Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 14 Қыркүйек, 2024

Атбегінің айы оңынан туғанда...

187 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының соқталы сайыстарының бірінен саналатын бәйге түрлеріне де көрермен көкпар додасына келушілерден кем жиналған жоқ. «Қазанат» ипподромының қос қанатын да тұлпарлар дүбіріне қиқу сап қолдау көрсеткен жанкүйердің демі желпіді.

Атбегінің айы оңынан туғанда...

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Арыны бөлек Айқабақ

Атқа қонған қазақтың қай-қай­сысы да Күреңбайша көсіліп, арғымақтың төңкерілген кесе тұя­ғынан тартып, қамыс құлағына дейін көз жүгірте сынап, бәтуа айтуға әуес. Бұл жолы да сол әде­тінен жаңылмады. Тіпті жылдар бойы әлеуметтік желі мен сайттардың сала-саласында бәйге туралы баталы сөз айтылса, көш­пелілер ойындарының аламанынан қай жүйрік қара үзіп келеді деген дақпыртқа даурықпаған жан­күйер кем. Міне, сол күдік пен үміт қатар өрілген сын сәті де келіп жетті.

«Қазанатқа» жиылған қалың көпшіліктің көзі – шабандоздардың ішінде шылдыр шүмектей ғана болып жүрген Хамза Амангелдіде. Алты жасынан аламанға қосылып, жетіге шыққанда-ақ бәйгенің басына тігілген жол талғамас темір тұлпарларды олжалап, дүйім елге мәшһүр болған Марланның ұлына тілеулестердің қатары көп болды. Тіпті көрермендердің көпшілігі бәйге басталатын мәренің маңына жақындап, Жұмыртұяқ тұлпарды тақымдаған еліктің асығындай ғана шымыр шабандозға тілегін жаудырып, батасын да берді.

Қырғызстаннан келген Қара­қыздан озу қай тұлпардың бағына бұйырарын тағатсыздана күткен жанкүйер шабандоздарға шабыт сыйлап, арғымақтардың шабысына қуат беріп отырды. Аламанның алдын бастап шыққан Көкмойнақ тұлпар бірнеше айналым бойы топты бастады. Тіпті алдымен шалма тастам жер ұзаған арғымақ түйдектеле өкшелеп келе жатқан шоғырдан бірте-бірте суырылып ұзай берді. Төртінші және бесінші айналымға дейін сәскелік жер де ұзап алғандай көрінген. Бірақ екінші тынысын сарқып алмай, соңына дейін сақтап келе жатқан жүйріктер сыртын бере қойған жоқ. Жұмыртұяқ та, Софлор Лэнд те, Бүркіт те, Айқабақ та қыр­­ғыз­дың Қарақызын қаумалап ор­таға алып алды да қатар шауып отыр­­ды. Соңғы айналымға дейін үзіле қой­­маған топ шын жүйріктің осы шо­­­ғырдан шығатынын әйгілей түсті.

25 шақырымдық қашықтықтың мәреге дейінгі соңғы 500 метрі қалғанда Айқабақ атырылып алға шығып алды. Ауыздық тістесіп қатар келе жатқан Жұмыртұяқ біртіндеп кейіндеп қала берді. Мәре­ге жеке-дара келген Айқабақ­тың иесі – Сапарғали Сәтбаев, атсейісі Жамбыл Бөбекбай, тізгін­деп шапқан шабандозы Аңсар Арыстанбек.

Екінші орынды қанағат тұт­қан Хамза Амангелдіні танымайтын жанкүйер кемде-кем. Марат Ақберлиновтің арғымағын Хам­заның әкесі Марлан Бекте­нов баптайды. Қазақ даласына өзінен бұрын даңқы жеткен қыр­ғызстандық атбегі Изат Сыр­ғақұлының баптауындағы Қара­қызды (иесі Нұрбек Керім­беков) мінген Нұрел Елесов үшінші жетті.

Төртінші орын Ахмет Ақ­молдин бап­тап әкелген Александр Ко­си­цынның иелігіндегі Сафлор Лэндтің шоқтығына қонған Әмір Аманұлына бұйырды.

Жүлделі бесінші орын Ұлан Ома­ровтың жүйрігі Бүркітті (бұл атты Бекзат Ділдәхан мінді) баптап әкелген Әділет Ноқатайдың еншісіне жазылды.

Еліміздің тұлпарларынан тыс, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Өзбекстаннан қосылған 27 арғымақ 25 шақырымға айдалған еді. Соңғы айналымда тек 7 ат қана көмбеден көрінді.

Жиналған көпшілік аламанның арғымақтары бауырын жаза кө­сілгенге дейін Қырғызстан арғы­мағының жайын аңыздай етіп айтып та жатты. Тіпті қыздыра түс­кендер Қарақызды биыл бірде-бір бәйгеге қоспай күшін осы көш­пелілер ойындарына сақтап әкеліпті десті. Қалай болғанда да біздің елдің тұлпарлары топы­рақ­ты тұяқпен турап, аламан бәй­геде абыройымызды асырды.

 

Құнан мен топ бәйгеде бағымыз жанды

«Қазанат» ипподромында көшпелілер ойындарының бесінші жарыс күнінде медальдар жиынтығы бәйге түрлерінен таратылды. Алдымен құнан бәйге көмбеге тізіліп дүбірді бастап кетті. Қазақстан чемпионатында ғана емес, ас пен тойдың бәйгесінде бауырын жаза көсіліп, керменің алдынан көрініп жүрген Король аталатын жүйріктің жолынан бәйге күтетіндердің қатары қалың болды. 15 құнан қосылған сайыстың бел ортасы ауғанша топты бастаған Король тұлпар сіңірін созып алып, жарыстан шығып қалды.

Көшпелілер ойындарының алтын медалі Қамысқұлақ тұлпа­рының иесі Біржан Шаймер­деновтің еншісіне жазылды. Бұл арғымақты дүбірлі аламанға бел­гілі атбегі Қуаныш Шақанбаев бап­тап қосып, шабандоз Әмір Се­рік тақымдады. Күміс жүлде Ал­тынбай Қасымның Айшуақ атты жүйрігіне бұйырды. Қола медаль Әділет Ноқатайдың баптауындағы Айбек Бейісбаевтың Бақторысына бөктерілді.

Топ бәйгеге қосылған 19 арғы­мақ 18 шақырымға жіберіл­генімен, мәреге үш ат қана жетті. Осыдан-ақ доданың қандай ауыр соғып, жүй­ріктердің өкпесін алдырып алғанын бағамдау қиын емес. Нұржігіт Табылдиевтың баптауын­дағы Зымыран жүйрік соңғы айналымға дейін топты бастап келіп еді. Бірақ мәреге таяған сәтте атбегі Медет Ералимовтің Хо­либой тұлпары суырылып шығып, өзгелерден арқан бойы озып жетті. Қола медаль Саламат Ахметов атсейістің Кемеңгеріне жазылды. Осылайша, құнан мен топ бәйгенің барлық жүлдесі өзіміздің тұлпарларға бұйырды.

Жорға сайысында (9 шақы­рым) 18 арғымақтың арасынан қырғызстандық Жайлаубекұлы Шұбанның өзі баптаған Чиксон Логі топ жарды. Күміс медаль жер­лесіміз Қымбат Тілеуғалиұлының Ақ жауын атты жорғасының ен­шісіне жазылды. Қырғызстаннан келген Өмірбек Бабановтың Импе­ратрица арғымағына қола жүлде бұйырды.

 

Шағала шаңына көмді

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бесінші жарыс күнінде ат жарыстары ұшқыр бәйгемен басталды. 1600 метр­ге жүйткіген тұлпарлар арасында әйгілі Кәбірханның иесі Тілек Мұханбетқалиевтың Шағала атты арғымағы топ жарды. Білікті ат­бегі Нұржігіт Табылдиевтың бап­тауындағы жүйрікті інісі Рама­зан Табылдиев мінді. Тіз етпе жа­рысының күміс жүлдесі Мерхат Бұлғыновтың Арлан арғымағына, ал қола медаль Аслан Жиембеттің Струна сәйгүлігіне тиді.

Ұшқыр бәйгеде сәйгүлігі топ жарған Нұржігіт Табылдиев бүгін олжалы болғанына разылығын білдірді. «Өз елімізде өткен Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындарында баптаған тұлпарымыз қара үзіп келді. Тәубе дейміз, қанжығамыз бос қайтпады. Қысқа қашықтыққа шабатын ұшқыр бәйгенің де көрермені көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгін де жанкүйерлер қатары қалың болды. Өзім атбегі болғандықтан, шетелге жиі қатынап, білікті мамандармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып жүремін. Кейінгі кезде бізде ұшқыр бәйге кең қанат жая бастады. Ат баптаушылар да, шабандоздар да артып келеді. Оған тағы бір себеп – әйгілі тұлпар Кәбірханның әлемдік додалардағы толайым жеңісі. Көшпелілер ойын­да­­рының инфрақұрылымын жаң­­ғыртып жаңартудың нәти­жесінде стандартқа сай ипподром бой көтерді. Мұнда енді ұшқыр бәйге түрлерінен сайыс­тарды жиі ұйымдастыруға болады. Атшабардың игілігін атбегілер көрсе, әлі талай тұлпарларды тү­летері сөзсіз», деді білікті маман.

Ұшқыр бәйгенің 2400 метр қашықтығына 5 дөнен қосылып, үш жүлде де жерлестерімізге жазылды. Бақтияр Байзақовтың Берил Рейсерін мінген Асланбек Байкенов чемпион атанса, Тілек Мұханбетқалиевтің Адайын тізгіндеген Мырзабек Қапышевке күміс, Қарабай шаруа қожалығына тиесілі Роузлайн жүйрікті мінген Дәурен Жүсіповке қола медаль бұйырды.