Құқық • 03 Қазан, 2024

Онлайн соттың да оңтайлы тұсы бар

134 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі. Цифрландыру – сәнге айналған үдеріске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деген еді. Қоғамның барлық саласына дендеп енген бұл заманауи үдерістен қазіргі таңда сот жүйесі де тысқары емес.

Онлайн соттың да оңтайлы тұсы бар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әрбір мемлекет өз экономи­ка­сының төске өрлеуін, инфра­құры­лымының кешенді түрде жақсаруын, медицинаның сапалы дамығанын, басқа да саладағы қызмет түрлерінің заман талабына сай дамуын қажет етеді. Бұл үшін ғылым мен техниканы же­тілдіріп, сондай-ақ цифрландыру секілді жаңа технология же­тістіктері жаппай енгізілуі керек.

Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотының судьясы Әсел Тасболатованың айтуынша, қо­ғамдағы барлық саланың ажырамас бөлігіне айналған цифрландыру үдерістері сот жүйесінде де белсенді енгізіліп жатыр. Заманауи цифрлық технологиялар бүгінгі таңда сот жүйесін ашық, айқын және ыңғайлы етумен қатар, істерді дереу әрі қысқа мерзімде қарауға мүмкіндік тудырған.

Оның айтуынша, сотта электронды форматта іс жүргізу – әлемнің дамыған мемлекеттерінде сәтті жүзеге асырылған тәжірибе. Мысалы, АҚШ-та электронды сот жазбаларына «PACER» жүйесі арқылы қол жеткізуге немесе сот құжаттарын «электрондық тізі­лім, іс басқармасы» арқылы элек­тронды түрде жолдауға бола­ды. Ал Германияда электрон­ды төрелік және «EGVP» әкімшілік пошталық жәшігін қолдану үшін ақысыз тиісті бағдарламаны ор­нату қажет. Ал Францияда қабыл­даушы адамның рұқсатымен процессуалдық, сотқа шақыру құжаттарын «е-Ваrrеаu» жүйесі­нің көмегімен жолдайды.

«Цифрлық технологияны дамыту мақсатында біздің елімізде 2014 жылы Жоғарғы Сот өзінің ресми интернет-ресурсында сот жүйесінің айқындығы, қолже­тімділігі, тиімділігі үшін сот органдарының қызметін және он­лайн-қызмет көрсетуге қол жет­кізу мақсатында «Сот кабинеті» элек­тронды жобасын іске қосты. Соның нәтижесінде тараптар үшін сотқа жолдаған құжаттарын бақылау әлдеқайда оңайырақ бола түсті. Сот кабинеті арқылы жолданған құжат­тың мекенжайға түскені туралы мәлімет тез арада көрсетіледі», дейді Ә.Тасболатова.

Оның айтуынша, бұдан кейін сот жүйесінде «Төрелік» авто­мат­тан­дырылған ақпараттық жүйе­сі арқылы сотқа келіп түскен бар­­лық істің тірке­луінен бас­тап аяқта­луына дейінгі есебі элек­тронды түр­де жүргізіледі. Соны­мен қатар елде­гі сот отырыстары залдары аудио-бейне­жазба жүйе­сімен толық жабдықталып болды.

«2018 жылдан бастап сот жүйе­сінде цифрландыру қарқын­ды енгізіліп, «Смарт сот» жобасының негізінде «True conf», (ТрюКонф) мобильді қосымшасы арқылы тараптардың сотқа қатысуын қамтамасыз етіп, бейнебайланыс арқылы істер қа­шық­тан қаралды. Бұрын сотқа қаты­сушылардың әр аймақта болуына байланысты тағайындалған сот отырысына бір тараптың келе алмауы салдарынан кейінге қалдырып, үдерістің созбалануына әкеп соғатын фактілер орын алса, бүгінгі таңда кез келген жерден онлайн тәртіпте сотқа еркін қатысуға мүмкіндік бар», дейді судья.

Сот жүйесіндегі тағы бір жаңа­лық – 2019 жылдан бас­тап судьяларға арналған «Сот тәжі­рибесі» сервисі іске қосылған. Мұнда азаматтық істер бойын­ша 2 миллионнан аса сот актісін қамтиды және іс туралы жан-жақты ақпарат ұсынады. Сервис текст-майнинг технологиясын, яғни мәтін бойынша талдау мен іздеуді қолдана отырып жү­зеге асырады. Аталған сервис­те апелляциялық және кассация­лық сатылардың сот актілерін де қарап, пайдалануға толық мүм­кіндік қарастырылған. Бұл функционал республика көлемінде сот актілерін еркін пайдаланып, судьялар арасында бірыңғай сот тәжірибесімен бөлісуге, яғни тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Әсел Владимирқызының айтуынша, қазіргі таңда талап қою арызы электронды түрде сотқа жолданып, іс мәні бойынша қаралып жатыр. Бұл ел тұрғындарына үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы сотқа арыз, дәлелдемелер жолдауға, сол арқылы алтын уақыты мен артық қаражат жұмсамауға мүмкіндік берген. Тараптарға электрондық пош­та немесе sms-хабарлама арқылы арыздың қабылданғаны туралы дереу арада есеп келеді.

Бүгінде сот істерінің онлайн тәртіпте, яғни бейнебайланыс арқылы жүзеге асып жатқаны, атап айтсақ, «WhatsApp» мессенд­жері, Skype, Zoom байланыс­тары арқы­лы да жүретіні белгі­лі. Жоғарыда айтқандай, бұл да түрлі аймақта тұратын адамдар­дың отырысқа онлайн режім­де қатысуға мүмкіндік береді. Әсіресе 2020 жылы карантин уақытында осы техникалық мүм­кіндіктер істі онлайн тәртіпте қа­рау­дың маңызды рөлін көрсетті.

Нәтижесінде, 2021 жылдан бастап электрондық форматта сот ісін жүргізу Азаматтық, Қылмыстық процестік және Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстерінде көрініс тапты, яғни істерді электронды форматта сотқа жолдау қалыптастырылды.

«Кейінгі уақытта азаматтар­дың сот жүйесіне сенімін арттыру мақсатында қоғамда резонанс тудырған даулы істерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық тікелей эфирде жүргізу тәжірибесі де қолға алынып жатыр. Мұны да цифрландыру жетістіктерінің бірі деп санауға болады. Әрине, бұл сотқа қатысушы тараптардың келі­сімімен іске асатыны анық. Ашық сот отырысының тікелей эфирде жүргізілуі ел тұрғындарының бақылауында болумен қатар, өзге елдердің де назарын аударғаны белгі­лі», дейді судья.

Халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру – ең басты міндет. Сот төрелігі барлық адамның заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асыры­лады. Яғни азаматтардың ешқай­сысына артықшылық беріл­мей­ді, электронды сот ісін жүргізуде қорғау және айыптау жақтарының құқықтарының теңдігі сот отырысында заң нормасына сәйкес ашық сақталады. Сот ісін жүргізудегі техникалық өрлеу, цифрландыру үдерісі алдағы уақытта да заман талабына сай ілгері дами бермек.