарағайын саялатып, тасқа бүгілген тарихын таныстыру да ата-ананың бір парызы болса керек. Сонау жалындаған жастық шағынан бері иығына фотоаппаратын асынып, тамылжыған табиғаттың сан алуан ғажайып көрінісін, қайталанбас сәтін түсіруді айнымас әдетке айналдырған Нұрболат Тастанқұлов жылдың төрт мезгілінде де отбасылық демалыс ұйымдастыруды дағдыға айналдырған.

Өлкетануға ұйытқы отағасы

«Фотограф болудың ғажайып бір қасиеті – тұрмыс-тіршілікті, қоршаған ортаны көкірек көзімен көресің. Суреттен желдің гуілі, құстың қанат қаққан сыбдыры естілетіндей әсерлі болуы керек. Сонда суретке жан біткендей болады. Қиялдың қанатында қалықтай жүріп, талай жердің дәмін таттым. Қазақта «Атың барда жер таны, желіп жүріп» деп бекер айтпаса керек. Осынау сапарларымда өмірлік серігім Қайнаргүл мен алтын асықтай ұлдарымды, қырмызы гүлдей қыздарымды бірге ілестіре жүруді әдетке айналдырдым. Балалардың кішкене кезіндегі көрген-білгендері ешуақытта естен кетпейтіні белгілі. Сондықтан олардың туған күндерінде, айтулы мерекелерде, тоқсандық демалыс­тарын көңілді әрі есте қаларлықтай етіп өткізуге тырыстық. Мұндай сапарларда балаларымыз табиғат төсінде демалып қана қоймайды, таным көкжиегін кеңейтеді. Қоршаған ортаның қадірін біліп, тасы мен гүліне үңіледі. Сүйсінеді, сүйеді. Жер-ананы аялауды үйренеді. Осындай сезімді бойына сіңіріп өскен бала аса сезімтал, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігі артып, өз елінің патриоты болары анық», деген Нұрболат Тастанқұловтың отбасы мүшелері де шеттерінен өнерлі.

Ата-ананың аялы алақаны мен ме­йіріміне бөленіп өскен ұл-қыз­дары жоғары білім алып, осы күні сан салада еңбек етіп жүр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, өнерге жақын отбасы мүшелері өткен жылы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанған.

«Мен өзім фото­журналист бол­ғандықтан ауданымыздың әсем жерлерін сонау 1985 жылдан бері фотоаппаратыма түсіріп, мұрағатымда сан мыңдаған кадр­ларым сақталған. Ауданға кино және бейнекамераны алғаш әкелгендердің бірімін. Бұл менің мамандығым, хоббиім десем болады. Өңірдің әсем табиғатын, тарихи орындарын арагідік әлеуметтік желіде жариялап, еліміздің туризм саласын дамытуға өзіндік үлесімді қосып, қызмет жасап келемін. Әлемге әйгілі Көлсай, Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Шөладыр тауының етегіндегі Құмтекей құмы, Ақтасты петроглифтері мен тадо бучик жазуы, сан ғасыр сақталған Үйсін төбелер, Қарқара жайлауындағы обалар әлі де зерттеуге зәру. Сарыкөлдің тұзды батпағы қаншама жанға шипа, жанына қуат болды. Жуантөбе, Қатартөбе, Қостөбе аталып, қойнауына сыр тұнған төбелер кімді де болса ойлантуы керек», деген кәсіби фототілші кең-байтақ жеріміздің кереметтерін тамсана тілге тиек етті.

Тастанқұловтар әулеті жақында еліміздің оңтүстік өңірін аралап қайтыпты.

«Түркілердің төрі атанған Түр­кіс­танда болып келдік. Арыс­танбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесе­нелерінде, сол маңда орналасқан Шығыс моншасы, жерасты Қылует мешітінің біз оқыған сырларынан бөлек таңғажайып қырларын көзбен кө­ріп, қолымызбен ұстап қайттық. Туристердің көптігі өзіме үлкен ой туғызды. Осындай ұшы-қиыры жоқ кең даланы бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақыл-айласымен қорғағаны кейінгі ұрпаққа сабақ болар деген ойдамын. Оны өскелең ұрпаққа үлгі ете білсек қана көп нәрсеге қол жеткізетінімізге то­лық сенімдімін. Осы тұрғыда өлке­­танушы досым Болат Жап­сарбайұлын айтпай кетуіме бол­­­майды. Ерен еңбегінің, тынымсыз із­денісінің нәтижесінде «Кеген ауда­нының 100 тарихи киелі орны» де­ген атаумен өлкеміздің тарихнамасын жарыққа шығарды. Біз отбасымызбен араласып қана қоймай, ел-жұртымыздың қажетіне жарайтын, ұрпаққа үлгі болар­­лық іс қалдыру жолында жұмыла жұмыс істеп келеміз. Бұл да біздің отба­сылық дәстүріміздің бір көрі­нісі», дейді көргені көп отағасы.

Темірлік аулында дүниеге келген Н.Тастанқұлов 40 жылға жуық аудандық «Коммунизм нұры», кейіннен «Хантәңірі», қазіргі «Қар­қара» газетінде табанды еңбек етіп келеді.

Жеті баланы өсіріп, жеткізген Нұрболат Тастанқұлов пен Қайнаргүл Смаиылқызы – бұл күнде ұл­ды ұяға қондырып, қызды қияға ұшы­рып, олардан 17 немере-жиен сүйген бақытты отбасы.

 

Алматы облысы