Сурет: aqshamnews.kz
2011 жылы Жапонияның «Фукусима-1» АЭС-індегі апат сала дамуын сәл баяулатып қойды. Фукусимадағы апат кезінде цунами әсерінен стансаның төменгі қабаттарында орналасқан басқару құрылғылары, резервтік генераторлар мен батареялар бар жерлер су астына кетіп, станса толықтай жарықсыз қалған. Ол апатты салқындату жүйелерінің істен шығуына әрі реакторлардағы ядролық отынның еруіне әкеп соққан. Жер сілкінісінің алғашқы дірілінен кейін АЭС реакторлары автоматты түрде өшіріліп (кез келген заманауи реактордың конструкциясында қарастырылған), бірақ апатты салқындату жүйесі жұмыс істей берген. Дегенмен кейінгі цунами толқыны апатты салқындату сорғысының энергиямен қамтамасыз етілу жүйесін су басып, олар жер бетінен төмен орналасқандықтан, Фукусима АЭС-інің жобасындағы негізгі қателіктерге әкелген.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Біраз елдер осыдан кейін жобаларды кейінге қалдырып, жұмыс істеп тұрған атом стансасын тоқтату шешімін де қабылдап жатты. Фукусимадағы жарылыстан кейін он жыл аралығында саланы әрі қарай дамыту қолға алынып, тиісті қорытынды жасалды. Технологияда айтарлықтай ілгерілеушілік байқалып, жаңа буын III+ энергия блоктары кеңінен таралды. Ол жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етуде отын тиімділігін арттырып қана қоймай, жылу тиімділігін жақсартты. Құрастырмалы заттар стандартталып, пайдалану шығыны азайды. Осы жетістік қазір атом энергетикасының бірқатар артықшылыққа ие екенін дәлелдеп отыр.
Соңғы елу жылда АЭС қоршаған ортаға 55 млрд тонна көмірқышқыл газы таралуының алдын алған. МАГАТЭ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай бүкіл әлемде атом электр стансасының белгіленген қуаты 873 ГВт-ға дейін өседі. Халықаралық энергетикалық агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2030 жылдары дүние жүзінде АЭС өндірісі 16-22%-ға, 2050 жылдары 38-65%-ға артады.
Сарапшылар қазіргі атом энергетикасының қауіпсіздігі мен энергияны тұтынудың артуы арасындағы қайшылық бетбұрыс кезеңінде тұрғанын айтады.
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессор-зерттеушісі, қауымдастырылған профессор Инеш Кенжинаның айтуынша, атом энергетикасының ондаған жылдық дамуында инженерлік-техникалық және ғылыми зерттеулердің кең көлемі жиналып, жобалаушыларға жаңа ядролық реактор түрлерін табысты құруға мүмкіндік берді.
«Әлемдегі алғашқы АЭС ядролық бөліну реакторларының ерекшеліктерін зерттеуге, атом саласына жоғары білікті кадрларды, ғалымдар мен техникалық персоналды даярлауға арналған өзіндік шеберхана болды. Сондықтан бүгінгі күні АЭС-тің қауіпсіз пайдаланылуына деген сенімділік жоғары білікті атом мамандарының мол тәжірибесіне негізделіп отыр. Жалпы, АЭС-тегі апаттар реактордың құрылымы мен түріне, инженерлік жүйелердің ескірген жобалары мен адами факторларға байланысты болған. Біздің мамандар болашақ АЭС-ке әлемдегі кең таралған ядролық реактор түрін таңдауды жоспарлап отыр. Бұл – қысым астындағы су-сулы жылу реакторы (PWR). PWR типті реакторлар екі тізбекті. Онда барлық радиоактивтілік бірінші герметикалық, яғни оқшауланған тізбекте, ал сыртқы жүйеге бағытталған екінші тізбек радиоактивті емес. Бұл жағдайда бірінші тізбекті реактор жабық бетон корпусында, өте берік конструкциясы бар және ұшақтың тікелей соққысына төтеп бере алатын контейнерде орналасқан. Радиоактивтіліктің шығарылуына байланысты реактордың барлық ықтимал апаттары контейнер ішінде локализацияланады. Ал екінші тізбектегі инженерлік жүйелердегі өзге оқиғалар радиоактивті емес. Реактордың барлық ішкі ортасы терең эшелондалған қорғанысқа ие, іс жүзінде физикалық үдерістер ядролық апатты болдырмайды. Барлық төтенше жағдай ядролық отынның бөліну өнімі ретінде радиоактивті заттардың шығарылуымен ғана байланысты», дейді Инеш Ерғазықызы.
Бүгінде әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың 95%-дан астамы осы типтегілерді пайдаланады. Маңыздылығы да сол, ең жоғары дәрежеде жетілген конструкциялардың бірі. Онда барлық заманауи техникалық шешімдер мен жаңа материалдар қолданылып, кез келген реактор түрінің конструкциясында тереңдетілген қорғау қағидаты қарастырылған. Бұл реакторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелеріне қойылатын талаптар Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің Фукусима апатынан кейін тұжырымдалған.
Реакторлар бірнеше буынға бөлініп, олардың алғашқылары 1940 жылдан бері жұмыс істей бастаған «Shippingport», «Magnox/UNG», «AMB», «fermi 1» және «Dresden 1» сияқты модельдер болатын. Олар 1960 жылға дейін жұмыс істеп, ең соңғысы Уилфа АЭС-інде 2015 жылы пайдаланудан алынды. Олардың орнына келген реакторлардың III буыны алғаш рет Жапонияда қолданылды. III буын реакторларының жетілдірілген түрі – III + буынды реакторлар. Бүгінде әлемдік ядролық энергетика саласы осы реакторларды пайдаланады. IV буын реакторлары зерттеу кезеңінде, мұнда салқындатқыш ретінде суды, гелийді, сұйық металды (қорғасынды), балқытылған тұзды қолдану жоспарланған. Ал V буынды реакторлар әзірше ғалымдардың тек теория жүзіндегі зерттемесінде тұр.
Еліміздегі атом электр стансасы құрылысында МАГАТЭ-нің қатаң стандарттарына сай, III және III+ буынды реакторларын пайдалану жоспарланған. Аталған реакторларды таңдау барысында алдымен экономикалық маңыздылығына, қауіпсіздігіне, технологиялық ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөлініп, оның қоршаған ортаға әсері, атом электр стансасын салу мен пайдалану барысындағы экологиялық салдары бағаланады.
Біздегі атом стансасына Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей мен Франция елдерінің сынақтан өткен реакторларының бірі таңдалуы мүмкін. Қытайдың HPR-1000 реакторы арзан әрі ауқымды. Бағасы мен құрылыс уақыты көңілге қонымды. Үнемі жетілдіру тұрғысынан белсенді дамып келе жатқан технология. Шетелде шектеулі пайдалану тәжірибесі мен жаңа технологиялық шешімдерге байланысты кейбір қауіпсіздік мәселелері де жоқ емес.
Оңтүстік Кореяның APR-1400 реакторы – қауіпсіздік жағынан жоғары деңгейдегі дәлелденген технология. Бұл елдің атом электр стансасында жұмысы сәтті жүргізіліп келеді. Құрылыс кезіндегі техникалық қызмет көрсетуді жеңілдететін модульдік дизайны да қарастырылған. Бірақ HPR-1000 бағасы қымбатырақ.
Ресейдің ВВЭР-1200 реакторының дамыған өндірістік базасы, қосалқы бөлшектері мен сервисі бар. Өзін дәлелдеген технология деуге болады. Десе де, ескірген технологиялық шешімдермен байланысты кейбір қауіпсіздік тұсы болып тұр.
Француздың EPR -1200 реакторы сыртқы қуат көзін қажет етпейтін пассивті қауіпсіздік жүйелерінен құрылған.
АЭС құрылысын жүргізуде ядролық қауіпсіздігі жағынан реакторлық қондырғылардың жетілдірілген конструкциясы, белсенді аймақтың негізгі компоненті болып саналатын ядролық отынның сапасы, сенімділігі, үздіксіз дамуы, персоналдың жоғары біліктілігі әрі бақылау органдарының қатаң қадағалауы аса қажет. Ал дұрыс таңдау жасау еліміздегі нақты жағдайлар мен басымдықтарға байланысты болмақ.