Сатира • 27 Қыркүйек, 2024

Жан жадыратқан жасын

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірден айтайын, бір ме­зетте-ақ, о баста өзге түгіл өзіме де тү­сінік­сіз тілде сөйлеп шыға келдім. Былдыр-шүлдір сөз-сөй­лем ай­тып шатып-пұтып отыр­ға­нымда, алғаш әйел есі ауысқан екен деп, мән бере бажайлай, айтқандарымның қи­сынды әуез-екпінмен дөп түсіп жатқанына қарап, біртіндеп мән бере бас­тады.

Жан жадыратқан жасын

Сурет: multiurok.ru

Бұл кейіпке түсуімнің, яғни бір түнде түсініксіз тілде сөйлеп шыға келуімнің себебі бар.

Ауылда, айдалада қиял кезіп жүрген жерімде – дәл төбемде най­зағай шатырлап бұрқ етіп табан астыма, табаны несі, мен қонақ­тап отырған қара ағаш түбіне нән жасын түсіп... Есімді ауруханада жиыппын.

Құдай сақтап аман қалып, ес кіргеннен осы бір түсініксіз тілде былдырлай беріппін.

Мамандар зерттеп, ақыл-есім­нің дұрыстығын айтып, ал мына шүлдір-бүлдір бекер емес, не болса да жасынның миға әсері деп біліп, шүлдір-бүлдірдің анық-қанығын тіл мамандарына сыр­ғытып құты­лыпты.

Тіл мамандары да тыңдап көріп, мен айтқан сөз-сөйлем атаулыдан – бұл бір көне кездегі ата-бабаның тілі, төбеден түскен жасынның әсерінен мида ерекше құбылыс болған, содан мың­жылдықтардағы көне тіл қозып бұған бұйырыпты деп шешіпті.

Күнде жанымда, көз ашқаннан әйелге сол тілде шүлдірлейді екен­мін... Дұрысы – өз тілім де жанымда қалыпты. Іле-шала аудар­масын айта қоятындікі ме, әйел де түсіне бастағандай.

Ал қатынмен қағыса қалғанда – көне тілді бұрқ-сарқ қағытып, ай­тарымды сол тілде шұбыртып көсілемін дейсің...

Әрине, аудармасын бүгіп қала­мын.

Алғашқы ғажабы осы болса, келе туған-туыс, дос-жаранмен керілдесе қалғанда, айналайы­н ата-баба тіліне ерік беремін. Аузымнан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқаны бір өзіме ғана аян.

Айызым қанып, шерім тар­қап шікірейіп мен отырамын, түсініксіз тілде бұрқ-сарқ болған маған қарап көпшілік мәз...

Ғажабы – қызметте керемет! Айда кеп көсіліп еш іркілмей қар­сы келген кез келгенді іреп-соямын...

Дүниеде ойыңды іркілмей айта алудан ғажап нәрсе жоқ екен.

Әсіресе бастықпен бет-перде ашарда ғажап... Іркілмейсің! Ай­тып-айтып тастағаныңдағы сезім-күйдің әсерінен – қалай ғана риза кейіппен ыңылдап ән айтып кет­кеніңді де білмей қаласың.

Әркімнің қай тілде сөйлеуге құқы бар мына заманда эфирге шығып, теледидардан ағыл-тегіл ағытылатынымды айтсаңшы... Кө­біне оппозициялық теледидар шақырып, қазіргі тілде «мына мәселеге қалай қарайсыз?» десе болды, ойхой, көне тілде көсілгенімде... түсінбесе де – ым, ырғақ, екпін-әуеннен не деп жат­қанымды ел-жұртым біліп риза болысады-ай!..

Қызды-қыздымен көне тілде көлемді мақалада жазып жарияладым... Көлемді қаламақы төлеп, айтарыңыз мына мәнде болса деген баспасөзден де тартынбайтын болдым.

Несін айтайын, айналайын қара ағаш түбіне қиял кезіп қайдан ғана бара қалып едім... Жарықтық жасынның арқасында ұмыт болған көне тіл тұла бойыма тұмар болып бұйырып, қазір менен өткен белді белсенді жоқ.

Өкімет те қарап қалмады, сонау шетелдік белді мінберден сөз алып беріп, айда кеп айтарымды айтқызды...

Енді міне, көне тілді қанағат тұтпай, тағы да Тәңірдің басқа бұйыртары болып қала ма деп дала безіп, баяғы қара ағашқа тағы да кетіп барамын...

 

Берік САДЫР