Сұхбат • 02 Қазан, 2024

Бақтықожа Ізмұхамбетов: Қарты бар елдің қазынасы ортаймайды

164 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең». Қоғамның ақылманы саналатын ақсақалдардың мемлекеттік мұрат-мүдденің сын сәтінде арқалайтын аманаты қашанда ауыр. Қазыналы қарттардың қам­шылауы, демеуі, пана болуы кейінгі толқынға қа­жет. Елдегі бірегей ұжым саналатын «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан­ның Еңбек Ері Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовпен әңгімеміздің желісі де қазыналы қарттар арқа сүйейтін ұйымның тыныс-тіршілігі төңірегінде өрбіді.

Бақтықожа Ізмұхамбетов: Қарты бар елдің қазынасы ортаймайды

– «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бүгінгі ахуалы қалай?

– Алдымен қазыналы қа­рияларымызды кешегі өт­кен 1 қазан – халықаралық қарт­­тар күнімен тағы да құт­тықтаймын. Біздің ұйым бұл шараны бір айлық «Қарт­тарымызды қамқорлай жүрейік» атты үлкен акцияға айналдыруды көздеп отыр. Акция барысында жалғызбасты не­месе көмекке мұқтаж қария­ларға өңірлердегі ардагер­лер кеңестерінің ұйым­дас­­тыруымен түрлі қайырым­дылық жәрдем көрсетіледі. Мемлекет тарапынан да қарт­тардың тұр­мы­сына, тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік жағ­дайына жан-жақты қолдау мен қамқор­лық жасалады.

Бүгінгі ардагерлер сапын­дағы азаматтар күні кешеге дейін ел басқару ісінде, әртүрлі салада жемісті еңбек етті. «Ар­дагерлер ұйымы» – қатары 2 миллионнан астам аза­мат­тар­­дан құралған еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік. Бар­лық аймақта ұйым­ның филиалдары бар. Ардагерлеріміз елдің тұтастығы мен ынтыма­ғы­ның ыдырамауына, береке-бірлігінің артуына атсалысып келеді.

2020 жылы «Ардагерлер туралы» арнайы заң қабылданды. Одан бері де төрт жыл өте шық­­ты, ардагерлерге қатыс­ты туын­даған бірқатар мәселе­лер­ді қамтитын өзгерістерді осы заңға енгізуге күш саламыз.

– Әрдайым ілкімді іс­тің басынан табылатын қа­­зыналы қарттардың қоғам­дық, елдік мұрат-мүддеге қосар үлесі қан­дай? Әсіресе отбасы құн­дылығына қанша­лықты қорған болып отыр?

– Отба­сы – шағын мемлекет, үл­гі-өнегенің, тәлім-тәрбие­нің, мейірімділік пен адамгер­шіліктің, қара­пайым­дылық пен сыйластықтың қасиетті ордасы. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жастар арасын­да ажырасу көбейіп кетті. Әрине, ардагерлерді бұл жағдай қатты ойландырады. Соған байланысты 2019 жылдан бастап Орталық кеңесте «Дәнекер» жобасын қолға алдық. Мақ­сат – ел ішіндегі әртүрлі келең­сіз жағдайларды шешуге ұйытқы болып, түрлі ки­кілжің, келіспеушіліктерді мүм­­кіндігінше сотқа жеткізбей реттеп, бейбіт бітімгерлікке шақыру.

Ардагерлерден құралған қоғамдық медиаторлардың кө­мегімен соңғы 4 жыл­да тараптар арасындағы 6 896 түрлі дау­­дың 4 563-і істі сотқа жеткізбей келі­сім­ге келу ар­қылы шешілді. Зейнетке шық­­қан заңгерлер, басқа да ор­ганда істе­ген, басшылық лауа­зымды атқарған қайрат­кер­лердің бас болуымен құрылған топтың өнімді жұмысының нәтижесі бұл. «Дәнекер» жобасы 2021 жылы Үкіметтік емес ұйымдар арасында «Қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту» номинациясында жеңімпаз болып танылып, арнайы сыйақы берілді.

– Маусым айында сізді Президент қабылдағанын білеміз. Сол туралы тоқтала кетсеңіз.

– Мемлекет басшысының тығыз жұмыс кестесіне қара­мастан, қабылдауда Қасым-Жомарт Кемелұлымен белгі­ленген межелі уақыттан артық әңгімелестік. Президентке ардагерлер ұйымының елдегі тұрақтылықты сақтау жолында жасап жатқан жұмыстары туралы мәлімет бердім, арда­герлердің көкейінде жүрген мәселелерді жеткіздім. «Арда­герлер ұйымының» «Дәнекер», «Іскер­лік және жанашырлық» жобалары аясында атқарылған жұмыстар туралы айттым. Соны­мен қатар бірқатар ұсы­­нысымды баяндадым. Мем­лекет басшысы өз кезегінде Әділетті Қазақстан құру жолында аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да маңызды екенін атап өтті.

– Жас толқын тәрбиесінде аға буынның жауапкершілігі де зор, арқалар аманаты да ауыр. Осы тұрғыда не айтасыз?

– Көктемде Атырауда өт­кен Ұлттық құрылтайдың үшін­ші жиынында Пре­зи­дент қоғамда жаңа кесел­дер­дің пайда болғанын алға тарта келіп, халықтың береке-бірлігін сақтауда зиялы қауым айрықша рөл атқаратынын, ел ағаларының арасында ауыз­біршілік болуы керек екенін айтты.

Мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуді тапсырды. Мамандардың айтуын­ша, нашақорлық балалар арасында да кең таралып барады. Лудомания (ойынқұмарлық) кесірінен талай шаңырақ шай­қалды. Талай азамат заң бұ­зып, қыл­мысқа ұрынды. Құмар ойынның кесірінен қарызға батып, өзіне қол жұмсағандар тура­лы хабарларды да естіп жатамыз. Сон­­дай-ақ соңғы кездері жаңалықтардан алаяқ­тарға алданып қалдым дегендерді де жиі ұшыратамыз. Алаяқтық күн­нен-күнге қаулап тамыр жайып барады. Әсіресе қарт кісілер алаяқтардың алдауы­на тез түсіп қалып жатады. Ар­дагерлер аймақтардағы кездесулерде баршаны қоғам­дағы осындай кеселдерден аулақ болуға шақырады.

Тағы бір өте қауіпті кесел – діни фанатизм. Дін тақырыбы өте нәзік. Шырпы тисе қаулап жанатын шөп сияқты өте сақтықты керек етеді. Соңғы кездері сақалы беліне түскен жастар, бетін бүркеп, қара жамылған қыздарымыз қоғам­дық орталарда жиі кезде­­седі. Бұлар – теріс діни ұста­нымдағы, адас­қан жастар. Бір елде тұрып, Отаны бір мұсылман баласының бір-бірін сыйламауы, тыңдамауы жақсылыққа апармайды. Бұл еліміздің егемендігіне үлкен қауіп төндіреді. Менің атам діндар болған кісі, мешіт ұстап, тақуалықпен ғұмыр кешті. Кеңес одағы кезінде дін ұстанғанына бола қуғын көрген адам. Ата-баба­мыз тұтынған, дәстүрлі ислам дініне тағар еш мін де, сын да жоқ. Тек адасушы жастарға тоқтам қойылуы керек. Дүм­шелік, өзімбілермендік түбінде оңдырмайды. Бәрі­мізді ұрпақ тәрбиесі ойландырады, ұрпақ тәрбиесіне қоғам мүшелері түгел атсалысуы керек.

– Өзіңіз айтқандай, «Ар­да­герлер ұйы­мының» әр мү­шесі осы күнге дейін мем­­ле­кеттің іргесі бекіп, ны­ғаюы­на өзіндік үлесін қосқан жан­дар. Әлі де аттан түспей кейін­гі толқынға бағдар бе­ріп келеді. Осы турасында кеңірек айтып өтсеңіз.

– Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын ха­лыққа түсіндіру жұмысына да «Ардагерлер ұйымының» мүшелері де лайықты үлес қо­сады. Биылғы «Әділетті Қа­зақстан: заң мен тәртіп, эко­номикалық өсім, қоғам­дық оп­тимизм» атты Жолдауы­на орай қыркүйек айында Түр­кістан қаласында «Ар­да­гер­лер ұйымы» Орталық кеңе­сінің көшпелі отыры­сы өтті. Келелі жиында Пре­зи­дент­­тің Жолдауында айтыл­ған мәсе­ле­лердің шешімі талқыланып, бағыт-бағдар айқындалды. Әсіресе қоғамның тал­қы­сындағы АЭС салу мәсе­лесі, жасыл эконо­миканың мемлекетті нығайтуға қосар үлесі жан-жақты зерделенді.

Біздің замандастарымыз Тәуел­сіздіктің қиын кезең­дерін­де еңбек етіп, қазіргі Қазақ­станның іргетасын қалаған азаматтар. Жоғарыда айтып өттім, ардагерлеріміз қо­ғам­дық жұмыстарға әлі де араласып келеді. Былтыр қазан айында «Қоғамдық бақы­лау туралы» заң қабылданды. Заң мем­лекеттік органдар мен квазимемлекеттік сек­тор­­лардың қоғам алдындағы ашық­тығын қам­тамасыз етуге арналған. Ардагерлер жер­гілікті жерлерде осы заңның жүзеге асуы­на атсалысып жүр.

Көктемде еліміздің біраз өңірлерін қарғын суы алды. Тұрғындар үй-жайларынан, мал-мүлкінен айырылды. Пре­зидент Қ.Тоқаев халыққа үндеу жариялап, су тасқынының сал­дары жойылатынын, келген шығын түгел өтелетінін, барлық тиісті көмек көрсе­тілетінін айтты. Осындай қиын кезде әріп­тестеріміз өңір­лердегі жұмыстарға ұйытқы болып, халықтың арасынан табыла білді.

Өткен жылы «Ардагерлер ұйымы» қоғам­ға пайдалы «Іс­керлік және жанашырлық» атаумен тағы бір қанатқақты жобаны қолға алды. Жоба­ға ардагерлер кеңесі басшы­лық жасайды. Олар ауыл-ай­мақ­тарда әлеуметтік қол­дау­­ға зәру, мұқтаж азамат­тар­ға, отбасы­ларға көмек көр­се­туге кәсіпкерлерді, меке­ме, кәсіпорындарды жұ­мыл­дырады. Жоба қазір Аты­рау, Солтүстік Қазақстан, Қызыл­орда облыстарында іске асырылып жатыр. Осы шараны Ұлытау облысы да қолдап, ай­мақта жүзеге асыруға ұсыныс білдірді. Біз мұндай белсенді­лік танытқан әріптестерімізді қуана қолдаймыз, қажетті кө­ме­гімізді беруге әрқашан да­йынбыз. Болашақта қоғамға пайдалы «Дәнекер» сияқты «Іскерлік және жанашырлық» жобасының да ауқымы кеңейіп жақсы нәтиже көрсететініне сенімдіміз. Жобалардың жұ­мысын әрі қарай да тікелей өзім бақылауда ұстаймын.

– Келесі жылы фашизмге қарсы соғыстағы Жеңіс­тің 80 жыл­дығы. Атаулы шараға әзірлік қалай жүргізіліп жатыр?

– Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері Президент­терінің басқосуында 2025 жыл «Жеңістің 80 жылдығы» деп жарияланды. Мемле­кет басшысы Ұлттық құрыл­тайда осыған әзірлікті тыңғылықты жүргізуді тапсырды. Ардагер­лер бұл жұмысты бас­тап та кет­ті. «Ұлы жылдарға тағ­зым» атты ха­лық­аралық ғылыми  кон­фе­ренция ТМД елдері арда­герлерінің Үйлестіру кеңесінің жоспарына сай қолға алынды. Осы келісімдердің негі­зінде ұйымдастырылған халық­ара­лық деңгейдегі үлкен іс-шара­ны біз жуырда ғана, 28-29 қыркүйекте Алматы қаласында өткіздік. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға ТМД елдері ардагерлерінің Үйлестіру кеңесінің төрағасы В.Волков бастаған жауапты тұл­ғалар қатысты. Бұдан өзге, Армения мен Беларус ел­­дерінен әріптестеріміз келді.

Бұл Жеңіс бұрынғы кеңес одағындағы барлық елге ор­­тақ. Сондықтан 80 жыл­дық халықаралық дең­гейде атап өтіледі.  Жеңіс күнінің мән-мазмұны ешқашан ес­кірмейді. Себебі, оның құн­дылығы ғасырлар бойына жаңа, жас ұрпаққа үлгі бо­лар­лық қадір-қасиетке ие. Аты­раудағы Ұлттық құрыл­тай оты­рысында Қасым-Жо­март Кемелұлы менің жетек­ші­лігіммен жарық көрген «Қа­зақ­станның қаһарман май­дан­­герлері» жобасын ерекше атап өтті. Бұл – 30 жыл бойы табандылықпен атқарған еңбегіміздің бағаланғаны. Тарихи кітапты шығару оңай болған жоқ. Тынымсыз, ұзақ зерттеуді, қомақты қаржыны қажет еткен орасан еңбектің нәтижесінде елімізден шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 томдық аса құнды тарихи құжат өмірге келді. Оның 6 томында майдан шебінде болған әйелдердің ерлігі қамтылды.

Біздің ардагерлердің басты міндетінің бірі – соғыс кезіндегі аға буынның ерлігі мен ерен еңбегін ұрпаққа жеткізу. Олар­дың ерлігін ұмытпауға, құрмет тұтуға тәрбиелеу. Сондықтан да келешекте атқа­рылатын жұ­мыс әлі де көп. Соны жүзеге асыруға барша­мызға ғибратты ғұмыр берсін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»