Әйелдер арасындағы додада Ғалия Тынбаева финалға дейінгі қарсыластарын айқын ұтты. Италиялық Джулия Гиглионе, француз Анаис Перрот, мажарлық Ребека Рита Косзегиді жығып, алтын медаль үшін күресте жапон қызы Кога Уаканаға есе жіберді.
Ерлер додасында 60 кг салмақта белдесуге шыққан Шерзод Давлатов та еліміздің әнұранын шырқатты. Іріктеу кезеңінде алдымен израильдік Ариэль Шульманды айқын басымдықпен ұтып, екінші кезеңде мажарлық Давид Наджиді жеңді. Украиналық Артём Лесюкті қапы қалдырып, жартылай финалға шыққан. Шерзодтың қарымына француз Энцо Джин да төтеп бере алған жоқ. Алтын медаль үшін өткен белдесуде әзербайжандық Ахмад Юсуфовтан басым түсті.
Жанарыс Рахметқали (66 кг) финалдық белдеуде ұлыбританиялық Майкл Фрайерді жықты. Іріктеу кезеңінде алдымен Хорватия балуаны Никола Зоротовичті ұтып, ширек финалдық тартыста сальвадорлық Диего Калистен иппонмен басым түсіп, жартылай финалда грузин Тенго Зиракашвилиді жеңді. Жастар арасында жарқырап көрініп, былтыр Португалияның Одивелаш қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, әлем кубогінің жеңімпазы атанған еді. Енді, міне, ересектер қатарына өткен балуан жасындай жарқырап, Гран-при сериясының алтынын олжалады.
Күрес: Ризабек әлем чемпионатына қатыса ма?
Еркін күрестен ересектер арасында тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан жуырда Испанияның Понтеведра қаласында 20 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен әлем біріншілігінде де топ жарды.
Былтыр Сербияның Белград қаласы қабылдаған әлем чемпионатына олимпиадалық салмақ саналмайтын 92 кг-да алтын медаль алған жерлесіміз биыл 97 (олимпиадалық салмаққа) түбегейлі ауысты. Сөйтті де өзінің әлеуетін Испанияда сынап көруге бел буды. Талантты балуан бабында екен, бірінші белдесуінде Иран елінің үміт артқан саңлағы Аболфаза Бабалуды 12:1 есебімен айқын ұтты. Ширек финалдық белдесуде грек Николаос Караваносты да дәл осындай есеппен жықты. Жартылай финалда америкалық Джастин Радемахермен белдесуінде 9:1 есебі тіркелсе, финалда әзербайжандық Хетаг Карсановты 10:0 нәтижесімен айқын ұтып, 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды. Жастар құрамасының аға бапкері Аслан Байғұлов Ризабектің қарсыластары осал болмағанын, барлығын да айқын басымдықпен ұтуы жерлесіміздің тынымсыз тер төгіп, әзірлікті күшейтуінің нәтижесі екенін айтады.
Ризабек Айтмұханның әкесі әрі жеке бапкері Қанат Жолдасбай 21-27 қазан аралығында Албанияның Тирана қаласында 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өтетін әлем чемпионатына қатысатынын жеткізді. «Испанияда өткен әлем біріншілігі біздің деңгейіміздің қаншалықты екенін әйгілеп берді. Ризабек олимпиадалық салмаққа түпкілікті үйреністі. Алғашында жаңа салмаққа бойымызды үйреткенше бір жыл уақытымызды сарп етеміз бе деп те уайымдадық. Ризабек алты айда бабына енді», деді Қ.Жолдасбай.
Бокс: Жаңа толқын келеді
Бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты Біріккен Араб Әмірлігінің әл- Айн қаласында өтті. Құрлықтың 26 елінен 462 боксшы жиылған додада боксшыларымыз толайым табысқа кенеліп, жалпы командалық есепте көш басынан көрінсе, Өзбекстан боксшылары екінші, Үндістан құрамасы үшінші сатыға тұрақтады.
2010, 2011 жылы туған жасөспірімдер сынында (қыздар арасында) Нұрайым Құдайберген (49 кг), Айлин Қожамбердиева (58 кг), Аяулым Оспанова (61 кг), Диана Надырбек (70 кг) чемпион атанса, Әсел Жәлімбекова (35 кг), Лашын Дәулетжан (46 кг), Арина Оразымбет (52 кг), Балым Ғабитқызы (55 кг), Мадина Нұрманова (64 кг), Кәусар Сағымбай (+70 кг) финалдық жекпе-жекте сүрініп, күміс медальды місе тұтты. Азия чемпионатының жартылай финалдық сынында сүрінген Әнел Ордабек (33 кг), Тахмина Алмасбек (37 кг), Милана Иншина (40 кг), Аружан Тілләбай (43 кг), Қымбат Ғабидолла (67 кг) қола жүлдемен оралды.
Ұлдар сайысында (2010, 2011 жылы туғандар) Абылай Досымбеков (35 кг), Бекхан Оразбаев (40 кг), Жұмағали Нұрмұхан (43 кг), Әмір Мұхит (46 кг), Нұрислам Оңалбек (52 кг), Әбдімансұр Жақсылық (55 кг), Төрехан Қанатбай (64 кг), Мансұр Амантай (70 кг) Азия біріншілігінде жеңіске жетті. 61 кг салмақта жұдырықтасқан Әлиимран Әлиевке күміс медаль бұйырса, Әли Әбдікамал (33 кг) мен Жәдігер Мүсірәлі (+70 кг) қола жүлдені місе тұтты.
Ал 2008, 2009 жылғы жасөспірімдер додасына қатысқан қыздарымызға 1 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль бұйырды. 63 кг салмақта рингте жасын ойнатқан Алина Құдайгенованың қарымына ешкім шыдас берген жоқ. Шеберлігін паш еткен Алина Құдайгенова Азия чемпионатының үздік боксшысы атағын қоса иеленді. Айым Таңқыбаева (48 кг), София Ващенко (60 кг), Зарина Толыбай (75 кг), Сабина Жақсылық (+80 кг) күміс, Мадира Жұмахан (46 кг), Жәмила Болатбекқызы (52 кг), Айғаным Қадырхан (57 кг), Айсұлу Мұхит (66 кг), Камила Оспанова (70 кг), Айдана Ұбайдұллақызы (80 кг) қола медаль иеленді.
Ұлдар додасында Тимур Тайбеков (75 кг), Ерубай Тұрлыбай (80 кг) Азия чемпионы атанса, Ақжүрек Қалабай (60 кг) мен Владислав Саможоновқа (+80 кг) қола медаль бұйырды.