Тұлға • 24 Қыркүйек, 2024

Қазақ әдебиетінің Хантәңірі

154 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ұлт руханиятына «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты көркем туындыларымен олжа салған классик-жазушы Бердібек Соқпақбаевтың ғасыртойын кіндігі кесілген қасиетті топырағында Алматы облысы мен Райымбек ауданы әкімдігі өте жоғары деңгейде ұйымдастырды. Аспантаулар елінің асылын ардақ­таған кеңпейіл, жомарт халқы біртуар қаламгердің 100 жылдық мерейтойына тайлы-таяғымен, еңкейген қарты, еңбектеген баласына дейін атсалысқанының куәсі болдық.

Қазақ әдебиетінің Хантәңірі

Суреттерді түсірген – Аслан Қажеке

ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан балалар әдебиетінің классигіне арнал­ған мерейтойлық іс-шаралар легі Нарын­қол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде «Болмысы бөлек Бердібек» атты салтанатты жиыннан бастау алды.

Мерекеге жиналған қауым алдымен жа­зушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен танысты. Салтанаттың шымылдығын «Бердібек әлемі­не саяхат» атты театрландырылған қойы­лым аш­ты. Қойылым авторы – режиссер Сер­жан Молдасан. Сахнада Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткерлері Бауыр­жан Қап­тағаев, Бекжан Тұрыс, Ерлан Біләл, Ерке­бұлан Дайыров сынды танымал актерлер жазушы шығармаларынан үзінділер көр­сетті. Заңғар жазушының рөлін сомда­ған Ербақ Құрманжанұлы көрермендер­дің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ салтанатты іс-шараны Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов пен «Қоңыр» тобы және балалар хоры әнмен әрледі.

Жиын барысында Бердібек Соқпақ­баев­тың Алматы облысы әкім­дігінің қолдауымен жарық көрген төрт томдық шы­ғар­­малар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Қайратұлы жиналғандарға өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау лебі­зін жеткізді. Бұдан әрі халқымыздың қабыр­ғалы қаламгерлері, сөз зергер­лері мін­берге көтеріліп, Бердібек Соқпақбаев­тың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі тура­лы ой толғады.

ап

«Бердібек Соқпақбаев дегенде елең ет­пей­тін қазақ жоқ. Мен егер салиқалы, пара­сатты  мемлекет қайраткерін, ақ пейіл адамды жолықтырсам, «әй, осы кісі  «Менің атым – Қожаны» оқыған-ау деп ойлаймын. Өйт­кені бұл шығарманы оқымаған қазақ – қазақ емес. Сондықтан ылғи да жақсы адам­дарды көрсем, көз алдыма Бердібек аға келеді. Бердібектей жазушылар бар, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларды бау­раған Бердібектей жазушы жоқ. Қазақ әдебиеті өскен, өркендеген әдебиет десек те, әлі күнге дейін «Менің атым – Қожа­ға» тең келетін шығарма жазылған жоқ. Сон­дықтан Бердібек Соқпақбаев – біздің қазақ әдебиетінің Хантәңірі десек, артық емес» деген Жазушылар одағының басқарма төр­ағасы Мереке Құлкенов ұлт әдебиетінде «Менің атым – Қожаға» тең келер шығарма жазылмағанын айтады.

Оның айтуынша, тірісінде талантты баға­лау жағынан қазақ кемшін қалып жатады. Бердібек Соқпақбаев соңына 20 шақты кітап қалдырыпты. Соның әрқайсысын клас­сикалық шығарма деп айтуға болады. Өйткені ол кісі – кеңес үкіметі кезіндегі социа­листік реализмге қарсы болған халық жа­зушысы. Ол коммунистік партияның өкілдерін өтірік мақтап жазбаған. «Өзім туралы жазатын жалғыз жазушымын» деуі сондықтан. Шынында,  оның бойындағы осы бір керемет қасиет қазіргі уақытта бү­кіл қазаққа керек қасиет деп ойлаймын. Қазақ­тың бүкіл жазушысы дәл Бердібек аға­мыз сияқты шынайы дүниелер жазса, қазақ­тың шығармалары бүкіл әлемге тарай­тынын қуаттаған ол осы күнге жазушы кітап­тарының 70 елге таралғанын еске алды.

Біз тәуелсіз ел болған соң, тәуелсіз жазу­шымызды ұлықтап жатырмыз. Қырдағы ел қуанатын, ойдағы ел ойланатын той – бұл. Еліміздің Президенті баланы бірінші әде­биетті оқуға үйретейік деп отыр. Өте ғажап сөз. Бұған дейін мектептерде ескі кітап­тар ғана тұратын. Ендігі уақытта қазақ қаламгерлерінің көркем шығармалары мектеп кітапханасында болады. Мұны Әділетті Қазақстанның жасап жатқан үлкен шаруа­сына балаған Мереке Құлкенов сөз арасында өз ұсынысын да білдірді: «Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабы да әлем тілдеріне аударылып, сон­дағы Сарыжаз, Текес, Қостөбе, Нарын­қол сияқты ауылдарды әлем балалары аралайтын мар­шрут жасалса жөн болар еді. Олар ас­қар тау мен ағын судың сырын ұғып, хал­қы­ның ішкі жан дүниесін танитын еді. Қожа – қазақ баласының мінез-құлқы, ішкі жан дүниесі, әлемге көзқарасы» деп түйді.

Тойға келген жазушының ұрпақтары да ағынан ақтарылып сөйледі. Асылдың сынығы Самал Соқпақбаева – әкесінің ақ батасын алып, аудармашылықта бағын сынаған жан.

– Бүгін қасиетті қазақ даласында ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтер­ген қалам­гер, менің әкем Бердібек Соқпақ­баевтың ­100 жылдығына жиналып отырмыз. Еліміз­дің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұсынысымен жазушының шығармашы­лық еңбектері ЮНЕСКО-ның мәдениет қорына енгізілді. Бұл жетістік қазақ елінің қуанышы, қазақ әдебиетінің мақтанышы деп есептеймін. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен алғысымды айтқым келеді.

Мен Алматыда ҚазМУ-дың химия фа­куль­тетін бітіріп, біраз  жыл Ғылым академиясында жұмыс істесем де, бұл саланы біржола тастап, аударма жұмысымен шұ­ғылдандым. Мұны естіген әкем шақырып алып, «академияны неге тастадың, енді өнеріңді көрсетші» деп қасына отырғызып «Менің атым – Қожаның» 1-2 бетін аудартты. Менің тіпті зәрем ұшты, өйткені әкемнің мінезі қатал және ұнамаған болса, аудармамен айналыспауымды айтар еді. Сондықтан әлгі тапсырмасын қорқа-қорқа аударып, көрсетіп едім, ұнатты. Оның алдында орыс жазушылары аударған. Десе де менің аудармамнан қазақылықтың иісі аңқып, адам­дардың мінез-құлқын өзі сияқты жеткізе алуым көңіліне қонған болуы керек, риза кейіппен батасын берді. Содан бері 35 жыл бойы аударма саласында жұмыс істеп келемін. Көптеген қазақ жазушысының шығармаларын аударып, әкем сияқты жазушы болмасам да, әдебиетке аздаған үлесімді қосып келемін дейді.

Биыл Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен өңірдің бір­неше көше, мектептеріне жазушы есімі берілген. Ол туралы спектакльдер қойы­лып, кітаптары шықты. Ұзақ жылдар бойы кітаптары жиі-жиі басылып шығатын жазушы бақытты. «Менің атым – Қожа» кітабы ­5-6 жыл бұрын 3-рет түрік тіліне аударыл­ды. Сонымен қатар биыл «Өлгендер қай­тып келмейді» кітабы түрік тіліне және бас­қа да шығармалары әзербайжан, фран­цуз тілдеріне аударылып жатыр екен. 

Әкесі туып-өскен аудан орталығы На­рын­қолдан еңселі ескерткіші бой көтер­геніне қуанған Самал Бердібекқызы 2022 жылы маусым айында Астана қаласындағы Жетісу саябағының дәл ортасына дүние­жүзіне белгілі «Менің атым – Қожа» киносына арналған  ескерткіш орнатылға­нын қаперледі. «Сол ескерткіштің өмірге келуі­не қаламы қарымды журналист, кезінде «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы болған Жанболат Аупбаев үлкен үлес қосты. Осыдан 20 шақты жыл бұрын белгі­лі жазушы, мемлекет қайраткері Баққожа Мұқай ағамыз әкем туралы естелік кітапты құрастырып шығарды. Ал биыл әкемнің 100 жылдығына орай Жанболат Аупбаев аға­мен бірлесіп, әкем туралы естелік-кітапты толықтырып, қайта шығарып отырмыз. Бұл кітаптың демеушісі Баққожа ағаның ұлы, кәсіпкер Ерлан Мұқайға үлкен алғыс айтамын. Кітапты әкемнің жерлестеріне сыйлық ретінде таратқым келеді», деді.

Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қос­қан жазушыға туған топырағының құр­меті шексіз. Тойға көзін көрген әдебиет ақ­са­қал­дарының сөзі сенімді естілді.

Бердібек Соқпақбаевпен көзі тірісінде талай мәрте жолығып, сөйлестік. Қазақ әдебиеті төңірегінде талай сырластық. Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстырған­да, қазақ әдебиеті қай нүктеде тұрғаны, шетелде оқылатын-оқылмайтыны туралы ой толғайтынбыз. Бердібек Соқпақбаевтың жазылмаған шығармалары өзімен бірге о дүниеге кетіп қалды. Өкінішті. Өзі «жазбаймын» дейтін де, өндіре жазып тастағанын байқамай қалатын. Содан соң «өзі не боп кетті, ананы жаз, мынаны жазба» дейді. Мен оған дайын емеспін, жазатынымды жаздым. Оқимын десе оқысын қазақ, оқымаса қайтеміз енді? Мен жаңаша жазу дегенді түсінбеймін. Мен адамдардың табиғи мінезін жаздым. Әдебиет деген сол емес пе? Әдебиет деген адамтану ғы­лымы ғой. Мен ауылдастарымды жаза оты­рып, оларды біраз жерге танытқан сияқ­тымын» дейтін еді, деп толғанды жазушы, драматург Дулат Исабеков.

Иә, ұлт мақтанышына айналып, әлем мойындаған қазақтың классик-жазу­шы­­сы Бердібек Соқпақбаевтың шы­ғар­­ма­­шы­лығына арналған салтанатты жиынға келген қарақұрым қауымнан мәдениет үйінде ине шаншар орын қалмады. Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Мереке Құлкенов тіз­гіндеген «Болмысы бөлек Бердібек» атты әдеби кеште қазақтың көр­некті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбаев «Пионер» журналына шыққан Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығарма­сын қолдан-қолға алып, таласа оқыған кез­дерін еске алды. Ал жазушының аталас қарын­дасы Несіпхан Аманбаева әкесі Смағұл­дың Бердібекті ерекше қадірлеп, қамқорлық жасағаны туралы сөз етті.

Келесі кезекте жазушы Құлбек Ергөбек тағ­дыры – қасіретке, қаламы – қасиетке айнал­ған Бердібектің болмысы жайында баян­дады. «Бердібек Соқпақбаевты әлем­дік балалар әдебиеті контексінде қара­сақ, Бердібектей балалар жазушысын бер­­ген қазақ халқынан айналасың. Берді­бек Соқпақбаев әлемдік балалар әдебие­тіндегі мақтанышымыз, шедевр жасаған шеберіміз», деді.

Қаламы қуатты жазушы Қуандық Түмен­бай болса, балалар әдебиетінің клас­­­сигі атанған Бердібек Соқпақбаевтың соқ­пағы бірталай қазақ қаламгерлерін қа­лыптастырғанын атай келе, «Өлгендер қай­тып келмейді», дейді Бекең. Өлгендер қайтып келеді. Олардың рухы қолтықтан демеп жүреді» деген ойын ортаға салды.

Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулетов:

«Жазып та көрдім мен өлең,

Жазып та көрдім қара сөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейтін тек дана сөз», бұл – Бердібек Соқпақбаев ағамыздың өлеңі. Бала кезі­мізде «Саққұлақтан» бастап, талай өлеңін жатқа білуші едік.

«Жүріңдер, балалар,

Сырғанақ тебеміз.

Құрыспай, құрыштай,

Шынықсын денеміз», дейтін Берді­бек балаларға жазған өлеңінде. Біз Берді­бек Соқпақбаев сияқты дара жазушыға қарыз­­дармыз. Оның шығармалары біздің ақы­лымызды толықтырды, жанымызды байыт­ты. 70 жылдың ішінде қазақтың қаншама буынын тәрбиелеп шығар­ды. Бердібек аға­мыздың есімі Марк Твен бастаған әлемдік ба­лалар әдебиетінің классиктерімен қатар тұр» дей келе, келешекте туған өлкесінде жазушының атын­да музей ашылса деген тілегін білдірді.

Келелі жиында Парламент Мәжі­лісі­нің депутаты Қазыбек Иса әйгілі жазушы Соқпақбаев салған соқпақ миллиондардың жүрегіне даңғыл жол ашқанын атап айтты.

«Менің атым – Қожа» – бәріміздің өмі­ріміз. Біз де бала кезімізде Жанар­дай жақсы қыздарды ұнаттық, Жан­тас­тай жатықтарды жылаттық. Апайларымыздың сөмкесіне бақа сал­масақ та, жүйкесін жұқарттық. Ер Сұлтандарға еліктеп, соңынан ердік. Яғни бұл бәрі­міздің ортақ өміріміз. Ал осы Б.Соқпақ­баевты айтқан кезде «Менің атым – Қо­жаны» қаз-қалпында киноға көшіріп, бүкіл­халықтық Қожаға айналуына үлес қосқан белгілі кинорежиссер Абдолла Қар­­сақбаевқа да қол соғып қояйық.  Бер­дібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» деген шы­ғармасы бар, бірақ жазу­шының даңқы «Өлгендер қай­тып келе­тінін» көрсетті. Жүз жылдығы Париж төрінде тойланады. Бүкіл қауым Соқ­пақ­баевтың «Балалық шағына саяхат» жа­сап жатыр. Олай болса, миллиондар­дың жү­ре­гіндегі Б.Соқ­пақбаев қазақ халқы­­мен мәң­гі жасай береді», деді Мәжіліс депутаты.

Ал Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжар қазақ даласында Қожа сияқты қарадомалақтар мыңдап саналатынын, тек оны танытатын Соқбақпаев тәрізді жазушы мен Қарсақбаев сынды режиссер жоқтығын атап айтты.

 

* * *

Тәңіртаудың етегінде қазақ әдебиеті­нің алыбы Бердібек Соқпақбаев, мұзба­лақ ақын Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібі­танов, Бақ­қо­жа Мұқай, Сағат Әшімбаев­тар­дан бас­тап, күні кеше «Құлмамбет­тің құлыны­мын» деп жұлдыздай аққан отауыз Оразалы Досбосынов сынды Алаштың асыл ұлдары дүниеге кел­гені белгілі. Осындай қасиет­ті өлкеде «Ұлт әдебиетінің алыбы» атты Берді­бек Соқпақбаевтың шығармашылы­ғын өзек еткен республикалық командалық ақындар айтысы өтті. Оған жер жәннаты Жетісу облысы мен асқаралы Алатаудың етегін алып жатқан Алматы облысы­ның айтыскер ақындары, жыршы-терме­ші­лері және күйшілері қатысты. Қара сөздің қаймағын қалқыған ақындар айтысына ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-тер­мешілердің халықаралық ода­ғының бас­қарма төрағасы, «Отан» орде­нінің иегері Жүрсін Ерман баста­ған қазылар төрелік етті. Айтыскер ақын, Парламент Мәжілісі­нің депутаты, «Құр­мет» орденінің иегері Аман­жол Әлтай жүргізген командалық айтыста қос тарапты талантты өнерпаздар, Ал­тынбек Сәрсенбайұлы атындағы орта мек­тептің 8-сынып оқушысы Ершат Кәміл­жанұлы мен Талғар балалар өнер мекте­бінің жыр-терме сыныбының оқушысы Ерасыл Дәулеткелдіұлы таныстырды. Сахна төріне шыққан қос команданың айтыскер ақындары Жақсылық Орынбасаров пен Жалғас Мақсұтов бастап берген айтыс өне­ріне тыңдарман зор қошемет көрсетті.

Ал кешкілік аудан жұртшылығы мен қонақтар аудан орталығында эстрада жұл­дыздарының гала-концертін тамашалады.

* * *

Мерейтойдың екінші күні Бердібек Соқ­пақбаев атындағы Жастар саяба­ғында жалғасты. Саябақтың ортасына орна­тыл­ған қазақ әдебиетінің классигі Берді­бек Соқпақбаевтың еңселі ескерткішінің ашылу рәсіміне қалың қауыммен бірге, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қаламгерлер, өнер өкілдері жиналды.

Мерейтойға Астана төрінен Мемле­кет басшысының тапсырмасымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келіп, көптің қуанышына ортақ болуы да қалың қауымның ризашылығын тудырды. Іс-шара жазушы ескерткішінің ашы­луымен басталды. Салтанатты рәсім­ге Сенат төрағасы Мәулен Әшім­баев, Алматы облысының әкімі Марат Сұл­танғазиев, Қазақстан Жазу­шылар ода­ғының басқарма төрағасы Ме­реке Құл­кенов, жазушының қызы Самал Соқ­пақбаева қатысты. Тұғырға қонған қа­зақ әдебиетінің алып тұлғасы асқақтай түскендей көрінді. Ескерткіш авторлары – Тимур Ермұханбетов пен Айдос Бүркітбаев мейірім­ге, жылылыққа толы бейнесі күлімсі­реп тұрғандай сезіледі.

Ескерткіштің ашылу сәтінде Пар­ламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жұртшылыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Келесі кезекте сөз алған Алматы облы­сының әкімі Марат Сұлтанғазиев жазу­шы мерейтойына байланысты облыс кө­лемінде жүзеге асырылған игі істер­ден хабардар етті. «Бүгінгі той – ұлт әде­биетінің тойы. Мемлекет басшысы төл әдебиетіміздің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда біртуар тұлға Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде жоғары деңгейде атап өтіп, жазушының шығармаларын және өнегелі өмірін ел арасында дәріптеп, есімін ұлықтау – біздің абыройлы міндетіміз. Бүгінде облыс аумағында Қарасай ауданы «Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназиясына», Іле ауданы Көк­қайнар ауылындағы «53-орта мектепке», Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы жаңа саябаққа, Кеген ауданы Кеген ауылындағы «Жастар саябағына», облыс орталығы Қонаев қаласындағы  «Центральная» кө­шесіне Бер­дібек Соқпақбаевтың  есі­мі берілді. Ал­дағы уақытта Қонаев қала­сында салы­нуы жоспарланған орта­лық әмбебап кітапханасына да Бер­дібек Соқпақбаевтың аты берілетін бола­ды», деген өңір басшысы Марат Елеу­сізұлы ұлт мәдениеті мен әдебиетіне сіңір­ген ұшан-теңіз еңбегін бағалау бұл бас­та­малармен ғана шектелмей, жазушы­ның шығармашылығын насихаттау бола­шақта да жалғаса беретінін атап айтты. 

Сарыжаз жазығында жазушы Б.Соқ­пақ­баевтың 100 жылдық мерейтойына ақшаң­қан үйлер тігіліп, ас берілді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйым­дастырылып, 150-ге жуық спортшы бақ сынады. Қазақ эстра­дасының жұл­дыздары, сондай-ақ Сүйін­бай атындағы фольклорлық ансамблі дүйім жұртқа өнерін тарту етті.

Іс-шара соңы шашасына шаң жұқ­тырмас тұлпарлардың тұяғы дүбірлеткен бәйгеге ұласты. Құнан, аламан және топ бәйге бойын­ша сынға түскен жарыста жүзден жүйрік шыққан қылқұйрықтар мен шабандоздар жеңімпаз атанып, көліктер иеленді.

Қазақ даласын дүбірлеткен қазақ әде­биетінің алып бәйтерегі Бердібек Соқ­пақбаевтың ғасыртойы алдағы уақытта Париж төрінде түйінделетін болады.

 

Алматы облысы