Саясат • 01 Қазан, 2024

Отандық дипломатияның басымдықтары

96 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында отандық дипломатияның негізгі міндеттерін де назардан тыс қалдырмады. Олардың қатарында ел тәуелсіздігін нығайту, азаматтардың шетелдегі құқықтарын қорғау, ұлт мүдделерін ілгерілету, экономикаға сырттан инвестиция тарту бар. Сондай-ақ Президент еліміздің бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанатынын да еске салды.

Отандық дипломатияның басымдықтары

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Сыртқы саясаттағы қадамдар

Биылғы Жолдауда елді алаңдатқан қоғамдық, әлеу­меттік мәселелермен қатар елдігімізге, тұтастығымызға сырттан төнер сын-қатерлер де аз айтылмады. Әлемдік ахуал, геосаяси шиеленістер жөнінде айта келе Мемлекет басшысы мұның бәрін тиімді дипломатиялық саясатпен ғана иіріп әкете алатынымызды

атап өтті. Президент ең бастысы қазіргі таңда жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұрғанына қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жол­мен дамып келе жатқанын жеткіз­ді. Сондай-ақ дамудың жаңа бағдарын белгілеп, экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беріп, инфляцияны баяу­латып, еліміздің халықаралық резервін 100 млрд доллардан асыра алғанымыз да Жолдау жолдарынан орын алды. 

«Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара», дей келе Қ.Тоқаев экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керектігін еске салды. Тіпті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу үшін қажет болса халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға да баса назар аудару керектігін атады. Яғни Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен әріп­тестікті нығайтатын ауқымды жоба­лар­дың тізімін жасауды тапсырды. Бұл талап Сыртқы істер министрлігі мен инвестиция салатын елдегі елшіліктерге де аз салмақ түсірмесі анық. Өйткені елшіліктердің алдына қойылған басты міндеттерінің бірі – еліміздің экономикасына инвестиция тарту.

Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту маңызды міндет екенін атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы «Орта Азия – Орталық» магистралды газ құбыры­ның елімізге тиесілі 800 шақырымнан аса бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталғанын айтты. Бұл, әрине, газ тасымалдау бағдарла­рын әрта­рап­­­тандыруға бағытталған ауқымды жұ­мыс­тың аясында мүмкін болды. Біз әлемдегі мұнай экспорттайтын жетекші елдердің алды болмасақ та, сол ортада жүргендіктен мұнда да дипломатиялық, интеграциялық, тіпті халықаралық стратегиялық мақсаттар үлген рөлге ие.

Келесі өзекті мәселе ретінде Прези­дент көлік-логистика секторын­ дамытуды стратегиялық мәні ай­рықша басымдыққа балады. «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.

Елдегі цифрландыру мәселесін шолып шығып, «2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз», деді Қ.Тоқаев. Жалпы, бұл халықаралық байланыс желісін тартудың түпкі мақсатында отандық телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барын­ша жетілдіруге, кибер-қауіпсіз­діктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың білік­тілі­гін арт­ты­руға қатысты жұмыстарды жетілдіре түсу мәселесі тұр.

 

Инвестициялық талас өршіп келеді

Қазақстан қоғамдық даму инс­ти­туты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы Тасым Риззат мемлекет дамуында ішкі саясат пен сыртқы саясаттың қатар үйлесіп жүретінін алға тартты. Биылғы Жолдауда сыртқы ахуалға қатысты ішкі аудиторияға бағытталған тұстар аз бол­мағанын атады.

– Халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша поляризация ұзақ­мерзімді шешімдер қабылдауға кедергі келтіріп, әсіресе алдағы жылдардағы күр­делі және айқындалмаған саяси-экономикалық келешек жағ­да­йы­н­да одан да көп келіспеушілік ту­ды­ратын келеңсіз жағдайға әкеп соғуы ықтимал. Осы тұрғыда Қазақстан жауапты әріптес әрі аймақтағы сау­да торабы ретінде экономиканың құ­рамдас бөліктерін күшейтуді, про­тек­ционистік әрекеттерден бас тартуды ұсынып отыр. Қазіргі ахуал­да экономиканы әртараптандыру және әртүрлі сектордағы серіктестікті нығайту «бір сәттік саяси ұпайлардан» маңыздырақ. Бұл ұзақмерзімді, тұ­рақты қарым-қатынастардың негізі бола алатын инвес­­тиция, сауда және технология сала­сындағы тығыз қарым-қатынасқа ықпал ете алар еді, – дейді саясаттанушы.

Жалпы, Т.Риззат бүгінде жаһан­дық саяси аренада инвестиция тарту, халықаралық еңбек бөлінісі және энер­гетикалық ресурстарға қол­жетім­ділік бойынша қатаң күрес жүріп жатқанына да тоқталды.

– Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы мәліметіне сәйкес 2022 жылы тікелей шетелдік инвестиция­лар 12%-ға қысқарған, бұл капитал үшін күресте шиеленістің артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар энергияға деген сұраныс та артып келеді, Халықаралық энергия агенттігі 2040 жылға қарай жаһандық энергия тұтыну 25%-ға өседі деп болжап отыр. Бұл дегеніміз – ресурстарға қолжетімділік үшін бәсекелестік одан әрі артады деген сөз. Осы орайда Жолдауда Мемлекет басшысының дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрғанын ескертуі – бұл әр сала бойынша жауапты тұлғаларға батыл шешімдер қабылдап, уақыт бізге қарсы кезеңде болашақ пайда көздерінен айырылып қалмас үшін жасалған ең ауқымды саяси мәлімдеме, – дейді сарапшы.

 

Тоғызыншы бағыттың түйіні

Жолдаудың «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген тоғызыншы бағытында Мемлекет басшысы үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра беретінімізге кеңірек тоқталды. «Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағ­дай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті», деді Президент.

Бұл бағытта шетелдіктердің елге заңсыз көшіп келуі, түрлі экстремистің, оның ішінде әсіре­діншілдердің де елге іріткі ­салатын әрекеттеріне қатысты қатаң ұстаным, алыс-жақын көрші ел­дермен байланысы бар есірткі саудасына, нашақорлыққа қарсы күрес, кейбір теріс пиғылды адамдардың, оның ішінде шетелде жүргендердің де мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал етуді көздеп, елімізге орынсыз шүйлігетіні де айтылды. Сол себепті Ішкі істер министрлігіне бұл керітартпа әрекеттерге тосқауыл болар жүйелі жұмыс тапсыры­лып, дипломаттарға да аз жұмыс артылмады.

Президент айтпақшы, Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді. Осыған орай Жолдауда еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азамат­тарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту дипломаттарымыздың басты міндеті екені баса айтылды. Бұл тұрғыда Президент: «Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көпжақты ынтымақтас­тық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықара­лық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселеле­рін шешуге белсенді атсалысады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын құптаймыз. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз», деп Жолдауды түйіндеген тоғызыншы бағыт­та біз әлемнің бір бөлшегі болсақ та, бейбітшілік, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесінде бөлек бағыт таңдай алмайтынымызды меңзеді.

 

«Екінші дәрежелі ел емеспіз»

Осы ретте Астана сарапшылар клубы­ның атқарушы хатшысы, саясатта­ну­шы Асқар Жапаров қоғамның басым бө­лігі нақты ұстанымымызды дұ­рыс түсінбей келе жатқанын алға тартты.

– Біз қазір екі алып мемлекеттің орта­­сында қалған екінші дәрежелі ел емеспіз. Қазақстанның өзінің терең тарихы бар және көршілес елдерде болып жатқан үдерістерге де ара-тұра ықпал ететіні бар. Әлем бізді дала өркениетінің мұрагері ретінде біледі. Бізде далалық дипломатияның орасан зор тәжіри­бесі бар. Сауда байланыстарын жан-жақтан жетілдіріп, дүниежүзілік та­уар өндірушілермен қатынасты реттеп, оларға өз мәдениетімізді таныстырып, білім мен ғылыми жетістіктердің ­интеграциясын қамтамасыз еттік. Біз үшін қашанда әлеммен сауда жасау және мәдени байланыстарды сақтау тиімді. Қазақстанның саясаты бейбіт­шіл және бүкіл адамзатпен берік байланыс орнатуға бағытталған, – дейді А.Жапаров.

Расында, әлем қазір әлемнің әр тарабында тұтанып, төңірегіне тарап жатқан жоғары деңгейдегі қақтығыстардың куәсі болып отыр. Әсіресе Таяу Шығыстағы ахуал­ қатты ушығып, қызыл деңгейге жетіп тұр. Жуырда 23 қыркүйек күні БҰҰ штаб-пәтерінде өткен Болашақ саммитінде сөйлеген сөзінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш біздің әлем дәстүрлі қалпынан ауытқып бара жат­қа­нын, дұрыс жолға түсу үшін қатаң ше­шімдер қажет екенін айтты. Қазір бұ­лар­ды шешуде, өкінішке қарай, Халық­ара­лық дипломатияның институттары мен әдістері тиімсіз әрі дәрменсіз болып тұр.

Осы ретте Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанның БҰҰ Жар­ғысына сәйкес келетін көпжақты ынты­мақтастыққа бейілділігін сенімді түрде көрсетіп отырғанын атап өтуі заңдылық.