Үкімет • 13 Қыркүйек, 2024

Экономиканың нақты секторын дамыту қажет

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бек­тенов­тің төрағалығымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен ірі бизнес өкілдерінің қатысуы­мен отандық кәсіпкерлер кеңесі­нің отырысы өтті. Мақсат – кәсіп­кер­лікті дамытудың өзекті мә­селелерін талқылау, одан әрі өзара іс-қимыл шараларын қарастыру.

Экономиканың нақты секторын дамыту қажет

Олжас Бектенов мемлекет инвес­ти­циялық тартымдылықты арттыру, елі­міздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, инфра­құрылымдық мәселелерді шешу және экономиканың нақты секторын дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Ірі бизнес еліміздің технологиялық және инновациялық дамуында маңызды рөл атқарады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Талқылау барысында энергетика, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия кешені, агроөнеркәсіп кешені, көлік және қаржы, денсаулық сақтау, ІТ, ту­ризм салаларының өкілдері өз ұсыны­сын білдірді. Металдарды терең өңдеу, мұ­най-газ химиясы және басқа да басым сала­лардағы жаңа жобаларға баса назар аудара отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері көтерілді.

Елішілік құндылықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық қамту үлесін айқындау бойынша жаңа әдіснаманы әзірлеп жатыр. Үкімет басшысы жаңа тетік анағұрлым әділ болатынын әрі отандық кәсіпорындардың дамуына елеулі серпін беретінін айтты. Тиісті құрылымдарға жүргізіліп жат­қан жұмысты жеделдету тапсырыл­ды. Жасан­ды интеллект жүйелерін қол­дану­ды кеңейту және цифрлық технологиялар­ды да­мыту мәселелері қаралды. Эко­логия­лық таза, энергия үнемдейтін және төмен көміртекті жобаларды іске асыруға бағыт­талған туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, «жасыл» қаржыландыру саласын дамытудың маңызды екені айтылды.

Талқылау барысында елімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды. Бизнес өкілдері Мемлекет басшысының атом энергетикасын дамыту жөніндегі бастамасын қолдап, энергия тапшылығы жағдайында өнеркәсіпті одан әрі дамыту және жаңа нысандарды іске қосу үшін тұрақты әрі сенімді энергияның жаңа көзі қажет екенін атап көрсетті. Осылайша, биыл 6 қазандағы атом электр стансасын салу жөніндегі референдумда оң шешім қабылданған жағдайда елімізде ағымдағы және келешегі бар өндіріс­тер­дің энергетикаға деген қажеттіліктерін жабуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік болады.

Кездесуді қорытындылай келе, Премьер-министр Президент алға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін бизнесті экономиканың нақты секторын дамытуға белсенді тарту қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы елімізді жан-жақты жаңғыртуды белсенді жүр­гізіп жатыр. Экономикадағы өсім азамат­тары­мыз­дың тұрмыс сапасын жақсартуға тіке­лей әсер етуі керек. Сонымен қатар ірі биз­нес әлеуметтік жауапкершілікті көр­сетуі қажет. Президент келесі жылды «Жұ­мысшы мамандықтары жылы» деп жария­лағанын білесіздер. Бізде ірі кәсіпкер­лер колледждерге қамқорлық жасап, ма­мандар даярлауға тиісті база құра­тын сәтті үлгілер бар. Бұл модель сонымен қатар бизнеске болашақ кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. «Жұмысшы маман­дықтары жылы» аясында мұндай тәжірибені жандандыру қажет», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар ауылда кәсіпкерлікті дамыту және ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамту қажеттігі атап өтілді. Үкімет басшысы тиісті министр­ліктерге бизнес өкілдері тарапынан айтылған, «жасыл жобаларды» несие­леуден түсетін кіріске төмендетілген салық мөлшерлемесін енгізу, отандық тұқым шаруашылығын дамыту бойын­ша диқандарды ынталандыру шараларын жетілдіру, отандық аналогтар болған жағдайда импорттық тауар­лар мен қызметтерді сатып алуды азай­ту мүмкіндігін қарастыру сынды ұсыныс­тарды зерделеуді тапсырды.