Руханият • 27 Қыркүйек, 2024

Ағайынды Гриммдер қазақтан ертегі «ұрлаған» ба?

279 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сонау 1968 жылы Ныю-Йоркта «Stories of Steppes», яғни, «Дала ертегілері» атты кітап америкалық жазушы, зерттеуші ғалым Мэри Лоу Масейдің авторлығымен басылып шығыпты. Аталған кітапқа қазақтың 19 ертегісі еніп, Америка жұртшылығына кеңінен тараған.

Ағайынды Гриммдер қазақтан ертегі «ұрлаған» ба?

Әжелеріміз немерелеріне жалықпай айтатын «Жалғыз көзді дәуден» бастап, «Бота туралы ертегі», «Бір қалыңдыққа үш күйеу», «Салақбай мен түлкі», «Сиқыр­лы бақ», «Алдар көсе мен бай», «Отын­шының қызы», «Ақылды ұры», «Ер Қосай батыр», «Ақымақ қасқыр» сияқты қазақ ертегілері ағылшын тіліне сапалы аударылып, Батыс жұртының руханиятына да өз үлесін қосқанын аңғардық. Бізді қызықтырғаны Мэри Лоу Масей аталған еңбегінде Батыс оқырманына өзі жинап-теріп, аударған қазақ ертегілері түсінікті болу үшін әрқайсысына өз мазмұнына сай қыстырма суреттер беріп, кітаптың мазмұнын байыта түсіпті.

о

Аудармашы ретінде Мэридің әр ісіне ұқыптылығы сонша, кей қазақша атауларды түпнұсқада беруге құлшынған. Мысалы, «Ақылды ұры» атты ертегіде «өмір-зая» атты жұлдыз атын қазақша үлгіде «Omir-Zaya» деген атаумен алған.

Осы сәтте Мэри Лоу Масей кім болды екен деген заңды сұрақ туады. Ол – америкалық жазушы, зерттеуші. Жүйке ауруы себебінен Филадельфия штатындағы қонақүйдің терезесінен секіріп, жан тапсырған. Бәрін білетін интернет бізге ол хақында осындай ғана шағын ақпарат береді. Бір анығы, ол біз сөз етіп отырған кітапты жазуға өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұрынғы кеңес одағына қарасты елдерге арнайы сапармен келгендігі. Сол сапарының нәтижесінде ол қазақ мәдениеті мен әдебиетін Батыс әлеміне насихаттайтын «Дала ертегілері» атты кітабын рухани мұра ретінде қалдырды.

зх

Бір қызығы, автор осы кітабының алғысөзінде: «Бұл кітапқа енген ертегілердің кейбірі Еуропада ғасырлар бойы танымал болған халықтық ертегілердің нұсқалары дегім келеді, мүмкін, олардың шығу тегі Шығыс елдері шығар. Мысалы, «Қаңбақ шал» ертегісі ағайынды Гриммдердің «Кішкентай өжет тігінші» атты ертегісінің бір нұсқасы деуге болады. Тіпті бұл ертегінің жүздеген түрі бар, бізге Азиядан келген болуы да ықтимал. Ал «Салақбай мен түлкі» ертегісінің көне нұсқасы бар әрі ол ел арасында кең таралған. Еуро­пада, Сібір халықтарында, Үндістанда одан ары Шығыста осы сарындас ертегі нұсқасы көп кездеседі. Бұл ертегі Батысқа «Етік киген мысық» деген атпен белгілі.  Сонымен бірге, «Сегізбай мен кішкентай қыз» және «Сиқыршы әйел» ертегілері Үндістанда жазбаша түрде өте ерте кезден бері сақталған ертегілердің нұсқалары дегім келеді. Қазақтың жануарлар туралы ертегілері шынтуайтында, орыстың ықпалын көрсетеді, ертегілердің желісі орыстың жануарлар ертегілеріне ұқсас. Ізгілік пен юморды ұштастырған бұл ертегілер далалық көшпелілердің өмірі, олардың өздеріне тәуелді жануарларға деген шексіз сүйіспеншілігін бейнелейді», деп жазыпты.

«Баяғыда бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты» деп басталатын қазақ ерте­гі­лері қазақпен бірге туып, далалық мәде­ниет ретінде қалыптасқанын бүкіл әлем біледі. Ал қазақтың 19 ертегісін ағылшын тіліне аударып, кітап ретінде жариялаған автордың кей ертегімізге жоғарыдағыдай түсінікпен қарауында бір себеп бар ма, кім білсін! Дегенмен оның бай мәдениетімізді аз да болса, өзге жұртқа таныстырғанына көңіл қуанады.